Сенбіде Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтауын жеткізіп, сыйлықтары мен гранттарын табыстады.
Ең алдымен Дәурен Абаев Мемлекет басшысының ізгі тілегін журналистер қауымына жеткізді. «Сіздердің жазған әрбір мақалаларыңызда, дайындаған сюжеттеріңізде елдің мұңы мен мұқтажы, ойы мен пікірі, талабы мен тілегі, қоғам дамуының тынысы айқын көрініс тауып отыр. Өйткені жұмыс барысында жұртпен етене араласып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асыруға зор еңбек сіңірдіңіздер. Сонымен қатар кәсіби біліктіліктеріңіз арқылы мемлекетіміздің көш басындағы өркениетті елдердің қатарына қосылуы үшін өлшеусіз үлес қосып келесіздер», делінген Президент құттықтауында.
Қасым-Жомарт Тоқаев пандемия кезінде денсаулық сақтау, құқық қорғау салаларының қызметкерлерімен бір қатарда тынымсыз жұмыс істеген журналистердің еңбегін ерекше атап өткен. Одан соң Дәурен Абаев Президент сыйлығы мен грантын табыстап, алғысын алған шығармашылық ұжымдарды құттықтады.
Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтары «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәліге, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуатовқа, «Жетісу» телеарнасының директоры Серік Сарыбайға, «Хабар» телеарнасының талдамалық бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторы Александр Трухачевке табысталды.
Ал Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы гранттары «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының тілшісі Альбина Әшімге, «Хабар» телеарнасы талдамалық бағдарламалар бөлімінің тілшісі Мақпал Мадияроваға, «Semei» телеарнасының редактор-тележүргізушісі Маржан Нұрышеваға, «Азаттық рухы» ақпарат агенттігінің шығарушы редакторы Жандос Смайловқа берілді.
Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Алғысымен «Ана тілі» газетінің, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің, «Казахстанская правда» республикалық газетінің, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының Маңғыстау облыстық филиалының шығармашылық ұжымдары марапатталды.
Сонымен қатар Президент Алғыс хатын «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті сайтының редакторы Асқар Бек, «ҚазАқпарат» ХАА мультимедиялық контент бөлімінің басшысы Дулат Нуркин, «Қазақ радиоларының» редактор-жүргізушісі Бағдагүл Рахметқызы, «Хабар» телеарнасының тілшісі Гүлжан Марқабаева, «Казахстанская правда» республикалық газетінің» шолушысы Елена Левкович, «Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай, «Еуразия бірінші» телеарнасының тілшісі Айдана Үсенбай алды.
– Бүгінгі марапаттарыңыз құтты болсын! Сіздер бұған әбден лайықсыздар. Еліміздің барлық журналисін кәсіби мерекемен құттықтаймын! Қадамдарыңыз құтты, қаламдарыңыз жүйрік болсын! Еліміздің дамуы үшін ақпарат саласында аянбай еңбек ете беріңіздер, – деді Дәурен Абаев.