Осы аптадағы ең басты оқиғаның бірі сейсенбі күні жұмысын аяқтаған Индонезияда өткен Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастығының (АТЭЫ) саммиті болды. Ақпарат құралдарының мәлімдеулеріне қарағанда, қабылдаушы ел айрықша қонақжайлық көрсеткен көрінеді.
Осы аптадағы ең басты оқиғаның бірі сейсенбі күні жұмысын аяқтаған Индонезияда өткен Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастығының (АТЭЫ) саммиті болды. Ақпарат құралдарының мәлімдеулеріне қарағанда, қабылдаушы ел айрықша қонақжайлық көрсеткен көрінеді.
Жалпы, жыл сайын сол ынтымақтастыққа кіретін 21 елдің бірінде өтетін бұл саммиттің жартылай бейресмилік те сипаты бар. Әдетте галстуксіз деп аталатын кездесулерде жиынға қатысушылардың еркіндеу жүретіні сияқты бұл басқосуда қабылдаушы ел қонақтардың көңілін табуға, еркін жүріп, көңілді демалуына айрықша назар аударады. Бұл – дәстүр. Бір елдер қонақтарына өздерінің ұлттық киімдерін де кигізіп, біздегі шапан жапқандай, құрмет көрсетеді.
Содан да болар, осы саммит жұмысын көрсетуге барған ақпарат құралдары басқосудағы талқыланған мәселелер туралы әңгімелерді кейінге қалдырып, алдымен қонақтарға көрсетілген қызмет жайына көбірек тоқталған және Индонезия жағының жалпы саммиттің ойдағыдай өтуіне айрықша назар аударғанын атап өткен.
Осы жерде журналистердің бұл саммиттің өтуін соңғы кездегі біраз басты халықаралық басқосулармен салыстыруының да өзіндік мәні бар-ау дейсің. Санкт-Петербургте өткен дамыған 20 ел, Солтүстік Ирландияда өткен әлеуетті 8 ел саммиттеріндегі ұйымдастырушылық жұмыспен салыстырғанда, Индонезияның Балу аралындағы АТЭЫ саммиті көш биік тұрғаны атап айтылады. Ресей мен Ұлыбританияда өткен саммит кезінде біраз ескерілмеген жайлар орын алса, журналистер индонезиялықтардың қызметіне дән риза. Саммитке келгендер Индонезияның ұлттық өнеріне, дәстүрлеріне тәнті болыпты.
Осы бір қонақжайлық басында Индонезия президенті Сусило Бамбанг Юдайононың өзі жүргенін ақпарат құралдары атап көрсеткен. Ол өз әріптестерінің көңілінен шығу үшін гитараның сүйемелдеуімен ән де орындапты. Бір әнін РФ президенті Владимир Путиннің туған күніне арнапты (ол 7 қазанда 61 жасқа толған). Әрине, бұл Путинге ғана емес, жұрттың бәріне ұнаған.
Бұл саммиттен жұрттың бір күткені бар еді, бірақ ол болмай қалды. Оған АҚШ президенті Барак Обама келуге тиіс еді, бірақ ол еліндегі жағдайға байланысты келе алмады. Келгенде, Путин екеуі арасында қандай жағдай болатынына жұрт назары ауатыны анық еді. Санкт-Петербургтегі саммитте Обама Путинмен ресми кездесуден бас тартқан. Әрине, жұрт екі держава басшылары арасындағы тоңның қаншалықты жібігенін білгісі келеді. Бұл жолы оның сәті түспеді.
АТЭЫ – аса маңызды құрылым. Оның аумағында әлем халқының 40 пайызы тұрады, сондай-ақ онда әлемдік жалпы ішкі өнімнің 56 пайызы өндіріледі. Саммитте экономикалық өсімнің жайы, оның жолдары, ынтымақтастық, елдердің кірігуі сөз болады, біршама мәселелерде түсіністікке қол жетеді. Бұл оған кіретін қай ел үшін де айрықша маңызды.
Біз де Азиядағы елміз. Сол АТЭЫ-ға кірсек, екі жаққа да пайдалы болар еді-ау дейсің. Азияның алыптарына жолымыз ашылса, оларға да біз Еуропаға жеткізетін көпір болар едік қой. Басқалардың ынтымақтастығын көргенде, соларға қосылғың келеді.
Жосықсыз әрекет жалғаса бере ме?
Қырғыз ағайындар жақтан көңілге қонуы қиын оқиғалар туралы хабар естілуі үйреншікті жағдайға айналғандай. Тағы бір сондай хабар естілді – дүйсенбі күні наразылық акциясына қатысушылар өз талаптарын орындату үшін Ыстықкөл облысының губернаторы Емілбек Қаптағаевты кепілдікке алыпты.
Талаптары – Құмтөр алтын-кен орнын мемлекет меншігіне алу және осы мәселеге қатысты бұрын қамауға алынғандарды босату. Бұл талап орындалмаса, облыс басшысы босатылмайды екен. Бұл жөнінде сол облыс әкімшілігі үйіне жиналған екі жарым мыңдай наразылық танытушылар атынан оның жетекшілері мәлімдеме жасаған.
Әрине, бұл хабардың жедел жалғасы болатыны анық еді. Үкімет өз өкілін қарсылыққа шыққандардың қолына беріп қоя салмас, әрекет жасар десті жұрт. Расында солай болыпты, құқық қорғау орындарының қызметкерлері облыс басшысын босатып алыпты. Оның «қолға түсуі» де қызық. Облыс орталығы – Қарақол қаласында наразылық акциялары басталғанда, Қаптағаев олардың талабын есту үшін сонда барады. Қорғаусыз келген бастықты қарсылыққа шыққандар оп-оңай «тұтқындайды» да, олардың басшылары өз талаптарын алға тартады.
Кейде осының барлығы балалардың ойынына ұқсап кетеді. Үлкен, тіпті мемлекеттік мәселелерді жосықсыз әрекеттермен шешкісі келеді. Сол әрекеттердің заңға қайшылығы өз алдына, сол талаптарды орындау да мүмкін емес қой. Дәл осы жолғы талаптарға келер болсақ, Құмтөр алтын кені орнын, ондағы өндірісті мемлекет меншігіне алу бір сәттің ісі ме, ол үшін келіссөздер жүргізіліп, келісімдер жасалып, мемлекеттік деңгейде шешім қабылдануға тиіс. Қысқарта айтқанда, «жарайды» деумен біте қоймайтын шаруа.
Тіпті, сол талаптарға көніп, оны жүзеге асырғанда, бұл елге, мемлекетке пайда әкеле ме? Парасат биігінен қарағанда, қып-қызыл зиян. Ең алдымен елдің, мемлекеттің беделі аяққа тапталады. Өзі жасасқан келісімді бұзып, қиянатқа барған елде не абырой, не бедел қалады?! Ондай елмен бұдан кейін кім сыйласып, жұмыс істейді? Бұл – мәселенің саяси әдеп, моральдық жағы. Ал экономикалық жағынан тиімді болатыны да күмәнді. Канадалық компания оны игеруге көп күш жұмсады. Технологиясын пайдаланды. Маман кадрлар әкелді. Соны тастап кете салмасы белгілі. Халықаралық сот арқылы төлем талап ететіні өз алдына, канадалықтар техникасын алып кеткен жағдайда, оны қырғыз ағайындардың бірден игеріп алып кетіп, одан пайда көруі екіталай. Сонда ел бюджетінің сүбелі үлесін беріп отырған өндіріс орнының қожырауы ел экономикасын күйзелте түседі.
Бұл жай болжам, ал ел басшылығы оған жол бере қоймас. Бірақ бүгінгі күні орын алып отырған жосықсыз әрекеттердің алдын алуға болмас па еді деген ой да көңілге оралады. Және ондай әрекеттер бірінен соң бірі жалғасып жатады. Бір нәрсе жақпаса, күрежолға шыға салып, қозғалысты тоқтатып тастау бұл елде әдетке айналғандай. Арандатуға ерген жай қарапайым халықты былай қойғанда, белгілі қоғам қайраткерлері, партия көсемдері, депутаттары үкімет үйіне басып кіріп, оны «жаулап» алғысы келеді. Олай болуы мүмкін еместігіне олардың өресі жетпейтініне таңданасың.
Осының бәрі сонау президент Ақаевты төңкеріп тастаған революциядан бастау алатындай көрінеді. Жосықсыз әрекетпен президентті қууға болғанда, басқаның бәріне жол ашықтай. Билік тарапынан оларды ойландыратын шаралар да бұған дейін көп қолданыла қоймайтын. Тек осы жолы құқық қорғаушылар қаталдау әрекетке барғандай. Арнаулы қызмет адамдары қарсылық әрекетке шыққандарды күшпен таратып, біразын қамауға алған екен, олар қайта бас көтермепті. Оның қаншаға созыларын кім білсін.
Мамадияр ЖАҚЫП,
«Егемен Қазақстан».