• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Маусым, 2020

Той жасаймын деп жазалы болғандар

915 рет
көрсетілді

Өткен демалыс күндері Қызылжарда той өткізудің екі фактісі анықталып, тиісті адамдар жазаға тартылды, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Облыстың бас санитарлық дәрігері сенбі-жексенбі күндерін карантин деп жариялап, барлық көңіл көтеру орындары жабылатынын жариялағанына қарамай «Конгресс» пен «Эмират» мейрамханаларында той өткен. Мәшинелерін алысқа тоқтатып, қонақтарды мейрамхананың қызметтік есіктерінен кіргізгенімен қырағы көршілер үйленгендердің де қосалқы есіктен кіріп бара жатқанын түсіріп алып, желіге салып қойған...

Әрине, той өткізушілерді де түсінуге болады. Олар қуаныш күнін алдын ала белгілеп қойған, алыс-жақындағы қонақтарын шақырып қойған. Енді келіп қалған қонақтарға қайта кете беріңдер демейді ғой. Бірақ... заман талабын да түсіну керек. Президент Қ.Тоқаев біз пандемиямен күресте «соғыс жағдайындамыз» дегенде «соғыс» деген сөзді жай айтқан жоқ. Бетін аулақ қылсын, соғыс бола қалса да ешқандай той болмайды ғой. Мынау да содан кейін болмай тұр емес пе? Қонақтардың тым болмаса 1-2 науқас болса, басқаларға да жұқтырады. Ал науқас жұқтырғандардың бәрі бірдей тәуір болып кетіп жатқан жоқ... Сондықтан халқымыз өзін-өзі және жақындарын аман сақтау үшін той-томалақтан бас тарта тұруы керек. Тойды кейінге қалдыраудан бұзылғаны жаман. Жалғыз баласының өмір-бойы аңсаған тойын дәрігердің талабымен полиция күші таратып жатса, ол да жақсылық емес...

Әзірге, ондай өрескелдік жоқ, тек той өткізген және оны қабылдаған мейрамхана қожайынына соттың шешімімен 300 АЕК дейін айыппұл салынуы мүмкін. Той кейін де болады, ең бастысы амандық болуы керек.

Жалпы, Петропавлда төтенше жағдай басталғаннан бергі соңғы екі айдың ішінде осындай бес факті анықталған.

ПЕТРОПАВЛ