Кеше ұялы телефонымызға әлдебір спорт ғимаратына кереуеттерді қаптатып қойып жатқан бейнетаспа келіп түсті. Зер салсақ, Covid-19-ға қарсы стационарлық аурухана дайындап жатқан көрінеді. Дұрыс шешім екен дестік. Бастапқыда бұл Өскемен қаласындағы О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі екен десті.
Алайда сәлден соң Шығыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы аталған бейнетаспаның еліміздің спорт кешендерінің бірінде түсірілгенін, өңірдегі спорт кешендері мен құрылымдарында 27 маусымға дейін спортшыларға арналған жаттығу барысы жүргізілгенін, карантинге байланысты оның тоқтатылғанын, аталған жазбаның өңірге қатысы жоқтығын жеткізген хабарламаны таратты. Міне, бір теріс ақпараттың өзі адамның санасын сан саққа жүгіртіп, үрей тудырады. Ал әлемді әбігерге салған індет басталғалы дүрбелеңге толы дүние тіпті дүрлігіп кетті. Ақпарат селдей ағып, адамзаттың көңілін алай-түлей етті. Ділгір бәрін білгір қылды. Қазір осы індеттен емделу жолының алуан түрлі жолын нұсқаған бейнежазбалар әркімнің ұялы телефонынан табылады. Оның қайсысы рас, қайсысы жалған екенін біліп болмайды. Тіпті кәдеге асар ақпарат болғанның өзінде әр елдің климаты мен адам ағзасының ерекшелігі ұмыт қалды. Жалқы дүниені жалпыға таңуға болмайды ғой.
Кеше ғана атап өткен еліміздегі бұқаралық ақпарат қызметкерлерінің мерекесінде жиі айтылған жаңа термин – инфодемия. Бұл эпидемия кезінде ақпараттық кеңістікте орын алған әртүрлі алыпқашпаға, ұзынқұлаққа, сыбыс пен сыпсыңға, үрейді үдетуге үлес қосқан жалған сөзге жапсырылған жаңа атау. «Инфодемия» термині ең алғаш биылғы 2 ақпанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінде қолданылды. Коронавирус пандемиясы кезіндегі толқын-толқын ақпараттың тасқыны арнасына сыймай, лақылдап ақтарылғанда шынайылығынан көз жазып қалғанымызды жасырмаймыз. Әлбетте, қараңғының көзі жоқ. «Бұлдыр білген бүлдірер» деп бекер айтпаса керек. Қазір жаһанның ауызы дуалы, сөзі уәлі сарапшыларының өзі пандемиядан гөрі инфодемияның зардабы зор екенін айтып дабыл қағуда. Бүгінгі ақпараттың сан түрлі көзі бар уақыттың өзінде білгенге – тоғыз, білмегенге – тоқсан тоғыз боларлық ахуал қалыптасып отыр. Сірә, әлеуметтік желінің әсері. Өйткені әр адам ақпарат тарата алатын мүмкіндікке ие. Ал оның рас-өтірігі тасада қалған соң, тасырқаған тағасыз аттай жазық жерде сүрінетінімізді түсінуге де болар. Бұл көлеңкелі көріністе БАҚ та атсалыспай қалған жоқ. Байыбына бармай бармағын шайнап қалған әріптестеріміз де болды.
«Білмеген у ішер» дейді. Бүгінгі қалып – осы. Әйтпесе өркениетті елдердің өзінде өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам екенін білмей қалған жоқ па?! Айталық, Еуропа елдерінде 5G антеннасы құрылғысын қиратқандар туралы не деуге болады? Билл Гейтс бастаған әлемнің алпауыттары күллі адамзатты «чиптендіреді-мыс» деген жел сөз желдей ескені соншалық, оның әртүрлі нұсқалары пайда болды. Әлдекімдер Covid-19-ға қарсы тест тапсыру кезінде «чип» салатынын айтса, тағы бірі оны екпемен енгізетінін, ал басқалары вирустың штамын салатынын, енді бір топ оны ұшақпен шашатынын айтып таңғалдырғаны бар. Адамның қиялы мен күдігі осыншалықты ұшқыр болар ма...
Ақпараттық эпидемияның аясындағы аңыз-әпсаналар адамдардың арасында ксенофобия мен расизмді тудырады. Алармизмге бой алдырсақ, адамдығымыз қайда? Ақыл-ойды сандыққа салып қойғанымыз ба? Тіпті індетті індете таратып отырған ДДҰ-ның өзі деген кінә тағылды, бұл пайда табуға таптырмас құрал-мыс. Конспирологияға бой алдырғандар Covid-19 адамзаттың көбеюіне қарсы ойлап табылған амал яки биологиялық соғыстың жаңа қаруы десті. Мұндай ақпараттар адамдардың сана-сезіміне сызат, сеніміне селкеу түсіреді. Қоғамдағы қолайлы орнын қойыртпақ сөз арқылы жасағысы келетіндерге жол берілмеуі қажет. Бұл ретте ресми дерек көзі ретінде барлық атқарушы органдар мен ведомстволардың ақпаратқа ашық әрі жедел үн қатуы маңызды. Қалай болғанда да инфодемиядан зардап шекпеу үшін коммуникацияның барынша икемді, оралымды болғаны әуелі қоғамға пайдалы болар еді. Мәселен, соңғы айда тұмау өршіп тұр. Мұның коронавируспен қаншалықты байланысы барын, қауіптілігін саралап айтар өзіміздің «Комаровскийлеріміз» шықпай тұрғаны жанға батады. Осы індет жоқ деушілер де болды, осы күні ауырып тұрғандарды көріп қана күдігі сейілгендер карантин шараларының сақталмауына үлес қосқанын аңдамай қалды.
Қысқасы, қуатты қоғам сөзі шынайы елде құрылады. Жел сөз бен шын сөздің арасын ажырата білген абзал. Әсіресе қазіргідей қиын да күрделі кезеңде.