Дана халқымыз «Асыл туған адамның баға жетпес нарқы бар» деген нақылды бекер айтпаған. Өмір-өзенінің асау толқынымен алысып, қайсарлықпен өзінің бағытын айқындаған, адамгершілік соқпағынан табанын тайдырмаған, жиырма екі жыл үзбестен Тереңөзек (бүгінгі Сырдария ауданы) және Жалағаш аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарып, халқының нағыз қайраткер перзенті атанған Қонысбек Төрешұлы Қазантаевтың үстіміздегі жылы туғанына 90 жыл толып отыр.
Дана халқымыз «Асыл туған адамның баға жетпес нарқы бар» деген нақылды бекер айтпаған. Өмір-өзенінің асау толқынымен алысып, қайсарлықпен өзінің бағытын айқындаған, адамгершілік соқпағынан табанын тайдырмаған, жиырма екі жыл үзбестен Тереңөзек (бүгінгі Сырдария ауданы) және Жалағаш аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарып, халқының нағыз қайраткер перзенті атанған Қонысбек Төрешұлы Қазантаевтың үстіміздегі жылы туғанына 90 жыл толып отыр.
Ол жайлы айтарымызды қазақтың ақиық ақыны Сырбай Мәуленовтің:
Сыр елінде болыс көп,
Мықтысы оның Қонысбек, – деп жырлаған өлең жолдарынан бастау алғанды жөн көріп отырмыз. Себеп 1962 жылы ақын Шиелі ауданында ел адамдарымен кездескен кезде Қонысбек Төрешұлы аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болатын.
Енді азды-кем тарих беттерін парақтасақ. Өткен ғасырдың 60-жылдарының басында Қызылорда облысында күріш алқаптарын игеру ісі қолға алынды. Ирригациялық және мелиорациялық жұмыстарға қыруар қаржы бөлініп, жүздеген мың гектар жерлер инженерлік жүйеге келтірілді, шаруашылық орталықтары салынып, жаңа инфрақұрылымдар іске қосыла бастады. Облыс экономикасындағы осынау бетбұрысты кезеңде әлеуметтік-мәдени сала да қарқынды дамыды. 1963 жылдың қаңтарында облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына Мұстахим Біләлұлы Ықсанов сайланды. Ол кісі республикадағы білікті де беделді су шаруашылығы мамандарының бірі болатын, оның облысқа келуі жан-жақты ойластырылған іс болуы керек. Өйткені, облыста жүзеге асырыла бастаған түбегейлі шараларға басшылық жасау үшін шаруаның жайын жетік білетін маман, жігерлі де іскер басшы қажет еді. Мұстахим Біләлұлы біршама уақыт өткен соң аудан басшыларын ауыстыра бастады. Сөйтіп, 1963 жылдың күзінде Сырдария өндірістік басқармасы партия комитетінің хатшысы болып Қонысбек Қазантаев сайланды. Ол кезде бұл аудан экономикасы нашар дамыған, халықтың әл-ауқат дәрежесі төмен өңірлердің бірі болатын. Жаңа хатшының аудан активімен алғашқы өткізген кеңесінде-ақ оның кадрларға қоятын талабының биіктігі, кез келген мәселені терең талдай білетіні, ой-өрісі мен ойлау қабілетінің ауқымдылығы, кемшіліктерге төзгісі келмейтіндігі, тапсырмаларының нақтылығы көзге ұрып тұрды. Көп ұзамай-ақ ауданда тәртіп орныға бастады. Келесі, 1964 жылдың өзінде-ақ төл алу науқаны ойдағыдай өтіп, аудан мал басын өсіру, мал өнімдерін өндіруде әжептәуір табыстарға қол жеткізді. Егін шаруашылығында да ілгері басушылық байқалды.
Аудандағы 30-35 мың гектар егістіктің 13-14 мың гектарына күріш егілетін. Ол шілде айында шаруашылықтарды түгел аралап, әрбір күріш звеносындағы егістің шығымын, күтімін өз көзімен көріп шығатын және көрген кемшіліктерді жою жөнінде тапсырмалар беріп, олардың орындалуын қатаң бақылауында ұстайтын.
Ауданда 1965-1975 жылдары шаруашылықтың басқа салалары да дамыды, әсіресе, құрылыс жұмыстары барынша қарқынды жүрді. Шағын аудан болса да бес жылжымалы мехколонна мен басқа да құрылыс ұйымдарында 1000-ға тарта адам еңбек ететін. Аудандағы орта мектептер мен мәдениет сарайлары, т.б. ірілі-ұсақты мәдени-тұрмыстық, өндірістік нысандар сол жылдары салынды. Қай жерге барсаң да қайнап жатқан тіршіліктің үстінен түсетінсің. Осыған орай, Қонекең жылына бір рет облыстағы ірі құрылыс трестерінің, басқармалардың жетекшілерін аудандық партия комитетінің бюро мәжілісіне шақырып, өзіміздегі сол сала басшыларының есептерін тыңдайтын. Ауданға бағынбайтын, облыстық деңгейдегі беделді деген басшылардың өздері бюрода қысылып-қымтырылып отыратын және Қонекеңнің әрбір ұсынысы мен ескертуін тиянақты түрде жазып алып, мүлтіксіз орындауға тырысатын. Бірде Константин Маймин (салынып жатқан кәсіпорындар дирекциясының директоры), Виктор Александрович Гончаров (Риссовхозстрой тресінің басқарушысы) өздеріне қаратып айтылған байсалды сын-ескертпелерді мойындағаны есте қалыпты.
Қонысбек Төрешұлы 1975-1985 жылдары Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде болған кезде де аудан экономикасы мен мәдени-әлеуметтік жағдайы үнемі өсу, өркендеу дәрежесінде болды.
Мәселен, аудан бойынша 1975 жылы 17000 гектар жерге күріш егіліп, әр гектардан 48,3 центнерден өнім жиналса, 1985 жылы күріш егісі 17944 гектарға жеткізіліп, әр гектардан 52,2 центнерден өнім алынып, мемлекетке 845120 центнер күріш тапсырылды.
Қонекең еліне адал қызмет етіп артына өшпес із қалдырды. Қонекеңді басқалардан дараландыратын үш қасиетін айрықша атауға болады. Олар: іскерлік, тазалық және әділдік. Бір адамның, оның ішінде бір басшының басынан осы үшеуінің бірдей табылуы өте сирек. Оның іскерлігінің басты ерекшелігі – кадрларды іріктеу, таңдау, орналастыру және тәрбиелеу талабын өзіне тән ыждағаттылықпен іске асыруында еді.
Жұмысқа орналасуда, өсуде тамыр-таныстық, жақындық, жерлестік емес, ең бірінші оның жұмыс қабілеті ескерілетін. Кадрларға әділ талаптар қою арқылы оларды ширататын. Қонекеңнің жұмыс уақытын пайдалануы таңғаларлық еді. Ол кісінің кеңсе жұмысына келіп кету уақытының дәлдігі соншалық, «оған қарап сағат жүрісін дәлдеуге болады», деуші еді жұртшылық. Түрлі жиындар белгіленген уақытында басталатын, шаруашылықтарға айтқан уақытында келетін. Жасыратыны жоқ бастықты тәуір жерлермен жүргізіп, жақсы атты болып қалуға тырысатынбыз. Шаруашылық аралағанда оның көзінен ештеңені таса қалдыру мүмкін емес еді. Алайда, шаруашылық басшыларының көрмей жүрген немесе көрсеткісі келмеген жерлеріне дейін өзі бастап барып, талай кемшіліктерімізді ашып, ақыл-кеңесі мен тапсырмасын беретіні көп адамдардың есінде шығар.
Қонекеңнің іскерлігіне байланысты айтып тауысу мүмкін емес. Алайда, ол кісінің әрбір істі соның маманындай егжей-тегжейлі білетінін айтпасқа болмайды. Кез келген маманмен сол саланың кәсіби тілімен сөйлесетін. Сондықтан да істі жан-жақты біліп, саралап айтып тұрған Қонекеңнің сөзі үстем, айтқаны өтімді болатын.
Екі аудандағы сонша жылғы қызметі кезінде де, кейін де ол кісінің қолының тазалығына күмән келтіретін бірде-бір сөз айтылған емес. Ол кісінің балаларының елмен бірге нан, сүт кезегінде тұруының өзі біраз жайдан хабар берсе керек.
Қонысбек Төрешұлы шаруашылық басшыларынан еңбектің сапалық көрсеткіштеріне көңіл аударуды, талдау, сараптау жұмыстарын тұрақты жүргізуді талап ететін.
Иә, Қонекең туралы айта беруге де, жаза беруге де болады. Оның өмірі, жарқын істері ешуақытта ұмытылмайды. «Бедел» ұғымы «басшы» деген ұғыммен бірге жүретіні белгілі. Бедел ақыл-парасат, еңбек, әділдік, адамдарға жақсылық жасау арқылы ұзақ жылдар бойы жинақталып, азаматты ажарландырып тұрады.
Қонекеңнің елімізге сіңірген еңбегі зор. Ол көптеген марапаттарды иеленді. Қазақстан Компартиясы, СОКП съездерінің делегаты болды. Үш мәрте Ленин орденінің иегері атанды.
Қонысбек Қазантаев өз заманының нағыз қайраткері еді. Бұған ешкімде дау айта алмайды.
Оның тағы бір жақсы қасиеті – бойында жылт еткен таланты бар жас ұрпақты көрсе бірден назар аударып, үнемі өз қамқорлығына алатын. Кейбіреулердей туысқандыққа, рушылдыққа бой ұрмайтын, бәріне бірдей қарайтын. Осы тұрғыда еңбек еткен Қонекеңнің еңбегі зая кеткен жоқ, қайта қайраткер «Қазантаев мектебі» өмірге келді. Оның мектебінен шыққан азаматтардың алды облыс басқаруға дейін көтеріліп, мемлекет және қоғам қайраткері атанды. Соның ішінде Қонекеңнің ізбасары, мектебінің алғашқы түлектерінің бірі – Талдықорған және Қызылорда облыстарын ұзақ жылдар басқарған Сейілбек Шаухамановты айта кеткен жөн. Сондай-ақ Сырдария, Жаңақорған, Жалағаш аудандарын басқарған, биліктің жоғары сатысында болған тағы бір шәкірті Сәмит Далдабаев та елі үшін абыройлы қызмет атқарды.
«Қазантаев мектебінен» шыққан кадрлар облыс аумағынан асып республикалық дәрежеде қызмет атқарды. Десе де әйел жолдастарды да тәрбиелеп, ел басқаруға қатыстыру қайраткер ағамыздың еңбегі айтарлықтай. Солардың ішінде Алма Бозжанованы жерлестері ерекше мақтаныш тұтады.
Қонекең мектебінен шыққан бір топ кадрлардың аудан әкімі қызметтерін абыроймен атқарғандығын мақтанышпен айтуға болады. Олар – аудан әкімі болған Қожахмет Баймаханов, Жақай Бодықбаев, Нұрлыбек Жолдасбаев, Салхадин Мырзабеков және басқалар.
Ол туған елінің өркендеп өсуін, мәдениетінің көркеюін, өркениетті ел қатарына қосылуын шексіз сүйе білген қайраткер еді.
Енді мына бір оқиғаны еске түсірудің реті келіп тұр. 1955 жылы Қазақстан тарихында тұңғыш рет біздің республикамыз жоғары халықаралық деңгейде аса мәртебелі қонақтарды қабылдады. Есімі дүние жүзіне белгілі мемлекет қайраткерлерінің бірі, Үндістанның премьер-министрі Джавахарлал Неруді қазақ жері құшақ жая қарсы алған-ды.
Жер жүзінде саны жағынан да, тарихы жөнінен де, ұлы перзенттері санатынан да шоқтығы биік тұратын елдің аяулы азаматтарына құрмет айрықша болатыны өзінен-өзі түсінікті.Төселген гүл шоқтарында есеп болмады деседі. Көргенде ел ықыласына риза болған Неру: – Мейірім шуағы мол, пейілі кең халықтың перзенті болудан асқан бақыт жоқ, – деген екен Димаш Ахметұлы Қонаевқа.
1993 жылдың тамыз айы. Аудан халқы үлкен тойға дайындық үстінде. Бұл Бұқарбай батырдың туғанына 180 жыл толуына арналған той болатын. Тойға облыс аудандарымен қатар, Алматыдан да белгілі қонақтар шақырылған-ды. Солардың ішінде, халық ақыны Әбділда Тәжібаев пен академик Мұхамеджан Қаратаев және қазақтың белгілі өнер зерттеушісі Мардан Байділдаевтан жастары жағынан да, атақ-даңқы жағынан да үлкендері жоқ еді.
Аудан әкімі Сәмит Далдабаев:
– Шәке, үш ағаңа өзіңіз қамқорлық жасайтын болыңыз, – деп тапсырды.
Сонымен, сол жылдың 20-21 тамыз күндері ардақты ағаларымыз біздің үйдің құрметті қонағы болды. Бұл екі күн ішінде ағаларымызға сәлем беруге келген ауыл азаматтарынан үйіміз бір сәт босаған емес.
Осындай бір сәттерде Әбділда ағамыз:
– Ел деген осындай болады. Ата-бабадан қалған дәстүрдің пұшпағы ғой бұл, – деп Мұхамеджан Қаратаевқа қарады. Әңгімеге Мардан Байділдаев араласты.
– Бұл сәлем беруге келген жігіттердің барлығы да Қонекеңнің кадрлары ғой Әбеке, – деді ол.
– Одан да «Қазантаев мектебінің» түлектері десеңізші, – деп Әбекең әңгімесін одан әрі жалғастыра түсті.
– Мұқа, – деді ол, – осы ауданды Қонысбек деген ініміз он жыл басқарды, оған дейін мынау іргелес жатқан Тереңөзек ауданын он екі жыл басқарды. Қай ауданға барса да, жарыстың алдын бермеді. Қазақстанның барлық облыстарында болып, талай аудандық партия комитеттерінің хатшыларымен кездескенім бар. Бірақ, Қонысбектей публицист хатшыны көрген емеспін, – деді.
Үнсіз отырған Мұқаң: – Публицист дедің ғой, – деп ар жағын жетілдірмейсің бе, дегендей сыңай аңғартты.
Әбекең одан әрі:
– Иә, Мұқа, солай ол өзі жазудың жолына түспеген, барлық күш-жігерін ел басқаруға жұмсаған. Ал, оның сөйлеген сөздерінен публицистиканың исі аңқып тұратын. Қазір зейнеткерлік демалыста. Қызылорда қаласында тұрады. Жол түссе ініме соғып денсаулық-жағдайын білсем бе деген ойым бар, – деп Қонекеңнің науқастанып жүргеніне дейін айтып, ол жөнінде бірталай жылы лебізін білдірген еді.
«Жақсының аты өшпейді», деген қанатты сөздің астарында адал ойдың ақиқат шындығы бар. Өмірге жақсының аты ісімен, өнегесімен, адамгершілігімен өлшенетінін жақсы білетін жан бұған шүбәсіз сенеді. Өйткені, халықтан асқан көреген жоқ. Қашан да қандай іске болса да, халық өзінің әділ бағасын береді. Бүгінгі таңда бұл халықтық қасиет өмір шындығының асыл көрінісіне айналып отыр.
Қайрулла ӘБЕНОВ,
Сырдария ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы,
Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Қызылорда облысы.