Сәрсенбі күні Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов Үкіметтің дағдарысқа қарсы шаралары аясында “Самұрық-Қазына” жылжымайтын мүлік қоры” АҚ сатып алған пәтерлерді жалға беруге байланысты ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойды.
Келісім Астана қаласы тұрғындарына қор тұрғын үйлерінің қолжетімділігін жоғарылатуға бағытталған. Ол әкімдіктің Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына сәйкес Жылжымайтын мүлік қорына тұрғын үйді қажет ететін қала тұрғындарының тізімін беруді қарастырады. Өз кезегінде Жылжымайтын мүлік қоры тұрғын үйлерді өткізген кезде тізімге енген адамдарға басымдық берілуін қамтамасыз ететін болады. Осылайша, Жылжымайтын мүлік қорының пәтерлерін бөлу Тұрғын және тұрғын емес (коммерциялық) үй-жайларды өткізу ережесіне сәйкес белгіленген тәртіпте адамның төлем қабілеттілігі расталуымен жүзеге асырылады.
Келісімге қол қою барысында “Самұрық-Қазына” жылжымайтын мүлік қоры” АҚ басқарма төрағасы Ғосман Әмірин құрылысы Жылжымайтын мүлік қорының қаражаты есебінен жүргізіліп жатқан нысандардағы Тұрғын және коммерциялық (тұрғын емес) үй-жайларды өткізу ережесінің ресми тұсаукесерін жасады.
Жылжымайтын мүлік қоры бизнес, эконом және әлеумет-кластағы тұрғын үйлерді екі жолмен – жалдау және жалдай отырып сатып алу тәсілімен бөлетін болады. Ережеге сәйкес сату шартымен жеке тұлғаларға тек паркингтер ғана беріледі. Ал коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалдау, жалдай отырып сатып алу және тікелей сату шартымен өткізу туралы шешім қабылданған.
Ереженің бірден-бір қағидаты тек төлемге қабілетті, тұрғын үйі жоқ немесе тұрғын жағдайын жақсартуды қажет ететін адамдарға ғана беріледі. Тұрғын үй рыногына алыпсатарлықты болдырмау үшін әр өтінім беруші бір ғана пәтер ала алады, сондай-ақ, жалдай отырып сатып алу кезінде жалға алушы бастапқы 5 жыл ішінде пәтерді сатып ала алмайды. Сонымен қатар, 4 айлық жалдық ақысы мөлшерінде кепілдік институты енгізілген.
Тұрғын үйді бөлуде 2 тетікті қолдану қарастырылған. Ол тұрғын үй комиссиясына “Нұр-Отан” ХДП, Жылжымайтын мүлік қоры, әкімдік, “Самұрық-Қазына” ҰӘАҚ, “Атамекен” одағының өкілдерін қосу және “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ құрылымына арнап квота белгілеу арқылы жүзеге асырылады.
Ереженің толық мәтіні “Егемен Қазақстан” және “Казахстанская правда” газеттерінде жарияланып, сондай-ақ, Жылжымайтын мүлік қорының www.kazproperty.kz және Астана қаласы әкімдігінің www.astana.kz ресми сайттарына орналастырылатын болады.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.