Ауданда мобильді рекруттік бекеті тұрғындармен жұмыс жүргізе бастады. Бекет аудандық жұмыспен қамту орталығында ашылған. Орталықтың басшысы Нұрсұлу Тұрлыбаеваның айтуынша, негізгі мақсат-жұмыссыз тұрғындарды жұмыспен қамту, - деп жазады Egemen.kz
Ауыл тұрғындары арасында алғашқы түсіндіру жұмыстары Новоямышево ауылында өтті. Онда жұмыспен қамту орталығы, аудандық емхана және "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы фи-лиалының қызметкерлерінен құрылған топ арнайы жолға шықты.
"Біз жұмыспен қамту, "Еңбек" бағдарламасы және "Жұмыспен қамтудың жол картасы" жобасын түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, сонымен қатар тұрғындардың коронавирустан қорғануға байланысты карантин шараларын сақтау қажеттігі жөнінде айтамыз", дейді Нұрсұлу Жұматайқызы.
Сондай-ақ, топ ауыл тұрғындарын жастар тәжірибесінен, қысқа мерзімді курстардан өтіп, мемлекеттен грант алып, өз кәсібін ашуға несие ресімдей алатындығы туралы ақпараттандырады.
Бүгінде аудандық Жұмыспен қамту орталығы "Еңбек" бағдарламасы және "Жұмыспен қамтудың жол картасы" жобасы бойынша жұмыс бастады.
Мысалы, Новоямышево ауылындағы спорттық кешенді күрделі жөндеу жұмыстарында 10 адам еңбек етуде.
Ауданның тағы 16 жұмыссыз тұрғынына Кемеңгер және Мичурино ауылдарындағы "Жұмыспен қамтудың жол картасы" жобаларына жұмысқа орналасу үшін жолдама берілді.
"Жалпы, жыл басынан бастап орталығымызда 220 жұмыссыз тіркеліп, оның 146-сы жұмысқа орналастырылды. Жастар тәжірибесіне 15 адам жіберілді. Ауылдың 92 тұрғыны қоғамдық жұмыстарға тартылған", деді жұмыспен қамту орталығының басшысы.
Қазір мобильді рекруттік бекет қызметкерлері ауданның басқа да ауылдық аумақтарына барып, тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Павлодар облысы,
Павлодар ауданы