«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің 2787 шақырымы еліміздің 4,6 миллион халқы тұратын бес облысының аумағымен өтеді. Осындай үлкен жобаның 628 шақырымы Ақтөбе облысы аумағында салынуы тиіс болатын. Соның 2011 жылы Қарабұтақтан Қызылорда облысының шекарасына дейінгі 215 щақырымдық бөлігі пайдалануға берілген-ді. Енді міне, халықаралық көлік дәлізінің тағы бір бөлігі – «Ақтөбе – Мәртөк – Ресей шекарасы» автомобиль жолының қайта жарақтандырылуы аяқталып, пайдалануға берілді. Күрежолдың қайта жаңғырту жұмыстары 2008 жылы «Дорис» жобалау компаниясының жобалау-сметалық құжаттарын дайындауымен басталып, 2010 жылы бас мердігер ретінде Түркияның «Дженгиз Иншаат Санай Ве Тиджарет А.Ш.» компаниясының жол құрылысын жүргізуімен жалғасты. Жол салу барысында уақыт талабына сай жобаға да бірнеше өзгерістер енгізілді. Соның ішінде Мәртөк селосына Елек өзенінен өтетін көпірді айрықша атап өтуге болады. Қайта жаңартудан кейін жолдың ені бір метрге кеңейтіліп, 9 метр болды. Жүктің білікке түсетін салмағы 14 тоннаға дейін арттырылып, жол жамылғысы құрылымы күшейтілді. Жалпы ұзындығы 891 метр болатын 13 көпір жаңадан салынды. Елек өзені арқылы өтетін көпір мен теміржол өткеліне дейінгі жол бойы жарықтандырылды, жолдың 9,1 шақырымы төрт жолақты, ені 18,5 метр болды.

Міне, Ақтөбеден Ресей шекарасына дейінгі 101 шақырым жол бөлігін пайдалануға беру және Елек өзенінен өтетін көпірді ашудың тұспа-тұс келуі де сондықтан. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің облыс аумағындағы 101 шақырымын пайдалануға беру және жаңа көпірдің ашылуының салтанатты рәсіміне облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрмұхамбет Әбдібеков қатысып, сөз сөйледі.
– Бұл облыс үшін өте маңызды оқиға. Енді алыс-жақын елдермен, соның ішінде іргедегі Ресеймен қарым-қатынас бұрынғыдан да жақсара түседі. Жүк тасымалы арзандайды. Жолдың сапалылығы көліктің пайдалану мерзімін ұзартуға ықпал етеді. Сапалы жолдың пайдалануға берілуі облыстың дамуына серпін беріп қана қоймайды, тұтастай ел экономикасының ілгерілеуіне ықпал етеді. Жол бойында шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жағдай туады. Жалпы, халықтың тұрмыс-тіршілігіне оң өзгерістер әкеледі, – деді ол жолшыларға құттықтау сөзін арнай отырып.
«Қазавтожол» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Бағлан Баймағамбетов Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2008 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Біз барлық оңтүстік облыстарды көктей өтіп, Қызылорда мен Ақтөбе арқылы Ресейге шығатын өңірлердің экономикасын жандандыратын Қазақстандағы ең ірі көліктік жобаны қолға алуымыз керек», деген өміршең бастамасын тілге тиек ете келіп, қазір Елбасының бұл тапсырмасын орындаудағы ыждағаттылықты айқын аңғаруға болатынын атап өтті. Соның бір көрінісі мына жаңа көпірдің пайдалануға берілуі арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің біздің өңірден өтетін соңғы 101 шақырымында қатты жамылғы төсеу жұмыстарының аяқталып, Ресейге баратын күрежолдың қайта жаңартылған бөлігінің іске қосылуы екенін жеткізді. Бұл ақтөбелік жолшылардың «Нұр Отан» ХДП ХV съезіне лайықты тартуы болмақ, деп түйіндеді ойын ол.
Оның айтуынша, жолдың осы бөлігіндегі құрылыс жұмыстарында тапсырысшы мен бас мердігер, қосалқы мердігер компаниялар қоян-қолтық іс-қимыл жасаған. Құрылыстың маусымдық кезеңдерінде жол салуда 1500 адам жұмыс істеген. Жол құрылысына түгелдей қазақстандық материалдар пайдаланылған. Басқа өңірлерге қарағанда бір айырмашылығы, жер пайдаланушылардан жер телімдерін сатып алуға бөлінген 145 миллион теңгенің 88,5 миллион теңгесі үнемделіп, бюджетке қайтарылған. Бұл мәселені шешуде облыс, аудан әкімдері жер пайдаланушылармен түсінік жұмыстарын жүргізіп, ортақ тіл табысуға қол жеткізген. Бұл бағытта «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы да бірқатар мәселелерді шешуге мұрындық болған. Үстіміздегі жылдың аяғына таман Ақтөбе қаласының солтүстік айналма жолы іске қосылады деп күтілуде. Сонымен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық трансқұрлықтық көлік дәлізінің Ақтөбе облысына қарасты 358 шақырым автокөлік жолын қайта жаңарту жұмыстары аяқталады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.