Атырауда биыл мектепті 5 286 түлек бітірді. Олардың арасынан 11 жыл бойына үздік оқып, түрлі білім бәйгесінде жұлдызы жарқыраған 229 оқушы «Алтын белгіні» иеленеді. Ал 183 түлектің білімі «Үздік аттестатпен» бағаланды. Облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақкенже Исанбергенованың мәлім етуінше, түлектердің 4 211-і ҰБТ тапсыруға өтініш беріпті. Бұған қоса колледждерді бітірген 834 түлек те тест тапсыруға ниет білдірді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметіне сүйенсек, ҰБТ сынағы өзге өңірлер секілді Атырауда да 21 маусымда басталды. Сол күні Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің тестілеу орталығында сынаққа 222 түлек қатысты. Тест тапсырушылардың барлығы санитарлық-эпидемиялық нормаларға сәйкес, дезинфекциялаудың бес кезеңінен өтті.
Содан бері екі аптаға жуық мерзім өтсе де түлектер жинаған жоғары балл туралы бірде-бір дерек жария етілмеді. Алғашқы күні, тіпті одан кейін сынақта ҰБТ тапсырған түлектердің қаншасы жоғары балл жинағанын білгіміз келген еді. Алайда бұл әрекетімізден ештеңе өнбеді. Облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақкенже Исанбергенова ҰБТ орталығына сілтеді. Ал Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанындағы тестілеу орталығының жетекшісі Айнагүл Дүйсекенова телефон тұтқасын көтермеді.
Дегенмен Білім және ғылым министрлігі ҰБТ тапсырудың ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуге ұмтылыс танытып отырғаны даусыз. Осы мақсатта еліміздің барлық өңірінде жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына арнайы мониторинг топтың, «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері мен агенттік қызметкерлері кірді.
Аталған топтың негізгі мақсаты – тестілеуді өткізудің ашықтығына мониторинг жүргізу. Мәселен, 24 маусымдағы жағдай бойынша Атырау облысында тыйым салынған заттарды алып өтуге және пайдалануға тырысқан 32 түлектің ереже бұзғаны анықталып отыр. Түлектердің кейбірі оқулықты жасырын түрде алып кіргісі келіпті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің ұсынған мәліметіне сүйенсек, осындай келеңсіздіктердің қорытындысымен тестілеуге жол бермеу және тестілеу залынан шығару актілері жасалыпты. Соның ішінде Атырау қаласында 12, Қызылқоға ауданында 4, Мақат ауданында 3, Индерде 4, Жылыойда 6 және Исатай ауданында 2 жағдай тіркеліп отыр.
Әрине «...адам аласы ішінде» дегендей, ҰБТ тапсырған түлектердің кейбірі осындай келеңсіз әрекет жасады. Алайда олардың бәрі бірдей заң бұзушылыққа бармаған шығар. Ендеше, атыраулық түлектердің қаншасы 100-ден жоғары балл жинады екен?..
АТЫРАУ