Үржар – облыс орталығы Өскеменнен 500 шақырым шалғайда жатқан, жері құнарлы, шыбық ексе жайқалып тал өсетін, егіні мен көкөнісі бітік өнім беретін қазыналы өлке. Аудан орталығынан 140 шақырым жерде атақты Алакөл демалыс базасы бар, биыл суы шипалы Алакөлде 150 мыңнан астам туристер демалып, денсаулықтарын түзеп қайтыпты. Мақаншыдан таяқ тастам жердегі Бақты кедені де ауданның бюджетіне қомақты қаржы түсіреді екен. Біз Үржарға келгенде аудан әкімі бұрын Катонқарағай, Зайсан аудандарын басқарған Серік Зайнулдиннің жаңа қызметке кіріскеніне 100 күн толыпты.
Үржар – облыс орталығы Өскеменнен 500 шақырым шалғайда жатқан, жері құнарлы, шыбық ексе жайқалып тал өсетін, егіні мен көкөнісі бітік өнім беретін қазыналы өлке. Аудан орталығынан 140 шақырым жерде атақты Алакөл демалыс базасы бар, биыл суы шипалы Алакөлде 150 мыңнан астам туристер демалып, денсаулықтарын түзеп қайтыпты. Мақаншыдан таяқ тастам жердегі Бақты кедені де ауданның бюджетіне қомақты қаржы түсіреді екен. Біз Үржарға келгенде аудан әкімі бұрын Катонқарағай, Зайсан аудандарын басқарған Серік Зайнулдиннің жаңа қызметке кіріскеніне 100 күн толыпты.
Үш айдан асқан уақытта не тындырдыңыз, аудан туралы қандай ойдасыз, деп сауал тастадық. Бұдан екі күн бұрын еліміздің тәуелсіздігінің символы Бәйтеректі орнаттық. Ауданда қазір 8 мектептің құрылысы салынуда. Оның бірі Жанай ауылында жаңа оқу жылы басталар алдында пайдалануға берілді. Жыл аяғына дейін тағы үшеуін іске қосамыз. Облыс әкімі Б.Сапарбаев құрылысы ақсап тұрған мектептерді қатаң бақылауға алып, оны мерзімінде тапсыру жайлы тапсырма берген. Сонымен бірге, Мақаншыда – 3, Үржарда – 3, Таскескенде 3 көше асфалтталды. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша да жұмыстар атқарылып жатыр. Жыл басынан бері өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 3 миллиард 107 миллион теңгеден, ал ауыл шаруашылығында 10 миллиард теңгеден асты. Сондай-ақ, «Ерасыл» шаруа қожылығының төрағасы Тайыр Зәкіров күнбағыс майын сығатын және ұн зауытын салып жатыр. Туризмді дамыту бағытында көрші Қытаймен үш күндік визасыз сапарды ұйымдастырып жатырмыз, бізге келген туристер кем дегенде 90 мың теңгені тастап кетеді екен. Үржар ауданының халқына ризамын. Мұнда ауызбірлік, адамдарға деген ыстық ықылас, сыйластық бірден байқалады. Ауданды 19 жыл іскерлікпен басқарып, экономикасын көтерген Дүйсембай Селиханов туралы осы уақытта бірде-бір домалақ арыз жазбау тұрғындардың ірілігі мен кесектігін танытса керек. Ауыл шаруашылығы дамыған өңірде еңбек адамдары жеткілікті. 23400 шаршы шақырымды алып жатқан өңірде егін, күнбағыс, рапс, соя дақылдары өседі. Ауданда 172 мың гектар егістік алқабы бар, оның 46 мың гектары астық. Өткен жылы гектарынан 10,7 центнерден, ал биыл 20,2 центнерден дән маржанын бастырып, қамбаларға құйып алдық. 81 мың гектарға күнбағыс егілді, оның шығымы да жақсы, ору науқаны басталды. Мал басы жыл сайын көбейіп келеді, қазіргі таңда ауданда 82 мың ірі қара, 282 мың қой-ешкі, 22 мың жылқы, 365 мың құс бар. Ауданда индустрияландыру картасына енген бірнеше серпінді жобалар бар. Оның ішінде екеуі жайлы ерекше атап өтуге болады, деп жауап қатты аудан әкімі.
«Алғабас» шаруа қожалығының төрағасы Мәулетбек Құсманұлы Қалиевпен бұрыннан таныспыз. Жаңалыққа жаны құмар азаматтың асыл тұқымды мал өсіруге бет бұрғанына бірнеше жылдың жүзі болыпты. 2003 жылы қожалықты құрып, алдымен сауда жасады, май сығатын цехты іске қосты. 2008 жылы мал өсіруге бет бұрды. Жергілікті ірі қара мал мен «шароле» асыл тұқымды мал біртіндеп көбейе берді. Тәулігіне 1,5-2 килограмға дейін таза салмақ қосатын «Әулиекөл» асыл тұқымды ірі қара малын өсірген кезде қиындықтар кездесті, аусыл деген ауру шығып, біраз малы шығынға ұшырады. Алайда қолынан іс келетін, болашаққа көз жүгіртетін азаматтың жігері мұқалмады, алған бетінен қайтпайтынын аңғартты. Кенді Алтайда бірінші болып, айшылық алыстағы Австралиядан «ангус» тұқымды 475 бас ірі қара малын лизингке сатып алды.
– Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауының 10 бағыты бойынша ет өндірісінің экспорттық әлеуетін дамытуға үлес қосайық, қашанғы шетелдерге қол жая береміз деген ниетпен «ҚазАгроҚаржы» АҚ-тан лизингке ұзақ мерзімге төмен пайызда 1 миллион 840 мың АҚШ долларын алдық. Одан 7 жылда құтылу керек. Сапалы етті мол беретін «ангус» малы табиғаты қолайлы Үржар өңіріне сіңісіп кететін секілді. Ғалымдар оны дәлелдеген. Қазір асыл тұқымды мал карантинде, ол қатал күзетілуде. Бізде қазір 60 адам жұмыс істейді, жалақыны уақтылы алып тұрады. Асыл тұқымды мал алған екенсің, оның жылы қорасын, жемшөбін сайлап алуға тиіссің. Биыл еуростандартқа сәйкес 300 ірі қара бордақылайтын алаңды салдық. 2014-2015 жылдары 5000 ірі қараға жемшөп базасын дайындап, 2016-2017 жылы өндірілген өнімді өңдеп, экспортқа шығаратын ет комбинатын салу жоспарланып отыр, – деп Мәулетбек Құсманұлы алдағы жоспарын ортаға салды.
Мына қызықты қараңыз, «ангус», қазақтың ақбас сиыры мен француздың «шароле» тұқымын будандастырып, одан «Әулиекөл» асыл тұқымды бұзауы дүниеге келді. Етінің дәмі тіл үйіретін, тәулігіне 2 килограмға дейін салмақ қосатын, екі жасында тірідей салмағы – 650, сойыс салмағы 370 килограмнан асатын «Әулиекөл» тұқымы өңірге көндігіп алыпты. Ал бұқаның салмағы 900 кг. тартады. Шаруасын шалқытып отырған азамат асыл тұқымды мал өсірумен шұғылданатын адамдарға Үкімет тарапынан қамқорлықтың басым болғанын қалайды. Субсидия бөлуде кемшіліктер бар, арзан жанармай алу да оңай шаруа емес, дейді М.Қалиев.
Аудан әкімі Серік Зинабекұлы Индустрияландыру картасына енгізілген «Бәтуа» шаруа қожалығының 315, 410, 615 мм. пластикалық құбыр шығаратын зауытының келешегі туралы ерекше атап өтті. Шынында да, Мақаншы ауылының теріскейіндегі пластикалық құбырлар зауытының ауласына келгенде үлкен өндірістің болашағынан үміт күттіретінін аңғардық. Тау-тау болып үйіліп жатқан құбырлар су, кәріз жүйелерінде пайдаланыла бастапты. Ауданды былай қойып, көрші облыстардың ауылшаруашылық құрылымдары да тапсырыс бере бастаған. Себебі, пластикалық құбырлар тамшылатып суаруда таптырмайтын құрал болып шықты. Сондықтан болар, оған сұраныс та үлкен.
Индустрияландыру картасына енгендіктен құбыр зауытына 742 миллион теңге бөлінген екен. Оның үстіне кәсіпорынның басшылары өз қалталарынан 30 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы салып технологияны жетілдіре түскен. Мал шаруашылығымен айналысып, өңірдің үйлестіру картасына жобасы енген соң биыл 2900 гектарға соя дақылын егіп, одан бітік өнім алған. Сояға деген сұраныс үлкен, Алматы, Павлодар облыстарынан да оны сатып алушылар табылуда. Өңір басшысы жақында Үржар ауданына сапары кезінде «Бәтуа» қожалығының жұмысымен танысып, оған барынша көмек жасайтындарын айтты. Келер жылы соя дақылының көлемін мың гектарға ұлғайту көзделіп отыр.
Соя дақылы өсетін телімді қолынан іс келетін іскер азаматтар көркейген ауылға айналдырыпты. Бұл жерде жұмысшыларға арналған тұрғын үйлер мен жатақхана, асхана мен демалатын орын бар, бос уақытта теледидар көріп, спортпен шұғылдануға болады. Жұмысшылар ай сайын 60-70 мың теңге көлемінде жалақы алады. Егін орағы кезінде 100 мың теңге қаратады екен.
«Бәтуаның» бәтуалы істерін көріп, ауылды көркейтіп жатқан азаматтардың алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра беретініне кәміл сендік.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы.
–––––––––––
Суретте: «Ангус» және «Әулиекөл» асыл тұқымды сиырлары.
Суретті түсірген автор.