Орталық коммуникация қызметінің дәстүрлі шарасына айналған апта сайын өткізілетін баспасөз брифингіне кеше Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев келді. Ол өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылуы, сондай-ақ басқа да өзекті мәселелер жөнінде баяндады.
Орталық коммуникация қызметінің дәстүрлі шарасына айналған апта сайын өткізілетін баспасөз брифингіне кеше Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев келді. Ол өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылуы, сондай-ақ басқа да өзекті мәселелер жөнінде баяндады.
Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласы Қазақстандағы ең ежелгі қалалардың бірі болып саналатыны белгілі. Содан да болар, ол өңірдің қазақ әдебиеті мен мәдениетінің өрлеп өсуіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Сондай-ақ, Жамбылдан шыққан спорт саңлақтары қазақ туын әлемнің талай жарыстарында ту биіктен желбіретті. Бұлармен бірге, Жамбыл облысы соңғы үш-төрт жыл көлемінде экономикасы қарыштап дами бастаған өңір.
Облыста ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіп және өңдеу саласы қарқынды дамып келеді. Әсіресе, химиялық өнім өндіруші «Қазфосфат» компаниясы күкірт қышқылын жүз пайыз өңдеп, өз елімізбен қатар алыс-жақын шетелдерге экспорттап жатыр. Дәл бүгінгі күнде аталған кәсіпорынның сары фосфоры Еуропа елдеріне де жөнелтілуде. Шындығын айтқанда, әкімнің баяндамасынан байқағанымыз, Жамбыл өңірі жасампаз істерімен жаңғыруда.
Негізі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автодәлізінің 495 шақырымы Жамбыл облысының жерімен өтеді. Сондай-ақ, Аманкелді газы еліміздің оңтүстік өңірін көгілдір отынмен қамтамасыз етіп отыр. Осы жылдың мамыр айында, Отан қорғаушылар күні қарсаңында еліміздің тарихында тұңғыш рет Отар әскери базасында Елбасының қатысуымен әскери шеру ұйымдастырылған. Десек те, Жамбыл облысында соңғы уақытта жер сілкіністері орын алып, алапат дауылдар соққаны белгілі. Мұнымен қатар, көршілес Қырғызстан шекарасында да келеңсіз оқиғалар болып тұрды.
Өткен жылы Жамбыл облысының аумағымен құйындатып өткен дауылдың зардабын бірқатар елді мекендермен бірге Қаратау, Жаңатас қалалары да тартқаны мәлім. Сол кезде ел болып жамбылдықтарға көмек қолын созғаны да есте. Десе де, сол кезде жылу қазандықтары істен шығып, аталған екі қала тұрғындары көп қиналған еді. «Еуразия» телеарнасының тілшісі осы жылу қазандықтарының биылғы қысқа дайындығы туралы сұрады. Облыс әкімі аталған қалаларда таяуда ғана өзі болып қайтқанын айтты. Сол кезде жағдаймен толық таныстым, қазандықтар да назарымнан тыс қалған жоқ. Дәл бүгінгі күнде екі қала да қыс маусымына толық дайын, деп жауап берді.
Келесі сауал трансшекаралық өзен сулары туралы болды. Әкімнің сөзіне қарағанда, Жамбыл облысындағы ең түйінді мәселе осы өзен сулары екен. Өңірде өзендердің 80 пайыздан астамының бастауы Қырғыз елінде көрінеді. Кейде шәлкез мінез көрсететін бауырлас елдің кейбір айылдары суды орынсыз себеппен бөгеп тастайды. Оны уақытылы шешіп келеміз. Өткен жылы біздің елдің аумағындағы таудан бастау алатын Быстраток өзенін де он күн бойы байлап отырды. Аймақтың губернаторына, одан көрші елдің премьер-министріне хабарласып, мәселені шешкенімізше он күн өте шықты. «Көктемнің бір күні жылға азық» демекші, көршілердің бұл қылығынан егіншілеріміз әжептәуір зардап шекті. Осыны ескеріп, Үкіметке ұсыныспен шығып, өз өңірімізден бастау алатын Быстраток өзенін ел ішіне арнайы каналмен әкелу жөнінде жоба ұсындық. Бұл жоба Үкіметтің қолдауына ие болып, 5,6 млрд. теңге қаржы бөлінгелі отыр. Бұйыртса, осы айда каналды қазу жұмыстары басталып, келесі жылы ел игілігіне беріледі деген жоспар бар. Канал өз облысымыздың аумағымен өтеді. Нәтижесінде облыстағы егіс алқаптарының көлемі екі есеге ұлғаяды. Біреу білсе, біреу білмес, облыс әкімінің айтуына қарағанда, Қырғыз елінің бірнеше су қоймаларын күрделі және орташа жөндеуге Қазақстан жылда қаражат бөліп, көмектесіп отырады екен.
Облыстағы тұрғын үй мәселесі туралы да сұрақ қойылды. Бүгінгі күнде облыста 49 мың адам жер учаскесіне кезекте тұр екен. Олардың басым көпшілігі, әрине, облыс орталығы Тараз қаласына таяу маңнан жер телімін алғысы келетіндер. Бірақ біз жер учаскелерін қалай болса солай беріп жатқан жоқпыз. Себебі, әр істі өркениетті түрде атқаруға тырысамыз. Жекеменшікке де жер телімін берерден бұрын, елді мекен орын тебетін жерге әуелі жол салып, электр желісі мен ауыз су құбырын тартып, содан кейін ғана жер учаскелерін үлестіруді жөн санап отырмыз, деді Қ.Бозымбаев.
Осыдан үш-төрт жыл бұрын Жамбыл облысында жасөспірімдер жасайтын қылмыстың саны да, түрі де көбейіп, оның дабылы бүкіл республикаға жеткен еді. Журналистердің бірі облыс әкіміне осы жөнінде сауал қойды. Мен Жамбыл облысына әкім болып алғаш келгенімде жасөспірімдер жасайтын қылмыстар көп болғаны рас. Облыстың құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, келеңсіз жағдайларды болдырмаудың түрлі жоспарларын жасадық. Оған мектеп оқытушылары мен ата-аналарды да қатыстырдық. Өздеріңіз байқап жүргендей, соңғы уақытта біздің облыста жасөспірімдер жасайтын қылмыстар саны жылдан-жылға азайып келеді. Былтырдың өзінде бұрнағы жылдан 23,5 пайызға кеміді, деді әкім.
Баспасөз маслихатында Қырғыз елімен көршілік қарым-қатынас мәселесі көп сөз болды. Әкім олардың бәріне орнықты жауаптар қайтарды. Қазақстанның аталған елмен ең ұзын шекарасы Жамбыл облысының жерінде екені мәлім. Оның жалпы ұзақтығы 700 шақырымнан асады. Мен өзім әкім болып барғанда, Премьер-Министрдің тапсырмасына орай, бүкіл шекара бойымен жүріп өттім. Байқағаным, керексіз, басы артық өткізу бекеттері көп екен. Сондай-ақ, аралыққа тартылған тікенекті сымдар да сын көтермейтін. Мен олар жөнінде сол кезде-ақ Үкіметке баяндадым. Құдайға шүкір, бүгінде басы артық өткізу бекеттері жабылып, орталықтандырылған өткізу бекеттері өркениетті жабдықтармен толық жабдықталған, деп түйіндеді сөзін Қ.Бозымбаев.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».