Кеше «Нұр Отан» ХДП-ның Орталық кеңсесінде партия Доктринасы жобасын дайындау жөніндегі жұмыс тобының қорытынды отырысы болып өтті.
Кеше «Нұр Отан» ХДП-ның Орталық кеңсесінде партия Доктринасы жобасын дайындау жөніндегі жұмыс тобының қорытынды отырысы болып өтті.
Оны партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ашып, жүргізіп отырды. Отырысқа жұмыс тобының мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, орталық және жергілікті мемлекеттік орган басшылары, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Мәжіліс барысында аймақтарда өткен талқылаулардан кейін келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып, Доктрина жобасының түзетілген нұсқасы талқыланды.
Доктрина бойынша келіп түскен барлық ұсыныстар негізгі бес бағыт бойынша топтастырылды: жастармен жұмысты күшейту, мемлекеттік тілді дамыту, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру, аймақтарды дамыту, қоғамдық бақылау мен азаматтық бастама.
Мәжіліс барысында Б.Байбек партияның Тұғырнама, Бағдарлама және Доктрина сияқты негізгі үш құжаты болатынын айтты. Тұғырнама – партияның бір сайлау мерзіміне арналған қысқа басымдықтары айқындалған негізгі құжат.
Бағдарламада партияның жаңа басымдықтары жазылып, ол ұзақ мерзімге бағытталады. Ал Доктринада партияның мақсат-мұраты мен құндылықтары алдағы бірнеше онжылдықтарға арналып жазылады, деді Б.Байбек.
Еске сала кететін болсақ, Доктрина Елбасы, партияның Көшбасшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әзірленді. Құжатты дайындау кезінде жетекші шетелдік партиялардың ұқсас партиялық құжаттарының үлгілері қолданылды. Осыған дейін болған жұмыс тобының үш мәжілісінде де Доктрина жобасы талқыланған болатын. Доктрина дайындаудың соңғы кезеңінде оның қазақ тілді мәтінін жетілдіру үшін арнайы редакциялық топ құрылды. Сауытбек Абдрахманов жетекшілік ететін ол топтың құрамына Жабал Ерғалиев, Алдан Смайыл, Амангелді Мырзабек, Намазалы Омашев сынды зиялы қауым өкілдері кірді.
Доктрина жобасында алғаш рет идеялық-дүниетанымдық көзқарастар мен құндылықтар нақты бекітілген. Яғни, құжат жобасында партияның миссиясы, оның құндылықтары, мемлекет пен азамат арасындағы өзара әрекеттестіктің жаңа ұстанымдары, табыстың 7 факторы – бірлік пен келісім, төл мәдениет пен имандылық, күшті экономика, әділетті әлеуметтік саясат, зияткерлік ұлт, әлемге ашық Қазақстан мен тиімді мемлекеттік басқару айқындалған. Доктрина – партия рөлін айқындайтын негізгі құжат. Доктрина жобасы «Нұр Отан» партиясының XV съезінде делегаттардың талқылауына ұсынылады.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».