Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрес шаралары жөнінде өткен кеңес барысында жұмысына салғырт қарағаны үшін бірқатар қала және облыс әкімдеріне сөгіс жариялағаны белгілі. Сондай-ақ сол жиында Президент тағы үш облыстың әкімдеріне өңірлердегі ахуалды реттеу қажеттігін қатаң түрде ескертті.
Тәртіптік жауапкершілікке тартылған лауазымды тұлғалардың қатарында Қарағанды облысы әкімінің есімі болған жоқ. Ал Арқа төсіндегі қазіргі эпидемиялық жағдайды мәз деп айта алмаймыз. Қолдағы бар деректерге жүгінсек, індетке қатысты аурушаңдықтың еліміз бойынша өсімі 2,4 % болса, Қарағанды облысында бұл көрсеткіш 4,4 пайыздың мұғдарында екен.
Өткен жолы Премьер-Министрдің алдында есеп берген облыстың әкімі Жеңіс Қасымбек өңір экономикасының еліміз бойынша алдыңғы орындардың бірінде келе жатқанын айтқан болатын. «Ағымдағы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің оң серпіні қамтамасыз етілді: өнеркәсіпте (103,2%), ауыл шаруашылығында (102,8%), құрылыста (124,9%), көлік саласында (77,4%), саудада (88,7%). Өнеркәсіптің нақты көлем индексі 103,2% құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға жоғары», деп баяндаған-ды өңір басшысы.
Мұны еске алып отырған себебіміз, ел Президенті осы жайтты ескергендіктен, Қарағанды облысының әкіміне оң қабақ танытқан сияқты сол кеңес отырысында. Әйтпегенде...
Иә, бүгінгі таңда Арқа төсі індеттің таралуы бойынша Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларын ғана алға жіберіп, өзгелерден көп ілгері кеткен. Соңғы түскен деректі сөйлетер болсақ, өңірде 2268 адамның «жаман тұмау» жұқтырғаны ресми түрде расталып отыр.
Қаза берсе, коронавирус инфекциясының бұлайша кең таралуына кінәлі себептер көп-ақ. Мәселен, «Қазақмыс» компаниясына қарасты «Нұрқазған» деп аталатын кеніште карантин талаптарының өрескел бұзылуының салдарынан жүздеген жұмысшы КВИ-дің шеңгеліне ілігіп, мыңдаған адам еңбек ететін ұжым індеттің ірі ошағына айналып шыға келді.
Жалпы, коронавирус дертінің ел ішіне кеңінен таралуына адамдардың ескерту біткенге құлақ аспаған керенаулығы мен немқұрайдылығы тікелей себепкер болып отырғаны белгілі. Айналаны «жаман тұмау» жайпап жатқанда, біздің кейбір ағайындар тығылып той жасап жүр. Той өз алдына, аурудың өртше қаулап, белең алуына тағы бір жөн-жосық ерекше «еңбек» сіңіріп жатыр. Ол – өлікке бару, жерлеуге қатысып, құдайы аста болу.
Иә, өмір болған соң өлім-жітімнің ұшырасып тұратыны заңдылық. Жақыны қайтыс болса, «ой, бауырымдап» ат қойған бүгінгі қазақтың індет-сіндетке қарайтын түрі көрінбейді. Коронавирус жұқтырудың жүз пайыз ықтимал екенін біліп тұрып, басын бәйгеге тігіп келеді. Бармаса – ұят. Ал ұят дегеніңіз қазақ үшін өліммен тең...
Таяуда, жас өлік шыққан үйдің бірінде болғанымыз бар. Қазалы отбасына облыстың түкпір-түкпірінен келген адамда қисап болмады. Жылап-сықтап, құшақтасып, көңіл айтып жатқан жұрт. Бетперде таққан бір де бір жан көзімізге түспеді. Бұл жерде, әлгі, әлеуметтік қашықтық туралы айтудың өзі артық. Марқұмды жерлеп болғаннан кейін, дағарадай мешітте құдайы асы берілді. Ондағы адам санының өзі екі жүзден асып жығылды. Үйдің жабығынан індет сығалап тұрғанда, марқұмды ақырғы сапарына жөнелтіп келген қауым алқа-қотан отыра отыра қалып молда құран оқып болғаннан кейін, қаннен-қаперсіз ас-су ішіп жатты...
Осының бәрін көріп отырып, жұмыр басқа мынадай ой келеді: адамы қайтыс болған үйдің немесе әулеттің үлкені осындай жағдаятта бар жауапкершілікті мойнына алып, өлікке келмекші жамиғатқа басу айтып, адам санын шектеуі керек сияқты. «Бармасам, ұят болады», деген алыс-жақын туысқа рұқсатын беріп, риазалығын білдірсе. Қалай болған күнде де, шұғыл түрде бірдеңе істемесе болмайтын түрі бар...
Жалпы, жағдай тығырыққа тірелген осындай кезде молда-имамдардың тым-тырыс қалғаны түсініксіз. Біздіңше, дін өкілдері халықтың алдына шығып, теледидардан, әлеуметтік желілерде пандемия кезіндегі өлікке, жерлеуге, ас беруге қатысты жеті рет өлшеніп, бір рет кесілген белгілі бір шешім қағидатын жариялағаны жөн сияқты.
Осыдан біраз бұрын, облыстың Шет ауданындағы Жарық кентінде қайтыс болған адамның қырқына келген азаматтардың жиырма шақтысы індет жұқтырып, ауруханаға жатқызылды. Мұндай мысалдарды айта берсек, жетіп артылады. Жасыратыны жоқ, қазір ауылдарда тұрғындар тұмаумен жаппай ауыра бастады. Солардың көбінің қалаға барып, дәрігерге көрінуіне мүмкіндігі де, құлқы да жоқ. Үйде жатып, әркімнен бір естіген ем-домдарын өз беттерінше жасауда. Мұның қайдан келген, қандай тұмау екенін тірі жан білмейді. Ең сорақысы сол, қазіргі уақытта ауылдық жерлердегі эпидемиялық ахуал атқарушы билік тарапынан тіпті де бақылауға алынбаған. Шынын айтқанда, халық өз қотырын өзі қасып жатыр...
Жоғарыда Президенттің қиын-қыстау кезеңде жұмысын былжыратып алған әкімдерге сөгіс бергенін айттық. Қарағанды облысының әкімі де бұдан бұрын бақылауды әлсіретіп, індеттің таралуына жол берген екі әкімді жазалағаны бар-тын. Карантиннің жағдайында бір есептен бұл дұрыс та шығар. Дегенмен, дәл қазіргі эпидемиялық ахуал асқынған кезде аудандар мен ауылдық жерлердегі әкімдерге уақытша болса да қосымша өкілеттік берілсе дейміз. Жергілікті басшының қолында заң күші бар тетік болса, ел ішіндегі жиынның қандайының болсын жолын кесуге қауқары жетер еді. Ал бұлай істеу қолынан келмеген әкім-қараға қолданар шара тіпті де қатаң болуы тиіс. Қазіргі күрделі кезеңнің талап етері де осы болса керек.
Рас, қазір маңдайына тиген жұрт тойдан тыйыла бастады. Ал өлікке бару, жерлеу рәсіміне қатысуға қатысты қандай да бір тоқтам мен байламның болмай тұрғаны өкінтеді. Бүгінгі күнде ағайын өлікке бармай «тірідей өлу» мен өлікке барып, тірі қалудың ара-жігін ажырата алмай дал болып жүрген сыңайлы. Қазақтың: «Өлгеннің артынан өлмек жоқ» дегені – ауыр сөз. Дегенмен, дәл қазіргі пандемияның асқынған жағдайында карантинді күшейту қажетті шараға айналды.
Қарағанды облысы