Оңтүстік Қазақстан облысының бір тұрғыны өзімен Интернет арқылы танысқан келіншекті пышақтап өлтірді. Бұл туралы «Экспресс-К» газеті жазды.
Бұл екі ғашық бір-бірін ғаламтордың шырмауығын шарлап отырып тапқан секілді. Содан лап етіп, бірден Ләйлі мен Мәжнүннің махаббаты басталыпи кеткен. Көне жырдың желісінен айырмашылығы, бұлар бір-бірімен көп ұзамай кездесіп, бірінсіз бірі өмір сүре алмайтындай дәрежеге жетіпті-міс.
Мұның бәрі – жігіттің баяны. Шындығы қалай болғаны бір Аллаға ғана аян. Қылмыскер жігіттің қиссасына қарағанда, ол ғашығын күйеуін (!!! – жағымсыз кейіпкер ретінде оның да осы оқиғаның бір шетінде болғаны ғой! ) тастап кете алмайтын болғандықтан ғана өлтірген.
Сотталушы қазір басында екеуі бірге өлмекші болғанын айтады. Сол келісім бойынша, ол алдымен келіншектің кеудесіне пышақ ұрады. Сосын тамағынан тартып жібереді. Яғни, малша бауыздайды. Артынан пышақтың ұшын өзіне қарай сілтейді. Бірақ қолы қатты батпаған сияқты. Қайталап ұруға жанын қимайды.
Бұл қаныпезер таяу күндерде соттың үкімімен 9 жылға бас бостандығынан айрылды.
Сұлтан Бозайғыр.