Кәсіпқойлар арасында аса ауыр салмақтағы абсолютті әлем чемпионы Владимир Кличко биылғы жылы үш шайқас өткізуді межелеген еді. Жыл басынан бері солардың екеуі өтті. Ал соңғысын ағайынды Кличколардың көп жылдардан бергі әріптесі - RTL телеарнасы желтоқсан айының 14-і күні көрсететін болып жоспарлап қойған болатын.
Бірақ бұл шайқастың өтпей қалатын түрі бар. Себебі, жақында Голливудтың 24 жасар актрисасы Хэйден Панеттьериге «құда түсіп, сырға тағып» қойған 37 жасар украин боксшысы Владимир Кличко болашақ жарының талабына сай үйлену тойының қамына кірісіп, бұл матчтан бас тартатын сияқты.
«Взгляд» порталының ақпарына қарағанда, америкалық кино жұлдызымен болатын бұл үйлену тойы тура 14 желтоқсан күні өтетін көрінеді. Алайда, осы жерде күйеу жігіт пен қалыңдықтың арасында бір ғана келіспеушілік болуы мүмкін. Бұлай болатыны, Владимир некелесу рәсімінің Киевте өткенін қаласа, Хэйден АҚШ-та болғанын қолай көріп отыр.
Дегенмен, бұлардың бір-біріне жол беретін де варианты бар. Мысалы, тойды Украинада өткізсе, бір аптадан кейін салтанатты мұхиттың арғы жағалауында жалғастырады.
Сосын жас жұбайлар үшін бал айы орнайды. Олай болса, Владимирді 2014 жылдың наурызынан бұрын шаршы алаңнан күту әурешілік болады.
Мұрат Айтқожа.