• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Шілде, 2020

13 адамның өмірін жалмаған улы спиртті шығарған 3 күдікті ұсталды

1155 рет
көрсетілді

Қостанай облысы полиция департаментінің мәліметінше, 3-4 шілде аралығында Арқалық қаласында 13 адам 5 литрлік пластикалық құтыға құйылған спирттен уланып мерт болды. Қазір Арқалық ауруханасында спирттен уланған 3 адам жатыр. Екеуінің жағдайы қалыпты. 1971 жылы туған үшінші адам аса ауыр халде. Науқас жан сақтау бөлімінде жасанды демалдыру құрылғысының көмегімен тыныс алып жатыр, - деп жазады Egemen.kz

Бұған дейін ресми органдардың өзі мерт болғандардың санын біресе  9, біресе 11 адам көрсетіп еді, ең соңғы нақты мәлімет осы. Департаменттің баспасөз қызметі Ақмола облысында да 4 адам осы спирттің кесірінен көз жұмғанын хабарлады.

Тергеу барысында жалпы саны 17 адамның өмірін жалмаған улы спирт Ақмола облысында орналасқан цехта құйылған. Қазір полицияның 3 күдіктіні ұстағаны белгілі болып отыр.  Олардан сатуға дайындалған спирттің бір бөлігі тәркіленіп алынған. Мұның сыртында, Арқалық полицейлері қаладағы 4  дүңгіршектен спиртке ұқсас 46 литр сұйықтық тапқан.  Сондай-ақ, бір кәсіпкерден спирт құйылған 5 литрлік 408 пластикалық құты тәркіленіп алынды.

Алайда күдіктілер адам өміріне аса қауіпті өнімнің көбін сатып үлгерген. Сондықтан полиция улы спирттің сауда орындарында жасырын саудалану мүмкіндігін жоққа шығармады.  

"Біз азаматтарды қайдан шыққаны беймәлім, күмәнді алкогольді өнімдерді сатып алудан аулақ болуға шақырамыз" деп хабарлады ПД. 

 

 

 

Қостанай облысы