Жуырда Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Ерлан Айтжанов пен Ақтөбе облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Нұрсапа Примашев Шалқар аудандық сотына жиналған азаматтарды алғаш рет «онлайн» режімінде қабылдады.
Жуырда Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Ерлан Айтжанов пен Ақтөбе облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Нұрсапа Примашев Шалқар аудандық сотына жиналған азаматтарды алғаш рет «онлайн» режімінде қабылдады.
Азаматтармен қарым-қатынас жасаудың жылдам әрі ыңғайлы тәсілі – жоғары технологияның үлкен жетістігі. Бұл жетістіктің Шалқар ауданының азаматтарына жол шығындарын үнемдеп, тікелей облыстық сот төрағасымен байланысқа шығып, көкейкесті сұрақтарын қойып, сот жұмысы жөніндегі пікірлерін айтуына мүмкіндік туғызғанын айта кеткен орынды. Жинақталған бірқатар мәселелерді жедел әрі сапалы шешуге мүмкіндік берген бұл қадам тұрғындарға да ерекше әсер етті.
Кездесуге келгендердің бірі – Шалқар қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Райкүл Жолашева болды. Ол Шалқар аудандық сотының шығарған шешіміне қарамастан, «Даму» қорының кепілдікке қойылған жылжымайтын мүліктің құжаттарын бермей жүргендігіне қатысты сұрау салған еді. Өңірдің тағы бір тұрғыны – еш жерде жұмыс істемейтін Зейнегүл Құдайбергенова. Азаматша қайтыс болған күйеуі қолхатпен сатқан автокөлікті қазіргі иесінің өз атына аудару үшін көмек сұрағанын, соның жолын білгісі келетінін жеткізді. Кездесу барысында екі тұрғынға да заң кеңестері беріліп, құқықтық көмек жасалды.
Байланысқа шығушылар арасында сот жүйесі қызметкерлеріне тілек арнағандар да аз болмады. Мәселен, Шалқар аудандық ардагерлер қоғамының төрағасы Оразбай Әділбаев ақсақал: «Еліміздің сот жүйесі адамның, азаматтың мүддесін қорғайтын, бұзықты түзеп, ақылсызды тезге салатын, тек шындыққа сүйенетін білікті мамандар тобы деп есептеймін. Қазіргі уақытта халық әділдікке, дұрыс қазылыққа, шындыққа ерекше мұқтаж. Сондықтан осы режімнің жұмысын өз деңгейінде жүргізіп, халықтың риясыз ықыласына бөлене беріңіздер», деген ыстық ықыласын білдірген.
«Онлайн» режіміндегі қабылдауда осындай екіжақты әдемі диалог құрылды. Көкейде жүрген біраз мәселе жөнінде нақты түсінік, ақпарат алынды. Бұл, әрине, сот жұмысының жариялылығын арттырып, азаматтардың әділ сотқа деген сенімін көтерері сөзсіз. Осы шарада соған көзіміз анық жетті. Оған қатысқан азаматтар өз ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да осындай қабылдаулар өткізіп тұрса деген өтініштерін жеткізіп жатты. Солардың бірі Илья Резванов деген азамат бұл шараның уақыт рухына сай, озық іс деген пікірін айтты.
Жалпы, «онлайн» байланысқа шыққан Шалқар қаласы тұрғындарының айтуынша, Шалқар аудандық соты өзге өңірлерден озық тұр. Мәселен, мұнда аудандық соттың арнайы сайты туралы да айтылды. Онда бұл құрылымның жұмысына қатысты ақпараттар екі тілде үнемі беріліп, жаңартылып отырады.
Жақсы іс жалғасын табатын болса, халық сенімі бұдан әрі беки түсетініне сенім мол.
Тұрсын ҚОШАЕВА,
Шалқар аудандық сотының
кеңсе меңгерушісі.
Ақтөбе облысы.