Былтыр Амангелді ауданында өткен Астана мерейтойы мен Ұлттық домбыра күніне арналған мерекеде мың домбырашы халық күйі "Келіншек" пен Құрманғазының "Балбырауынын" қосыла орындап, бүкіл Батпаққара даласын күймен тербеткен еді. Өңірге белгілі өнерпаз Олжас Қылдыбаев дирижерлік еткен күйшілер мыңдығының құрамында 5-сынып оқушысынан бастап 90 жасты алқымдап қалған қарияларға дейін болған, - деп жазады Egemen.kz
"Осы іс-шараны бейнетаспаға түсіріп, құжаттарын реттеп халықаралық ұйымның Сочидегі кеңсесіне жолдадық. Рекордты тексерушілер құжаттардың дұрыстығын қарап, қатысушыларды мұқият санап шықты. Рекордқа негіз болған басты нәрсе - 17 мың ғана халқы бар ауданнан 1000 домбырашы шығып, бәрі қосылып 2 күйді нақышына келтіріп орындауы. Сондықтан олар біздің іс-шараны халықаралық Гинесс кітабына енгізіп отыр. Бұл туралы сертификат таяуда ғана қолымызға тиді" - деді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрлыбек Тәжин.
Ауыл күйшілерінің рекордтар кітабына енгенін куәландыратын халықаралық сертификатта "Ең көп домбырашының қатысуымен ауылдық мекенде орындалған қазақтың дәстүрлі аспаптық пьесасы. Гиннес рекордына 1000 орындаушы тіркелді. Рекордты ұйымдастырушы: Қостанай облысы, Амангелді ауданының әкімдігі" - деп жазылған.
Бөлім басшысының айтуынша, биыл Елорда мерейтойы қарсаңында ауданның мыңнан астам домбырашысы 5 күй орындауды жоспарлап қойған. Алайда шектеу шараларының күшеюіне байланысты, бұл шара кейінге қалдырылып отыр.
Қостанай облысы
Амангелді ауданы
Амангелді ауылы