• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
12 Қазан, 2013

Заң жобасында күмән келтірер тұстар бар

271 рет
көрсетілді

Мәжілістің соңғы отырысындағы соңғы сұрақ кейбір заңнамалық актілерге бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қарауға арналды.

 

Мәжілістің соңғы отырысындағы соңғы сұрақ кейбір заңнамалық актілерге бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қарауға арналды.

Баяндама жасаған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев бұл заңның қажеттілігі туралы сегіз түрлі себеп айтты. Біріншіден, деді ол, тұрақты сипаттағы трансферттердің жергілікті бюджет шығыстарының базасына берілуіне байланысты кейбір іс-шараларды қаржыландырудың ең төменгі шегін белгілеу ұсынылады. Бұл енді жергілікті бюджетті басқарушыларға кейбір аса қажетті жергілікті шығыстарға немқұрайды қарап, оған бөлінетін соманы тым азайтып тастауынан сақтайтын қажетті норма екені даусыз.

Екінші себебі, бюджеттік сұраным­дарды дайындау кезінде бағдарламалар мен жаңа бастамалар шығыстарына лимиттер енгізіліп, қаржылық тәртіпті арттыру көзделіп отыр делінді. Бұл мәселе дұрыс-ақ дер едік, бірақ соны сылтауратып жергілікті бағдарламалар әкімшілерінің қажетті шығыстарды кесуіне жағдай жасалып, жақсы баста­маларға тұсау салуына соқтыруы мүм­кін. Министрдің заң жобасының қа­жет­тілігін айтқан үшінші себебі, бюджеттік инвестиция­ларды бірлесіп қаржыландыратын жағдайларда жоғары тұрған бюджеттен төменгі бюджетке нысаналы даму трансферттерін бөлу көзделеді дегенге саяды. Келесі себебі, бюджет қаражатын игеру кезінде бюджеттік бағдарламалардың нәтижелеріне қол жеткізбегені үшін бюджеттік бағдарламалар әкімшілігі бірінші басшысының тәртіптік жауапкершілігін енгізу ұсынылғаны айтылды. Әрине, жауапкершілік деген өте жақсы, бірақ сол бұлтартпайтын негізде болса құба-құп болар еді. Заң жобасын талқылау бойынша сөз алған депутат А.Перуашев бұл жерде жауапкершіліктен жалтаруға «орын қалдырылғанын» атап өтті. Атап айтқанда, басшы қыз­метінен ауысқанда немесе жұмыстан шыққан кезіндегі жауапкершілік кімде болатындығы анықталмағандығына назар аударылды.

Заң жобасында бюджеттік бағдар­ламалар әкімшілерінің инвестициялардың іске асырылуын бақылау үшін мемле­кет­тік органдардың ішкі қадағалау қыз­меттеріне нысанға барып, тексеру жөнінде қосымша өкілеттіктер беріледі делінген. Бұл да жауапкершілікті арттыру бағытындағы тиімді қадам болуға тиісті. Сондай-ақ, заң жобасында мемлекеттік пен жекеменшіктің бірлескен жобасын әзірлеуге қажетті тетік арнаулы мамандандырылған ұйымдар арқылы жүргізіледі делінген.

Заң жобасы туралы баяндама тың­далған соң, бірнеше сұраққа жа­уап берілді. Ал талқылау бойынша екі депутат қана сөз алды. Оның біріншісі Татьяна Яковлева заң жобасын толық қолдайтынын айтты. Мәжілістің жалпы отырыстарына барып жүріп бір қызық дүниенің әбден қалыптасқан дәстүрге айналып бара жатқаны туралы айта кеткіміз келеді. Заң жобасы туралы баяндама аяқталған соң міндетті түрде бірінші немесе алғашқылардың бірі болып сөйлеген бір немесе бірнеше депутат оны біржақты қолдап шығады. Осыған қарағанда, өтірік болса құдай өзі кешірсін, баяндамашының алдын ала жасаған өтінішін орындау бар сияқты...

Заң жобасы туралы бірқатар сынды «Ақ жол» фракциясының жетекшісі, депутат А.Перуашев айтты. Ол «бюджеттік инвестиция» деген сөздің нақтылығына күмән келтірді. Сондай-ақ, жоғарыда айтқанымыздай, бюджетті жоспарлау басшысының жеке жауапкершілігі туралы айтылған баптың дұрыстығын сынады. Депутат, сондай-ақ бюджеттік бағдарламаның орындалу барысына шығыс әкімшілігінің өзі мониторинг жасауын сын тезіне алды. Мұндай мониторингтің тиімді екеніне толық күмән келтіруге болады, деді ол. Сөзінің қорытындысында ол өз фракциясының заң жобасын қолдамайтындығын атап көрсетті. Дауыс беру нәтижесінде заң жобасы сегіз дауыстың қалыс қалуымен бірінші оқылымда мақұлданды.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар