• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
12 Қазан, 2013

Бір тал үкі

751 рет
көрсетілді

Өмірі мақала түртпейтін Мұқағали 1968 жылы «Түйелі адам» повесі туралы рецензия жазды. Ағасына деген сүйіспеншілігі шығар. «Адамдардың жан дүниесін іс-қимылдары арқылы шебер де жатық тілмен жан-жақты көрсетеді. Райымқұловтың тілі оралымды, өзіндік үн-сазы бар. Шектен тыс сөзбұйдалық пен орынсыз ділмарлық жоқ», деп баға беріпті.

 

Рахаң елу бес жасында тұңғыш рет әке болды. Ақтоты дүниеге келді. Құрдастары: «Осынша жасқа келіп... Сондағың қыз ба?» деп қалжыңдаса, жарықтық Рахаң: «Ойбай-ау, өзімнің әлі күнге дейін балам болмаса, ол ұл боп туса, тіл тиіп өліп қалады ғой! Маған өлмейтін қыз керек», депті.

 (Эссе)

Соғыстан соң туған ұрпақтың дені көзін көркем әдебиетпен тырнап ашты. Жақсы кітаптың жарнамасы жоқ, әйтсе де оның үгіт-насихатын қалың оқырманның өзі жасайтын. Оқитын. Оқитын да көкейіне тоқитын. Тоқыған дүниесінің мазмұнын бір-біріне ауыздың суын ағызып айтатын. Ақынның немесе жазушының ауызша тараған кітабы жырдан да қызық секілді. Соңына түсіп, сол кітапты қайтсек те тауып алуға тырысатынбыз.

Кітаптан бас алмайтын Оразбек Нұсқабаев деген кластас баланың қо­лына (ұмытпасам 1964 жылы) Рах­метолла Райымқұловтың «Түйелі адам» деген повесі түсіпті. Ертегідей еліктіріп, мазмұнын қайталап майын тамызып айтты. Қолдан-қолға ауысқан жұқа кітаптың тоз-тозын шығарып, тобымызбен кезектесіп оқыдық. Балаларды баурап алды. Тебірендірді. Тереңіне батырды. Ойға шомдық. Армандадық. Қиялымызға қанат бітірді.

Орта мектепті бітіретін жылдары «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналына ден қоя бастадық. Жа­рияланған әдеби, сын мақалаларда қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафиннің аты-жөндері аражігі ажырамай жазылатын. Кімнен кейін кім тұратынын жатқа білеміз. Сондай-ақ, «халық жауы» атанып, кейінірек ақталған айтулы тұлға, атақты ақын-жазушылар Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, «Қалың мал» романының авторы Спандияр Көбеевтің тізімдері де бір-біріне нөмірлеп тіркеген вагондар секілді рет-ретімен көрсетілетін. Сол кездері осы ағаларымызды жатқа білуші едік.

Елуінші жылдардың соңына таман саяси-сатиралық «Ара-Шмель» журналы жарық көрді де, әзіл сүйер әлеуметті баурап, ауыл-ауылды аралап кетті. Таралымы көп «Араны» да асыға күтеміз. Күндердің күнінде, Рахметолла Райымқұловтың әзіл әңгіме, скетч, сынадай қағылған сын-сықақ, өткір фельетондары жиі жариялана бастады. «Е, бұ кісі сықақ та жазады екен ғой» деп таңырқап, журналдың редакция алқасы мүшелерінің тізіміне үңілдік. «Араның» алғашқы редакторы Ғабит Мүсіреповтің қатарында Дмитрий Снегин, Темірбек Қожакеевтен кейін Рахметолла Райым­құловтың да аты-жөні тұр екен. Қызы­ғушылығымыз одан сайын артты. Мірдің оғындай мысқылдары мен ойып түсер оспақтарын іздеп жүріп оқи бастадық. Бір жылдары жоғалтып ал­дық. Еш баспасөзде есімі жоқ. Кейін білдік, бақилық болыпты.

О-о, зымыраған заман-ай! Біздің сол Рахаң биыл жүзге толды. Бір ға­сыр! Сонау қалың қазақтың қаймағы бұзылмаған 1913 жылы туып, пайғамбар жасынан асқан шағында дүниеден озған ағамыздан артында қаншама әдеби мұра қалды. Соның бірталайы 2003 жылы 90 жылдық торқалы тойы­на орай шығарылған үш томдық шығармалар жинағына енді. Негізінен көзі тірісінде шыққан кітаптарға енген әңгіме, повестерінің басын құ­ра­ған. Романдары мен облыстық, респуб­ликалық театрлардың сахнасында қойылған пьесалары жоқ. Сірә, сыймай қалған. Сондай-ақ, «Ара» журналы мен басқа да басылымдарда жарияланған усойқы әзіл әңгімелері, уытты фельетондары үш томдыққа енбей қалыпты. Өкінішті. Өте өкінішті.

Студент кезіміз. Түбіт иек, түкті бас боз­баламыз. Даланың баласы қалаға сіңісе кете ме? Бәрі де таңсық. Кірпігіне кір­пік жалғап, ернін шиедей қып боя­ған аруларға таңырқап қараймыз. Таби­ғи шаштарын бұйралап, өзге түске өз­гертіп жіберген қыздардың қылығы тіпті ерсі көрінетін заман. Осындай ойқы-шойқы оспадар «мода» туралы ағамыздың әзілін оқып езу тарттық. Жас кездегі жақсы дүние жадыңда қалады ғой. Мазмұнын ауызекі айтып берейін.

Қап-қара шашын сап-сары ғып бояп, қаладан келген қызының сайтандай түрін көрген атасы:

– Қарағым-ау, шашың ағарып кетіпті ғой, – дегенде, бір бүйірде жамбастап отырған кемпірі:

– Қойшы әрі, не болса соған сөйлемей! Сен оқысаң шашың ағармақ түгілі көгеріп кетер! – деп кейіпті. Бітті. Ұзын-ырғасы осы. Қандай ғажап әзіл. Майдан қыл суырғандай.

Кеңес өкіметі негізінде тоғышар, көрсеқызар, керенау, кердең, жылпос, қырсыздық секілді жағымсыз мінездер көбірек сын тезіне алынатын. Тоңмойын мен топастар да сықақшылар қаламына жиі ілініп жататын. «Өзің пәле екенсің» атты әдеби фельетонын ұстазымыз про­фессор Темірбек Қожакеев үлгі ре­тін­де мысалға келтіріп талдайтын. Тоңмойын директор қойшыны каби­не­тіне шақырып алады да: «Менің үстімнен жоғарыға неге арыз жазасың?» деп дүрсе қоя береді. «Қанша жазсаң да бәрібір өзіме қайтып келеді», деп тартпасынан будақ-будақ қағаздар алып көрсетеді.

– Міне, мынаның бәрі сен сияқты совхоздың сауаты аз жұмысшыларының жазғаны. Бірақ біліп қойыңдар, қай құдайға шағым айтсаңдар да қайтып айналып өз қазығын табады. Қайда жазсаң, онда жаз! Бәрібір. Әй, маубасым-ай, соған да миың жетпегені ме, ә? Иә, жетпейді. Бұл сенің бақытсыздығың!

Қойшы:

– Әй, құрысын! Бақ дегеннің де осы күні миы ашып кеткен екен, – дейді қолын бір-ақ сілтеп.

– Неге олай дейсің?

– Баяғыда әкем марқұм: «Бақ адасса, батпаққа қонады», дейтін еді.

Директор орнынан ыршып тұрып:

– Көріп тұрсың ғой бақыттың қайда отырғанын?! – дейді желпініп.

– Иә, көріп тұрмын.

– Қайда?

– Сенде. Әне, сенің сылдыраған ті­ліңде, жылтыраған көзіңде, тұнжыраған түсіңде, түршіген қабағыңда, тайқиған маңдайыңда, көнтиген ерніңде!

Шопанның шоқтай қарыған ащы сөзіне ризашылық білдіргендей:

– Өзің пәле екенсің, жарайды, жағ­дай жасайын саған! – дейді.

Ұстазымыздың ұлағатты дәрісін тыңдап, біз, студент жастар, Рахметолла ағаның фельетон жазу шеберлігі мен тәсілдерін құйттайымыздан құла­ғы­мызға құйып өстік. ҚазМҰУ-де өнер­паз студенттерден құралған «Ақ­қу» атты ансамбль бар болатын. Сай­қы­мазақ курстасым Өмірәлі Смайы­лов екеуміз көркемсөз оқып, көпшіліктің көңілін көтеруге тырысатынбыз. Атағы асқақтап тұрған Асқар Тоқмағамбетов, Шона Смаханұлы, Үмбетбай Уайдин, Оспанхан Әубәкіров, Сейіт Кенжеахметов, Қажытай Ілиясовтың әзіл-сықақтарын көрерменге ұсынып, сахнада ақ тер, көк терге түсе­тінбіз. Жұртты күлдіру оңай ма? Әдемі әзілдерді іздейміз. Іздегенге – сұраған, Рахметолла ағамыз қырғыздың қыршаңқы тілді сықақшысы Құдай­берген Жапаровтың әп-әдемі күлкілі диалогын аударып, «Араға» жариялапты. Жерден жеті қоян тапқандай қуандық. Өмірәлі екеуміз тез арада жаттап алып, сахнаға шығардық. Ұзын-ырғасы мынадай:

– Кел, шылым тарт.

– Тартпаймын, тастадым.

– Шарапты ше?

– Тастадым.

– Сыраны ше?

– Тастадым.

– Мұның жақсы екен. Азаматсың! Ал, қызметіңді ше?

– Беймаза жұмыс, оны да тастадым.

– Әйеліңді қайттің?

– Менің есебім бойынша 1 сәуір – күлкі күні босану керек еді. Ол оңбаған мерзімінен үш күн бұрын туды. Есептен жаңылысып көрген жан емеспін. Білдіңіз бе?

– Сөйтіп...

– Сөйтіп әйелімді де тастадым.

– Балаларыңды?

– Оларды да тастадым.

– Үйіңді ше?

– Саттым.

– Анаңды ше? Інілерінің қолына бердің бе?

– Бердім.

– Жесір жеңгеңді төркініне қарай қудың ба?

– Қудым.

– Енді не істемексің?

– Білмеймін.

– Онда мен айтайын. Сонау қиядағы қызыл жарды көрдің бе?

– Көрдім.

– Оның биік шоқысын да көріп тұрсың ба?

– Көзім соқыр дейсің бе, көріп тұрмын. Бала кезімізде басына талай-талай шыққанбыз.

– Шыққан болсаң, енді тағы да шық. Сөйт те, тастағыш болсаң өзіңді өзің тура сол жардан таста. Бітті, шаруа! Солай ет.

Ұзын-ырғасы осы. Ол заманда бала-шағадан безу ақырет. Ақырзаман. Азғын деп айыптайтын. Дәуір сыны дәл көздеді. Рахаң соны көре білген.

...Есейдік. Күндердің күнінде қыздар педагогикалық институтының маңынан жас әнші Мақпал Жүнісова мен оның аршыған жұмыртқадай әппақ құрбысымен ұшырасып қалдым. Мақпалдың енді-енді танымал бола бастаған кезі. Құрбысымен таныстырды. Аты – Ақтоты екен. Міне, қызық! Бала кезден кітабын жастанып оқыған жазушы ағамыз Рахметолла Райымқұловтың бір тал үкідей қызы екен. Әкесі туралы, оның шығармашылығы жөнінде бие сауымдай уақыт сырластық. Сөзімді бөлмей мұқият тыңдады.Тұла бойы тұнған иба, инабат.

– Мамаңа сәлем айт! – деп қоштастым. Телефон алмастық. Арада ай өтпей жатып мамасы Макиза апай телефон шалды. Ақтотыға құда түсіп сырға салу үшін белгілі қоғам қайраткері Ұзақбай Қараманов зайыбымен үйлеріне келмекші екен. Шақырды. «Ақтотының ағасы боп біздің жақтан қатыс», деді. Бардым. Құдалыққа қатыстым. Содан бері ара-қатынасымыз үзілген жоқ. Ағайындай араласып келеміз. Макиза апайды қашан көрсем де қасында – Исахан. Менің курстасым. Ташкент түбіндегі Бостандық ауданында туған. Рахметолла ағайдың жерлесі. Ауылы Төле би бабамыздың жамбасы тиген жерден алыс емес. Іргесінде. Табиғаты тамылжыған таулы өлкенің бұлақ суын қанып ішіп өскен сұлу інілерінің бірі.

Жасы ұлғайғанда туған қызының атын Ақтоты деп ырымдап қойған. «Тоты құстай түрленсін!» дегені ме? Балапанын басынан сипап отырып:

– Өз қанатың болмаса, басқаның қанатымен самғап ұша алмайсың, қызым! – дейді екен Рахаң. «Өзіңе сен!» дегені ғой. Сол Ақтоты қазір білікті ұстаз, білімді тәлімгер. Қанына сіңген қасиетті тәрбиесін шәкірттерінің бойына құйып, санасына сіңдіріп, мейірімін шуақтай төгіп келеді. Белгілі композитор. Оның әсем әндерін орындап қаншама өнерпаз қанат қақты. Аяғын қаз-қаз басқан «Арнау», «Аңсар» атты өнерпаздар тобы қазір «Астана – махаббатым менің!» әнін орындап жүр. Медеу Арынбаев «Алматы – алтын бесігім», Толқын Забирова «Бөбегім» әнімен қошеметке бөленді. Ал, Роза Рымбаева мен Мақпал Жүнісованың орындауындағы «Қазақстан», «Тыр­налар», «Анажан», «Жан әкем», «Әнім сенсің, туған ел» сияқты әуезді ән­дерінің орны бір бөлек. Оның үстіне «Дала сыры», «Жәмила», «Толғау» сияқты кең тынысты симфониялық поэ­малары да бар.

Сол Рахметолла атамыздың жүз жылдық мерейтойы таяуда ғана Таш­кент қаласында кеңінен аталып өтті. Өзбекстан Республикасының ұлтаралық мәдениет орталығының үлкен залында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай кіріспе сөз сөйлеп, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек өзбек, қырғыз, молдаван, грузин, Балтық жағалауы елдерінің әдебиетімен салыстыра баяндама жасады. Қазақ прозасындағы дәстүрлі баяндау мен кейіпкердің ішкі жан дүниесін психологиялық иірімдерін беру секілді дәуірде әдебиетке келген Рахметолла Райымқұловтың қазақ прозасына елеулі үлес қосқанын талдай отырып, тамылжытып айтып берді.

Өзбекстанның Қазақ ұлттық мә­дени орталығының төрағасы Ма­рат Үкібаевтың ұйымдастыруымен бас­талған мерейтой Рахаңның ту­ған жері Бостандық ауданында жалға­сын тапты. Қазақстаннан барған қаламгерлерді Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы Мұхаммед Али қабылдап, ағайындық ақ тілегін білдірді. Халықаралық «Түркі әлемі» киностудиясының директоры, қаламгер Доқтырхан Тұрлыбек деректі фильм түсіріп қайтты.

Рахаңның аяулы жары, Ақтотыдай қызды дүниеге әкелген асыл ана Мәкиза апай денсаулығына байланыс­ты Ташкентке бара алмады. Бұл кейуана әйгілі жазушы Зейін Шашкиннің туған қарындасы. Текті тұқымнан. Сәбит Мұқановтың жары Мәриям апай­дай, Әбіш Кекілбайдың шешесі Айсәуледей, Асқар Сүлейменовтің аяулы анасы Айтотыдай, Иманғали Тас­ма­ғамбетовтің анасы Ділдадай тірі шежіре. Сөзден жаңылмаған. Төгіліп тұр.

Есіл ерін есіне алып:

– Өзбекстан жазушыларына рахмет, – деді мейірлене, – олар Рахаңның мерейтойларын өле-өлгенше атап өтуден жаңылған жоқ. «Екі елдің жазушысы» атаған. Ташкенттегі педагогикалық институтта оқып жүргенде 1935 жылы Өзбекстан қазақ қаламгерлері Қазақстанның 15 жылдығына арнап «Социалистік шашу» атты жинақ шығарыпты. Ішінде Рахаңның өлеңі бар. Бір шумағын айтайын.

Алтын күн көкте күліп

жымыңдайды,

Қызыл гүл жерде тұрып

сыр ұрлайды.

Бұралып бой жеткендей өсімдіктер,

Майысып бір-біріне сыбырлайды.

Әу баста ақындықтан бастаған. Болмыс-бітім, жаратылысы ақынжанды еді. Ауылы Қараманас, қаладан шалғайда. Оқимын деп Ташкентке ауылдан жаяу келгенін жиі-жиі әңгімелейтін. Ол кезде ат-арба да тапшы. Аштық. Жоқшылық. Кемтарлық. Соғыстан соң Ташкентке білім іздеп келген. Қалтай қайным Мұхамеджановтың мынадай қалжыңы бар еді: «Жалаңаяқ жар кешіп, Ташкенде оқыдым. Бәтіңке қайда? Аяғымыз күс-күс, башпайымыздың арасына шөп өсіп кететін» дейтін. Рас. Қиындығы көп қилы заманды басынан өткерді. Соғысқа қатысып, елге 1946 жылы оралған.

– Макиза апай, кейінгі ұрпақ біле жүрсін, о кісі кімдермен жиі аралас­ты?

– Адам жатырқамайтын. Бәріне құшағы ашық. Қай қазақ болса да қамқорлығын аямайтын. Тіпті түр-түсін танымаса да жас жазушылардың әңгімесін оқып, сыртынан риза­шылығын білдіріп отыратын. Есімдері елге белгісіздеу, әдебиеттің есігін енді-енді аша бастаған Софы Сматаев пен Дулат Исабеков жөнінде: «Осы екі жігіттің еңбектерін ерекше сүйіп оқимын. Екеуі де болашағынан үлкен үміт күттіретін жастар», дейтін. Рахаңның ағайындай боп араласпаған адамы кемде-кем: Бауыржан Мо­мышұлы, Сырбай Мәуленов, Қалижан Бекхожин, Қалмұқан Исабаев, Әбен Сатыбалдиев, Шерхан Мұртаза, Мыңбай Рәш, Сайын Мұратбеков, Бекен Әбдіразақов, Шәміл Мұхамеджанов, Қалаубек Тұрсынқұлов, Оспанхан Әубәкіров, Қалдарбек Найманбаев... Ұшы-қиырсыз. Әсіресе, Мұқағали Мақатаевпен ағалы-інідей аралас­ты. Шіркін, Мұқағали кісі таны­ғыш, сезімтал азамат еді ғой! Үйге келіп, Ақтотыны қызықтап, Рахаңмен ұзақ әңгімелесетін. Өмірі мақала түртпейтін Мұқағали 1968 жылы «Түйелі адам» повесі туралы рецензия жазды. Ағасына деген сүйіспеншілігі шығар. «Адамдардың жан дүниесін іс-қимылдары арқылы шебер де жатық тілмен жан-жақты көрсетеді. Райымқұловтың тілі оралымды, өзіндік үн-сазы бар. Шектен тыс сөзбұйдалық пен орынсыз ділмарлық жоқ», деп баға беріпті. Ал академик Рахманқұл Бердібаев «қазақ прозасының дамуына, оның көркемдік деңгейінің көтерілуіне үлес қосқандығын» айтса, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауин: «Ұлттық санасы жоғары, шұрайлы қазақ тілін бойына сіңіріп өткен қаламгер еді», деп емірене еске алып, ерекше пікір білдірген. Университетте бірге оқыған досы, ғарышкер, Халық Қаһарманы Талғаттың әкесі Амангелді Мұсабаевпен қиналған сәттерінде ақылдасып тұратын. Шә­кірт­тері көп еді. Соның бірі ізінен ерген інісі танымал ғалым Бақтияр Сманов.

Рахаң елу бес жасында тұңғыш рет әке болды. Ақтоты дүниеге келді. Құрдастары: «Осынша жасқа келіп... Сондағың қыз ба?» деп қалжыңдаса, жарықтық Рахаң: «Ойбай-ау, өзімнің әлі күнге дейін балам болмаса, ол ұл боп туса, тіл тиіп өліп қалады ғой! Маған өлмейтін қыз керек», депті. Мұны естігенде қуанғанымнан жүрегім жарылып кете жаздады. Азан шақырып атын кім деп қоямыз? Ақылдастық. Алдымен Зейін Шашкин ағам: «Сәбидің аты Айжан болсын» деді. Рахаң кешірім сұрап: «Менің кітабымда бір тамаша кейіпкер бар еді. Шіркін, тым болмаса осындай ғана қызым болса деп армандау­шы ем. Оның аты – Ақтоты еді», деді.

Ақтотыны көшеге қыдыртса жетек­темейтін. Оң иығына отырғызып, үкілеп ұстайтын. Тағдырдың маңдайына жаз­ғаны шығар, Ақтоты он екі жасқа тол­ғанда, бар қызығын қалдырып бақилық болды...

Көпен ӘМІРБЕК,

Қазақстан Республикасы

Президенті сыйлығының лауреаты.

––––––––––––––––––

Суреттерде: 1. Бірінші қатарда (сол­дан оңға қарай) Рахметолла Райым­құ­лов, Бауыржан Момышұлы, Жұбан Мол­дағалиев, Қуандық Шаңғытбаев. Екінші қатарда (солдан оңға қарай) Виктор, Қаратай Құттыбаев, Қажықұмар Қуан­дықов, Баламер Сахариев. 2. Рахметолла Райымқұлов.

Соңғы жаңалықтар