• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
12 Қазан, 2013

Өзгенің қаңсығы бізге таңсық па?

560 рет
көрсетілді

Кеңес заманында бар халықтың көретіні бірдей, бірнеше ғана телеарна болса, қазір құдайға шүкір, пультіңізді қолға алып ауыстыра берсеңіз тоқтау жоқ. Спутниктік, шетелдік арналардан өзге отандықтықтардың өзінің қарасы молайды. Соңғы уақытта телеарналар көрермен сұранысын өтеуге бет бұрғандай мәдениет, білім, спорт пен балаларға арналған арналарын да ашып, оларда 100 пайыз өздері дайындамағанмен басқалардың жақсы деген бағдарламаларын аударып беретін үрдіс қалыптасып қалды. Осылайша телеарналар көпшілік көңілінен шығуға ұмтылыс танытуда.

 

Кеңес заманында бар халықтың көретіні бірдей, бірнеше ғана телеарна болса, қазір құдайға шүкір, пультіңізді қолға алып ауыстыра берсеңіз тоқтау жоқ. Спутниктік, шетелдік арналардан өзге отандықтықтардың өзінің қарасы молайды. Соңғы уақытта телеарналар көрермен сұранысын өтеуге бет бұрғандай мәдениет, білім, спорт пен балаларға арналған арналарын да ашып, оларда 100 пайыз өздері дайындамағанмен басқалардың жақсы деген бағдарламаларын аударып беретін үрдіс қалыптасып қалды. Осылайша телеарналар көпшілік көңілінен шығуға ұмтылыс танытуда.

Алайда, көркем фильмдер, сериалдарға келсек, жағдай мәз емес. Көрерменін алдына байлаған «жәшіктен» не көріп жүрміз? Әр арнадан 4-5-тен берілетін қаптаған түрік, корей, қытай сериалдарының көркемдік дәрежелері, тарататын идеялары, беретін үлгілері қандай деген сауалдарға жауап іздесеңіз, тығырыққа тірелесіз. Әйтеуір, көңіл жұбатарлығы, осы өртеңге шыққан шөптей қаулаған сериалдарды қазақшаға тәржімалағанда ең болмаса дубляж саласындағы мамандардың қатары өсер деген ой келетіні дәтке қуат. Әйтпесе, арналар қыруар қаражат шығарып, осы сериалдарды сатып алып жатқанда не ойлады екен, отандық телеарналар қанша жекенің меншігі болса да, көпшілікке рухани азық болатын дүниелерді экраннан халыққа ұсынарда мемлекеттік, елдік тұрғыдан неге келмеске деп налисың. Әлде мұнымен министрліктің айналысқаны жөн бе екен, немесе барлық арналарға жіберілетін сериалдарды сараптан өткізетін көркемдік кеңес қажет пе екен деген сан түрлі ой мазалайды.

«КТК» арнасында түріктің «Қайран өмір» атты сериалының алдымен бірінші маусымы, одан қазір жалғасы басталып, үлкен-кіші экранға үңіліп, ақырында қазақтар басты кейіпкер Айлин есімімен жаңа туған сәбилерін де атай бастады. Ал сол Айлин қызға ағайынды екі жігіт бірдей ғашық болады, Кішісі – Мұрат мүгедек те, үлкені – Сонер мол байлықтың иесі, жасы келсе де үйленбеген сүрбойдақ. Айлин Сонерді жақсы көргеніне қарамастан, әйтеуір, бір шаңырақтың астында күнделікті сүйгенін көріп жүру үшін мүгедек інісіне тұрмысқа шығады. Артынан жарының ағасын жақсы көретінін білген Мұрат өзіне қол салады. Інісінің беті жабылған соң Сонер Айлинге үйленеді. Айлин маңайындағы шырғалаң бір бұл емес. Айлин мен оның немере сіңлісі арасында да Сонер үшін тайталас жүреді. Туыстық, жақындық, бауырмалдық қаты­нас­тар бырт-бырт үзіліп, қазақы тұрғыдан алғанда «мал құлағы саңырау» ешкім естімесін, жаман­дық жұққыш болады», деп жиреніп отыратын үлгісіздіктің барлығы осы сериалдан табылады. Бұрынғысы аздай жақында «КТК» осы сериалдың жалғасын көрсетуді тағы бастады.

Немесе жақында ғана көрер­мен­нің «көзайымы» болған «Аста­на» арнасынан көрсетілген тағы бір түріктің «Гүллі ханым» сериалын алайықшы. Бірыңғай адамгершіліктен аттау, дүние жо­лында қиып жіберіп кісі өлті­ру, қайын сіңлісінің күйеуіне жең­ге­сінің тұрмысқа шығуы, бала ұр­лау, үйге өрт қою, зина жасау дейсіз бе, көріп отырып иманың қа­сым болатын кісәпірлікке, тек­сіздікке, қасиетсіздікке, қаты­гез­дікке куә боласыз. Сонда осын­дай фильмдерді көпшілікке шімірік­пес­тен ұсынатын арналар­дың ойлағандары не?! Мұның жанында ойын баласын үйлендіріп, бесіктен белі шықпаған кішкентай қызды ұзататын «Қазақстан» арнасынан беріліп жатқан үнділік «Келін» сериалын бейкүнә дерсіз. Қызықтап қарап отырған үлкендер: «Е-е, өздерінің салт-дәсүрлері сондай шығар, бірақ, онысы несі, кіп-кішкентай қызды «келін» деп»,– деп ерсі көріп, әйтеуір «әр елдің салты басқа...» шүкіршілік, өзге ел ғой деп отырары хақ.

Бұған әрине, телеарналар тарапынан: «Отандық телесериалдар қаулап тұрып, оларды көрсетпестен шетелдіктерді сатып алып жатыр ма екенбіз. «Жоқтан бар жасап» көрерменге оны тіптен ана тілінде ұсынып отырғанымызға рахмет айтпай ма?», деп қарсы уәж айтылатынын да білеміз. Бірақ, кітаптан гөрі компьютер мен теледидарға үңілетін заманда, ата-ана жұмысбастылықпен үйдегі балаға қарай алмайтын кезеңде, ғаламдасқан әлемде, шекаралардың өзі шарттылыққа айналып бара жатқанда жас буын­ды жамандықтан қорғау қалай жүргізілуі тиіс? Түптеп келгенде, ұрпақ жанының саулығы мемлекеттік іс, ұлттың ертеңгі қауіпсіздігі емес пе.

Көрермендердің күнделікті серігіне айналып бара жатқан, орыс па, түрік пе, корей ме, әйтеуір қазақ емес осы телехикаяттар турасында интернет әлемі не дейді екен деген оймен ілмектеу арқылы біраз сайттарды шарладық. Қаз-қалпында сол пікірлерді келтіре кетейік. Әлқиса:

antijrca, 22 ақпан 2010 14:12 былай депті: Ақзереге: Прокатқа «құдайы» қылып әкеліп жатқан жоқ сол сериалдарды. Сыртқа кетіп жатқан соманың неше нөлі бар екенін бір Алла біледі. Бізде жақсы актерлер бар, жетпей жатса кастинг өткізу керек. Түсіремін десе өмірде тақырып та толып жатыр. Қалталы космолиттер мемлекет үшін қайырлы бір іс жасауға құлықсыз, мемлекет ұлттық нақыштағы туындыларға қаржы бөлдірмейді, самарқау қарайды. Шетелден келіп жатқан сериалдар бізді қараңғылықтан «сүйреп» алып шығады дегенің бір түрлі ойға қонымсыз. Өзімізге өзіміздің жанымыз ашымаса, шетелдегілердің біздің қамды ойлауы мүмкін емес қой. Аққу, шортан һәм шаян.

akzere, 22 ақпан 2010 14:17 былай депті. Біз ғана емес, бүкіл әлем Батыстың киносы, музыкасымен тыныстайды, тіпті кореялықтар да. Жоқ нәрсені жоқ, бар нәрсені бар деу керек қой. Сериал түсірсін, тек Астана қандай керемет, бәрің көшіңдер деген сарында емес, жәй ғана өмір жайлы, жақсы актерлік шеберлікпен түсірілген сериалдарды көруден еш қашпаймыз!

tarazkyzy, 22 ақпан 2010 16:03 былай депті. Өз басым корей сериал­дарын жақсы көрем. Түрік сериал­дарын­дағы атыс-шабыс, орыс сериалдарындағы айқай-шу, Бразилия сериалдарындағы азғындық жоқ корей сериалдарында. Төзімділік пен сабырлылық дегенді білетін, сезімді үнсіз ұқтыра алатын халық. Мазасыз тіршіліктен шаршағанда мөлдір әлемге кіріп кетесің. Басқаларын қайдам, өзім демалам…

antijrca, 22 ақпан 2010 16:28 былай депті: Ақзереге: Саған не үшін сапалы кинолар түсірілмей жатқанын айтып кеттім ғой. Патриоттық сана төмен, өнердің құны төмен, шын дарынды адамдарды бағаламайды. Бүкіл әлем Батыстың киносы, музыкасымен тыныстайды депсің, мұныңа қосылмаймын. Мәселен, мына өзбек көршілерімізде бар-жоғы 14 телеарна бар, таңның атысы, кештің батысы тәулігіне жиырма төрт сағат өзбекше сайрайды, өзбек киноларын көрсетеді, өзбекше бейнебаяндарын айналдырады, салт-дәстүрлерін «міне-міне» бізде мынадайлар бар деп көрсетуден жалықпайды. Қытайды алсақ, шетелдік көрсетілімдердің 1/3 қысқартты, алдағы уақытта қысқарта түсетініне күмәнім жоқ. Басқасын қойып, осы екі көршіміздің істерінен өнеге алатын уақытымыз жетті ғой. Еуропаның арзан «құндылығы» бүгін бар, ертең жоқ. Кезінде Гитлерден әлемді қалай жаулап алмақшы екенін сұрағанда: «Тәулігіне 24 сағат түрлі даңғырлақты тыңдау арқылы өздері-ақ оп-оңай беріледі, рухтары сынады, саналары ұсақталады, кітап оқудан қалады», депті. Солай!!!

Иә, қалай айтқанда да, бұл ұзын сонар телесериалдарды бізге шүлен таратқандай тегіннен- тегін беріп жатқан жоқ. Қыруар ақшаның шетке кеткені былай тұрсын, сол елдің экспанциясы үстемдігін жүргізіп, ой әлемін билеп, рухани діңгекке тигізер әсерін қайда қояр екенбіз.

Бала кезімізде ауылға теледидар келмеген тұста Алматыдағы Әкем театр мен Балалар мен жасөспірімдер театрының қойылымдарын радио арқылы тыңдап, кейін Алматыға келгенде бұрын дауысын естіген Зәмзәгүл, Шолпан, Хадиша, Сәбира, Фарида апайларды, Серке, Елубай, Қапан, Әнуар, Сәбит, Алтынбек сынды әртістерді көруге ынтығып, театр табалдырығын жүрегіміз дүрсілдеп тұрып аттайтынбыз. Жарайды, біздің қазіргі уақытта телесериалдар мен отандық көрермендерге қажет өзге де дүнияларды пештен жаңа шыққан ып-ыстық тоқаш күйінде таратуға шамамыз келмесе, ел театрларында қойылып жатқан үздік туындыларды экран арқылы халықтың көзайымына айналдыруға болмай ма? Бұл бір жағынан театрларға да көмек қой. Егер кезінде жоғарыда аттары аталғаны бар, аталмағаны бар әртістеріміздің қатысуымен өткен небір драма, комедия, трагедияларды бейнетаспаларға түсіріп алсақ, қазір қаншалықты ұтқан болар едік. Амал не, ол кезінде де, қазір де қолға алынбай келе жатқан олқылық. Есесіне, арақ культі насихатталатын, алдау, арбауды үйрететін шетел сериалдарын өзіміз де, балаларымыз да көріп күн артынан күн, ай артынан ай жылжып өтіп барады...

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар