• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Шілде, 2020

Оралдық кәсіпкер ауруханаға жабдық сыйлады

421 рет
көрсетілді

Батысқазақстандық кәсіпкер Қанат Жанғазиев облыстық көпбейінді ауруханаға жалпы құны 2 миллион теңгеден жоғары тұратын үш дана тыныс алу аппаратын – оттегі концентраторын тарту еттідеп хабарлайды Egemen.kz.

Барлық жердегі сияқты Орал қаласында да коронавирус індеті өршіп тұр. Өңір басшылығы тілсіз жаумен күресте халық болып қарсы тұру жөнінде үндеу тастаған болатын. Ауруханадағы науқастарға аса қажет болып тұрған медициналық жабдықтың бірі – құны 680 мың теңге тұратын оттегі концентраторы еді. "Давид Строй" ЖШС директоры Қанат Жанғазиев Батыс Қазақстан облыстық ауруханасына осы аппараттың үш данасын бірден тарту етті. Бұл жабдық ауадан оттегі жасап, науқастардың тыныс алуына көмектеседі.

– Жанашыр азаматтар науқастарға үлкен көмек көрсетіп жатыр. Қазір ауруханадағы жағдай күрделі. Правизорлық стационарға күніне жиырмадан аса науқас түседі. Осы сәттегі бізге керек басты құрал – дәл осы оттегі концентраторы еді. Бұл аппараттар бізге, мұндағы науқастарға үлкен көмек болды. Сол үшін осындай игі іс жасаған азаматтарға алғысымызды айтамыз, - деді Батыс Қазақстан облыстық көпбейінді ауруханасының директоры Арман Байдеуов.

Игі бастама иесі Қанат Жанғазиев өзге әріптестерін індетпен күресте халықпен бірге болуға шақырды.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында індет жұқтырғандар саны 3423-ке жеткен. Олардың 1185-і жазылып, үйлеріне шыққан. Жуырда облыстық көпбейінді ауруханада 150 орын провизорлық стационар ашылмақ.

Суретті түсірген Дастан БИЖАНОВ

Батыс Қазақстан