• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Парламент 09 Шілде, 2020

Жүйелі жұмыстар қолға алынуы керек

192 рет
көрсетілді

Президент кешегі телевизиялық үндеуінде коронавирус індетіне қарсы қолға алынған шараларға жан-жақты тоқталып, түсіндірді, халыққа демеу сөзін айтты.

Қ.К. Тоқаев сөзінде "Мемлекеттік комиссияның шешімімен 5 шілдеден бастап елімізде екі апталық мерзімге карантин шаралары енгізілді. Бұл аса қажетті шешім болды", деді.

Тәжірибе көрсеткендей, карантин індетпен күрестің ең тиімді тәсілі екенін толық дәлелдеді. Сол себепті індет тараған мемлекеттердің басым бөлігі осы тәсілге жүгінді және олардың ішінде Қазақстан да бар.

Қазіргі таңда денсаулық сақтау жүйесінің індетпен күресте кейбір қателіктерге бой алдырғаны анықталып отыр. Әсіресе, жедел жәрдем шақыртудың қиындығы, сырқаттарды ауруханаларға жатқызудың өте қиын процеске айналуы, дәрі-дәрмектердің, қорғану құралдарының тапшылығы халықты қатты күйзелтуде. Ақпараттық жұмыстардың, әсіресе медицина мамандарының кең көлемде ақпараттық кеңістікке шығуы қамтамасыз етілмегенін көре аламыз. Осы бағытта жүйелі жұмыстар қолға алынуы керек деп санаймын. Бұл туралы Президентіміз де айтып өтті. Дегенмен, біздің дәрігерлеріміз індетпен күресте бар білімі мен біліктілігін пайдаланып, жан аямай еңбек етіп жатыр, сол үшін біз оларға шексіз алғыс айтамыз. 

Медицина жұмысын ұйымдастыруда өңірлерге, әсіресе ауылдық жерлерге назар аударылуы аса маңызды. Мемлекет басшысы халықты тестілеу шараларын арттыру мақсатында қосымша 20 ПТР-анализатор сатып алынып жатқанын және ауылдық елдімекендерді қоса алғанда ПТР тестілеу үшін 8 мобилді орталық құрылып жатқанын айтты. Қазіргі таңда халқымыздың 40%-дан астамы ауылдық жерлерде тұрады, сондықтан бұл маңызды қадам деп есептеймін.

Сонымен қатар түрлі желілер арқылы көптеген жалған ақпараттардың таралуы тоқтамай тұр. Бұған "инфодемия" деген атау да беріп үлгердік. Бұл індетпен күресте қосымша кедергілер туындатып отыр. Сондықтан халқымызды тек ресми ақпаратқа сеніп, сабырлы болуға шақырғым келеді.

 

Динар НӨКЕТАЕВА,

Парламент Сенатының депутаты