Дүниені бір тарының қауызына сыйғызып жіберген жұқпалы індет әлемнің экономикалық дамуы мен өндірістік үдерісін де қайта жоспарлауға мәжбүр еткені анық. Яғни бұдан былайғы кезеңде тұтыну нарығын қамтитын өнеркәсіп саласындағы жаһандану үрдісі үзіліп, ішкі өндірістердің дамуына көңіл бөлудің маңыздылығы күн тәртібіне шығады, деп жазады Egemen.kz
Бұл, әсіресе, мемлекеттер дамуындағы стратегиялық бағыттардың ұлттық қалыпқа оралуына жол ашатын тиімді мүмкіндік ретінде бағалануы керек. Оның ішінде жеңіл өнеркәсіп пен фармацевтика өндірісіне бірінші кезекте көңіл бөлінуі тиіс. Анығында, коронавирус пандемиясының салдарынан туындаған бұл талаптар ұлттық экономиканы модельдеу мен индустриаландыру бағыты бойынша отандық фармацевтикаға ерекше назар аудару керектігін еске салғандай. Өйткені соңғы аптада Қазақстанда дәрі-дәрмек тапшылығы анық сезіліп, денсаулық сақтау саласының жұмысы ақсатып қалғанын жасыруға болмас.
Демек, дәрі-дәрмек өндірісін өркендету үшін қолдан келгеннің бәрін жасау – міндет. Қуанышқа қарай, Қазақстан үшін фармацевтика өндірісі таңсық емес. Яғни елімізде дәрі-дәрмек шығаруға мүмкіндік бар әрі оған барлық жағдай да жасалған. Ендігі жерде бұл саланың дамуына жоғарғы деңгейде бақылау орнап, қаржылай қолдаудың нәтижесін талап ету тетігі күшеюі қажет сияқты.
Өйткені қазір отандық нарыққа қажет дәрі-дәрмектің 87 пайызы шетелден тасымалданады! Ал қалған 13 пайыз үлеске ие қазақстандық өнімнің өзі медицина саласы мен халық денсаулығына қажет өнім түрін шығаруға қол жеткізе алмай отыр екен. Отандық фармацевтиканың бұл мәселесіне Қоғамдық сенім кеңесінің 3-отырысында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бас назар аударып, саланы дамытуға қатысты түбегейлі реформа жасау қажеттігін айтқан болатын.
Яғни Президент фармацевтика саласындағы жаңа саясат ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етуге, өндіріске озық технология үлгісін тартуға және импортты алмастыруға бағытталатын өткір шара туралы атап өтті. "Өкінішке қарай, елімізді дәрі-дәрмекпен және медициналық өнімдермен қамтамасыз ету ісінің олқылықтары анықталды. Біз – импортқа тәуелдіміз. Шетелден келетін дәрілердің нарықтағы үлесі 88 пайызға жуық. Соған қарамастан, отандық ғылымның фармакологиялық зерттеулер жүргізу үшін тәжірибесі жеткілікті. Ғылыми база да, білікті мамандар да бар. Сондықтан үкімет дәрі-дәрмек өндірісінің біртұтас жүйесін құруы қажет", деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазір еліміздің фармацевтика өндірісінде 168 нысан жұмыс істеуде. Олардың үшеуі қуатты кәсіпорын санатына кіретін болса, 11 өндіріс орының жұмыс қуаты орташа және 154 мекеме шағын өнеркәсіп қатарында аталады. Сондай-ақ бұл салада 16 мыңнан адам жұмыспен қамтылған екен. Ал 2010 жыл мен 2018 жыл аралығындағы кезеңде фармацевтиканы дамытуға арналған 30 жоба мақұлданып, оған 45 млрд теңге қаржы бағытталған. Әрі дәрі-дәрмек өндірісіне инвестиция тарту жұмысы да жанданған. Қазір Қазақстанда Түркия, Польша, Қытай және Ресей елінің қаржысына салынған зауыттар өнім шығаруда. Осы мақсатқа құйылған инвестиция көлемі 28,8 млрд теңге шамасында.
Сондай өндірістің бірі 2014 жылы іргесі бекіген "Kelun – Kazpharm" фармацевтика зауыты. Алматы облысының Қарасай ауданындағы Елтай ауылында орналасқан өндіріс Hong Kong Sunlight International Trating Co., Limited, Kelun International Development Co., Limited коррпорациясының Қазақстандағы ірі инвестициялық жобасы. Өндірске 7,5 млрд теңге инвестиция салынған екен.
Қазір "Kelun – Kazpharm" фармацевтикалық зауыты өз өндірісін екі бағытта дамытып отыр. Айтпақшы, бұл зауыт дүние жүзіндегі медициналық препараттар өндірісінің сапасын қадағалайтын GMP талабына толықтай сай келетін алғашқы кәсіпорынның бірі екен. Өндірістің бір бағыты инфузиялық ерітінді дайындауға арналып жабдықталған. Алынған өнім жоғары сапа мен қауіпсіздік талаптарына сәйкес полипропиленді құтыларға құйылады. Бұл препарат отандық медицинада ғана мес, әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие болып отыр.
Ал дәрі-дәрмек өндірісінің екінші бағыты инекциялық сұйықтық шығаруға арнайы жабдықталған. Шыны ампулаларға құйылған өнімнің сапасы мен медициналық талап өлшемі әлемдік стандарттар тұрғысынан жоғары баға алған. Қазір зауыт үшінші бағыттағы өндірісті іске қосуға кірісіп жатыр. Жоба сәтті жүзеге асса, "Kelun – Kazpharm" елімізде алғашқы болып жоғары технологиялық әдісте дайындалатын лиофилизинді ұнтақ дәрі жасау өндірісін жолға қоймақ.
"Бүгінде зауытта 380 адам жұмыс істеуде. Біз төтенше жағдай кезінде де өндірісті ақсатқан жоқпыз. Санитарлық талап өте жоғары деңгейде сақталады. Жұмысшылардың да жағдайы жасалған. Болашақта жұмыс орынын 450 қызметкерге дейін жеткізу жоспарда тұр. Зауыттың дайын өнімі еліміздің барлық қаласына жөнелтіледі. Көршілес Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елінің медицинасы да біздің өнімге мұқтаж", дейді "Kelun – Kazpharm" фармацевтика зауытының атқарушы директоры Мерей Сламұлы.
Тоқ етерін айтқанда, дәрі-дәрмек өндірісін дамытып, елімізді отандық өніммен толық қамтуға мүмкіндік бар. Әрі осы саладан түсетін табыстың да жоғары екені дәлелденген екен. Мысалы, 2010-2018 жылдар арасында отандық дәрі өндірісінің жылдық табысы 4 есеге ұлғайып, 19,9 млрд теңгеден 78,8 млрд теңгеге дейін өскен. Және бұл сома айналымдағы 13 пайыздық үлестен түскен пайда болса керек, ал ішкі нарыққа кірген импортқа жұмсалатын қаржы миллиондаған АҚШ долларын құрайды. Демек, соңғы күндері орын алған дәрі-дәрмек дағдарысының отандық фармацевтиканы оңалту мен одан әрі дамытуға оң әсері болатыны анық.