Бұл туралы онлайн-брифингте Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов мәлімдеді. Аймақ басшысының айтуынша, еліміз бойынша өзекті болған дәріханалардағы дәрі-дәрмек жетіспеушілігі өңірде реттеле бастады, деп хабарлады Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация орталығы.
Маңғыстау облысына дәрі-дәрмектерді тасымалдаумен 4 мекеме айналысады. Олар "Медсервис Плюс" ЖШС, "Эмити Интернешнл" ЖШС Ақтау қалалық филиалы, "Инкар-Актау" ЖШС және "АДА Фарм-Актау" ЖШС мекемелері.
6 шілде күні "Медсервис Плюс", "Эмити Интернешнл", "Инкар-Актау" мекемелерінің әрқайсына 90 м3/текше метр көлемінде 1 жүк көлігімен, жалпы 3 жүк көлігімен дәрі-дәрмектер жеткізілді. Осы күндері тұрғындардың қолжетімділігін арттыру мақсатында дәрі-дәрмектер арнайы тіркеуден өтіп, өңірдегі дәріханаларға таратылып жатыр. Сонымен бірге, "АДА Фарм-Актау" ЖШС өзінің 22 дәріханасын қамтамасыз етуде.
10 шілде күні "Медсервис Плюс" мекемесіне кезекті жүк көлігімен қосымша тағы да дәрі-дәрмектер келеді. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің қолдауымен Ресей Федерациясы Астрахан қаласынан дәрі-дәрмекті жеткізу жұмыстары жүргізілуде. "ЕРСАЙ Каспиан Контрактор" ЖШС де дәрі-дәрмек үшін қаржылай демеушілік көрсетуге дайын екендігін білдірді.
Бұл бағытта Маңғыстау облысының әкімдігі, облыстық провизорлар мен фармацевттер қауымдастығы және тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті арасында дәрілік заттарға қажеттіліктің өсуіне қатысты мәселелер бойынша ынтымақтастық туралы меморандум жасақталды. Осыған орай, дәріханалардағы дәрі-дәрмектің бағасын реттеу мақсатында қалалар мен аудандарда "Маңғыстау-Адалдық алаңы" жобалық кеңсесімен және құқық қорғау органдарымен бірлескен арнайы мониторингтік топтар құрылды. Олар үнемі рейдтік шаралар жасап, бағаның негізсіз өсуін болдырмау үшін жұмыстанатын болады. Бүгінгі күні 3 заңды тұлғаға қатысты шара қабылдануда.
"Бұл бағытта облыс тұрғындарын да барынша азаматтық жауапкершілік танытуға шақырамыз. Егер де дәріханалардағы негізсіз көтерілген дәрі бағаларын байқасаңыздар Маңғыстау облыстық экономикалық тергеу департаментінің келесідей телефондарына хабарласуыңызды сұраймын –40 34 01, 8 702 561 6668, 8 775 195 7171, 8 707 573 1295, 8 707 405 0051. Сонымен бірге, "Маңғыстау-Адалдық алаңы" жобалық кеңсесіне 8 775 222 7292 байланыс нөміріне Ватсап желісі арқылы жолдай аласыздар", деді С.Трұмов.