• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
13 Қазан, 2013

Қызылорда облысының әкімі Еңбек Ерлеріне көлік сыйлады

350 рет
көрсетілді

Кеше, 12 қазан күні Қызылордадағы Н.Бекежанов атындағы музыкалық-драма театрында болып өткен «Алтын күз» мерекесінде ауыл шаруашылығы және өндіріс салаларының озаттары марапатталды. Оның барысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев кезінде биылғы жылғы өндіріс озаттарымен бірге, Сыр бойының егіншілікте даңқын асырған бір топ Социалистік Еңбек Еріне де жеңіл көліктердің кілтін табыс етті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Сыр бойында 157,2 мың га жерге егілген ауыл шаруашылығы дақылдары толығымен жиналды. Күріштен 360,8 мың тонна өнім өндіріліп, бастапқы салмақта орта өнім гектарына 48,8 центнерді құрады. Дала еңбеккерлері егіннің басқа түрлерін де төкпей-шашпай жинап алды», - делінген хабарламада.

«Ауыл шаруашылығының дамуы облыс үшін өте маңызды. Аймағымызда күріш және балық шаруашылықтарын дамыту бағытында тиісті кластерлер құрылды. Елбасы ауылдық елді мекендердің әлеуетін арттыруға әрдайым көңіл бөліп келеді. Бізде үлгі етуге тұрарлық шаруашылықтар мен ауылдар бар, бірақ олар санаулы. Біз енді тірек елді мекендерін дамытуға көңіл бөліп отырмыз, - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жиін-терімге арналған жиында.

Облыс әкімі салтанатты шарада диқандарды күзгі жиын-терімнің сәтті аяқталуымен құттықтай келіп, 29 сала үздігін арнайы номинациялармен марапаттады. Қазалылық Омар Сәрсенбаев «Озат жатка машинисі», аралдық Сырым Қожбанов «Озат жылқышы», сырдариялық Батырхан Кеңесұлы «Озат түйекеш», қармақшылық Виктор Кан «Озат бригадир» атанды. Номинация иелеріне Қ.Көшербаев бағалы және қаржылай сыйлықтар, сондай-ақ автокөліктер берілді. Ал Еңбек Ерлері Шырынкүл Қазанбаева, Амангелді Ахметов, Сәлима Жұмабекова, Шамантай Әбжанов облыс әкімінің қолынан шетелдік көліктердің кілтін алды.

Ауыл шаруашылығы жылының қорытындысы бойынша Сырдария ауданы, ал егін шаруашылығы бойынша Жалағаш ауданы І орынды иеленді. Ал Жаңақорған мал шаруашылығы саласы бойынша озат деп танылды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде Қазалы ауданы тұғыр биігінен көрінді. Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.

Сәкен Майлыбай.

 

Соңғы жаңалықтар