Ресейдің көптеген бұқаралық ақпарат құралдары Мәскеуде Михаил Горбачевтің қайтыс болғанын жеткізді. Ол басына кеспелтекпен қатты ұрғаннан бақилыққа аттанып кетіпті. Бұл туралы «Актобе-таймс» газеті жазды.
Алайда, біз «жаназасын шығарып отырған» Михаил Горбачев кезінде Кеңес Одағын Бас хатшы ретінде де, Одақтың бірінші және соңғы президенті ретінде де басқарған тұлға емес. Біздің ақпарымызға ілінген Горбачевтің өлімі 1 қазан күні Қызыл Кремльді қаладағы пәтерлердің бірінде орын алған. Осында «бір кесе шай ішуге» кірген қонақ пен үй иесі оның соңын «жүз грамдатып» жібереді. Соңынан екеуі де үйдің ауласына шығады. Сол жерде, таңғы сағат 3-тің кезінде екі кәнігі бөтелкелес дос төбелесіп қалады. Осы арпалыста үйдің иесі мейманының басына кеспелтекпен бір қояды.
Осы соққыдан оңалмаған бейшара үйіне сүйретіліп жетеді де, өзінен 7 жас үлкен, сал болып жатқан 65-тегі ағасына жедел жәрдем шақыртады. Бірақ дәрігерлер келем дегенше, 58 жастағы Михаил Горбачев жөнеп кетеді.
Қазір осы өлімге күдікті ұсталып, тергеу алдында жауап беріп жатыр. Оған 10 жыл түрмеде отыру жазасы кесілуі мүмкін.
Мұрат Айтқожа.