• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 13 Шілде, 2020

Жаһан коронавирус құрсауында

589 рет
көрсетілді

Әлемде коронавирус індеті қайта өршіп барады. Өткен жұма күні бір күнде 223 мыңнан астам адамның вирус жұқтырғаны анықталды. Бұл – пандемия басталғалы бергі рекордтық көрсеткіш. Осылайша, әлемнің түкпір-түкпірінде қауіпті дерттің тырнағына ілінгендер саны 12,5 миллионнан асты.

Індет Латын Америкасы мен Азия елдерінде күрт тарап, науқастар саны сағат сайын көбейіп жатыр. БҰҰ-ның хабарлауынша, Кариб бассейні де пандемия ошағына айналмақ. Іргелі ұйым мұның басты себебі ретінде әлеуметтік теңсіздік, жұмыс барысында сани­тар­лық нормалардың сақталмауы, ме­ди­­цина сапасының төмендігін атап көрсетті.

БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутер­­риштің айтуынша, кедейлерге, мүгедектерге, қарттарға, әйелдерге, жер­­­гілікті халық өкілдеріне, босқын­дар­­ға зор қауіп төніп тұр. Сондай-ақ пандемияға байланысты аталған өңірлерде кедейлік деңгейі 7 пайызға артады. Нәтижесінде, 230 миллион адам күнкөріс деңгейінен төмен өмір сүрсе, 96 миллион тұрғын қайыршылық жағдайда тіршілік етеді екен.

«Біз вирустың таралуын тежеу және барлық адамның өмірі мен денсаулығы үшін күресті күшейту мақсатында қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Бірақ біз бұрын-соңды болмаған әлеуметтік-экономикалық салдарға қатысты шаралар қабылдауға тиіспіз», де­ді А.Гуттериш он­лайн-баспасөз жиынында.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да коронавирустың қарқыны артып бара жатқанына алаңдаулы. Ұйым басшысы Тедрос Гебрейесус COVID-19 вирусынан туындаған пандемия әлі де шырқау шегіне жетпегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, індеттің жоғары қар­қын­мен таралуына билік өкілдерінің дер кезінде қимылдап, әрекет етпеуі әсер еткен.

«Қазір бізге кезігіп отырған басты қиындық вирус емес, жаһандық және ұлттық деңгейдегі көшбасшылық пен бірігу жетіспей тұр. Бұл қасірет достарымызды сағынтып, көптеген өмірді жалмады. Оны бөлек-бөлек жеңе алмаймыз», деді Т.Гебрейесус Женевада өткен баспасөз жиынында.

ДДҰ басшысының бұлай алаңдауына негіз бар. АҚШ прези­ден­ті Дональд Трамп бұған дейін талай мәрте ұйым құрамынан шығатынын мәлімдеген. Ақыры Ақ үй әкімшілігі ресми түрде бұл қадамға кірісіп кетті. Алда-жалда Құ­рама штаттар ДДҰ-мен ат құйрығын үзіссе, ешкімге оңай тимейтіні анық. Өйткені АҚШ – ұйымға ең көп қаржы құятын мем­лекет. Яғни коронавирус ін­­детімен күрес, одан кейінгі ах­уал­ды жақсартуға арналған бір­қатар бастама аяқ­сыз қалуы әбден мүмкін. Бұл – біріншіден.

Екіншіден, вирустың таралуы бірқатар елде артып, бұған де­йін індетті ауыздықтадық деген мемлекеттер қайта карантин жариялауға мәжбүр болды. Әсіресе АҚШ, Бразилия, Үн­діс­тан және Оңтүстік Аф­ри­ка­да жағдай бақылаудан шығып, вирус жұқтырғаны анықталған нау­қастар күрт артқан. Оған қоса, күн сайын індет 5 мың адамның өмірін жалмап отыр.

Құрама штаттарында кейінгі аптада науқастар саны айтар­лық­тай көбейген. Бүгінде бұл елде күніне 60 мыңға жуық адам вирус жұқтырғаны анықталды. Ал жалпы АҚШ-та 3,2 миллионнан астам адам COVID-19-дың тыр­нағына ілікті. Жалпы саны 136 мыңға жуық тұрғын аталған дерттен қаза тапты.

Бұған дейін АҚШ-тың Нью-Йорк қаласы – қауіпті вирустың ошағы саналып келген. Әлемге әйгілі шаһарда бүгінге дейін 425 мың адам ауырған-ды. Алайда карантиндік шектеулерді алып тастағаннан кейін Калифорния, Техас, Флорида штаттарында COVID-19 жұқтырғандар саны артты. Әсіресе өткен жұ­ма­­да Техаста бір күнде 11 мың адам­ның сырқаттанғаны анық­тал­ды.

АҚШ-тың бас эпидемиологі Энтони Фаучи АҚШ коро­на­ви­рустың алғашқы тол­қы­нына төтеп бере алмады деп есептейді. Оның пайымдауынша, індеттің қарқынды тарауына ел билігінің дер кезінде қимылдамауы, халықтың карантиндік талаптар­ды сақтамауы әсер етті.

Бұған дейін Жапония коронавируспен күресте озық шығып, індеттің бетін бері қаратқандай көрінген. Алайда кейінгі аптада Күншығыс елінде науқастар саны артып келеді. Мәселен, өткен аптада мыңға жуық адамның вирус жұқтырғаны анықталды. Осыған қарамастан, билік өкіл­де­­рі әзірге тағы да төтенше жағ­дай енгізуге ерте екенін айтады. Пандемия басталған кезде жария­лан­ған бірінші төтенше жағдай мамырдың ортасында аяқталып, шектеу шаралары жеңілдетілген-ді. Ниппондар елі содан бері қол қусырып отырмай, денсаулық сақтау саласын індетпен күреске жұмылдырды.

Аустралия да коронавирусты еркіне көндіруге шақ қалған-ды. Бірақ «жасыл құрлықта» кейінгі бірнеше аптада науқастар саны күрт артты. Премьер-министр Скотт Морисонның айтуынша, Аустралия елге келетін меймандар санын аптасына төрт мыңнан асырмауға шешім қабылдады. Бұған дейін ел билігі қонақтарды мемлекет есебінен қонақүйге жайғастырып, 14 күн карантинде ұстаған еді. Енді киви мен кенгуру көруге барғандар карантиннің шығынын өз қалтасынан төлеуі тиіс.

Оған қоса, Мельбурн қала­сын­да алты апталық локдаун ен­гізіледі. Ал тұрғыны көп Вик­то­рия мен Жаңа Оңтүстік Уэльс штаттары шекарасы бел­гі­сіз мерзімге жабылады. Қазір­гі таңда «жасыл құрлықта» қоғамдық орындарда бетперде киіп жүру міндетті.

Бразилияда да жағдай өте қауіпті. Денсаулық сақтау ми­нис­трлігі таратқан мәліметке сүйенсек, күн сайын вирус жұқ­тыр­ғандар саны 40 мыңнан тү­сер емес. Сондай-ақ күн сайын мыңнан аса науқас көз жұ­ма­ды. Тіпті, ел президенті Жаир Болсонару да COVID-19 жұқ­тыр­ды. Бразилия басшысы талай мәрте коронавирусты қарапайым тұмаудан айырмашылығы жоқ деп есептеп келген еді.

Жалпы, ел аумағында 1,8 миллион адам індетке шалдыққан. Соның 70 мыңы ақтық сапарға аттанды. Өлім коэффициенті 4 пайызды құрап отыр. Бүгінде Сан-Паулу және Рио-де-Жанейро штаттарында қаза тапқандар саны өте көп. Бразилия коронавирус жұқтыру және өлім саны бо­йынша әлемде АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұр.

Еуропада кейінгі бірнеше аптада жағдай тұрақталып қал­ған еді. Бірақ қазіргі таңда қарт құрлық пандемияның екін­ші толқынына әзірленіп жа­тыр. Жағдайдың қалпына ке­ліп жатқанына қарамастан, жекелеген елдерде аурудың өршуі байқалады. Мәселен, Сер­бияда жұқтырғандар саны күрт артты. Ауруханалар аузы-мұрнынан шығып толған. Көп­ші­лік бұған ел билігін кінәлайды. Мамырда үкімет шектеу шараларын жеңілдетіп, маусымда сайлау өткізген. Ал билік өкілдері карантин талаптарын сақтамаған халықтың өзін кінә­лай­ды. Вирусты одан әрі таратпау мақсатында Белградта 10-13 шілде аралығында комен­дант­тық сағат режімі енгізілді. Сербияның 19 қаласы мен ауданында төтенше жағдай жария­ланды.

Испанияның Галиция өңі­рін­де қайтадан локдаун енгі­зілді. Аталған ауданда вирус жұқтырғандар саны күрт арт­қан. Осыған байланысты, қоғамдық орындарда бетперде тағу мін­дет­теліп, көпшіліктің жи­на­луы­на тыйым салынды. Жер­гі­лікті биліктің пайымдауынша, індеттің өршуіне мейрамхана мен барлардың ашылуы себеп болған. Бұдан бөлек, Үндістан, Ресей, Мексика, Чили, Перу секілді елдерде де жағдай мәз емес.

Таяуда Дүниежүзілік ден­сау­лық сақтау ұйымы коро­на­вирустың ауа арқылы таралуы ықтимал деп мәлімдеді. Әйтсе де, әзірге кесіп-пішіп айтуға ерте. Ұйым өкілдерінің сөзіне сенсек, COVID-19-дың ауа арқылы қаншалықты жұғатынын әлі де зерттеу қажет.

ДДҰ-ның инфекцияны таратпау жөніндегі сарапшысы Бенедетта Аллегранци корона­ви­рус ауа арқылы таралуын жоқ­қа шығарғанымен, түпкілікті қо­ры­­тынды жасауға ерте деп есеп­тейді.

«Адамдар көп жиналатын жабық әрі нашар желдетілетін қоғамдық орындарда вирустың ауа арқылы берілу мүмкіндігін жоққа шығармаймыз. Бірақ мұны әлі де зерттеп, дәлелдеуіміз қажет. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз», деді ол.