• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Шілде, 2020

Түркістанда жомарт жандар ауруханаларға аса қажетті аппараттарды тарту етуде

495 рет
көрсетілді

Түркістан облысындағы "Таймас" компаниясының өкілі, кәсіпкер Тимур Қырықбаев Жетісай ауданы орталық ауруханасына әрқайсысының құны 700 мың теңге тұратын 2 жасанды тыныс алу аппаратын сыйға тартты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жалпы Жетісай ауданы бойынша бүгінгі күнге дейін 700 науқас пневмониядан емделіп шыққан. Қазір 250 науқас ем алуда. "Тимур сияқты жомарт азаматтардың арқасында ауруханамыз 7 жасанды тыныс алу аппаратымен толығып отыр. Біздер үшін әрбір азаматтың өмірі қымбат. Сол азаматтарды аман алып қалуға бұл аппараттың көмегі орасан зор", дейді жақсылық жасап жатқан жомарт жандарға ризашылығын білдірген Жетісай ауданы орталық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Жолдасбеков.

Ал Түлкібас ауданында еріктілер орталық ауруханаға 210 дана оттегі балонын тарту етті. Түлкібас ауданы әкімдігінің ұйытқы болуымен демеушілер мен ерікті тұрғындар есебінен жеткізілген балондардың оттегісі таусылған жағдайда Шымкент қаласындағы оттегі құю бекетінен толтырып келу үшін аудан әкімдігінен жүргізушісі мен "Газель" автокөлігі бөлінген. Сонымен қатар, барлық ауылдық округ, кент әкімдері өздерінің қызметтік көліктері мен жүргізушілерін ақ халатты абзал жандарға беріп, бүгінде 17 көлік пен бригадалар үйлерінде сырқаттанып жатқан тұрғындарға ем-домдарын жасап келеді.

Қазығұрт ауданында жергілікті кәсіпкер Ерлан Досанбаев аудандық орталық ауруханаға 5 дана оттегі концентраторын тарту етті. "Науқастар ауруханаға көп келуде. Дәрігерлер күні-түні аянбай еңбек етіп жатыр. Құрылғының мүмкіндігі зор. Енді дәрігерлер емделушілерге оттегі концентраторының көмегімен уақытылы жәрдем көрсете алады. Қиын кезде қол ұшын созған кәсіпкерге алғысымыз шексіз", дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Б.Ережепов.