Біріккен Араб Әмірлігінен аймаққа гуманитарлық көмек жеткізілді. 7,5 тонна жүк тиелген әуе кемесі Ақтау халықаралық әуежайына келіп қонды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Келген көмектің ішінде 25 жасанды өкпе вентиляциясы (ИВЛ) құрылғысы, 95 мың дана бетперде, 100 мың дана антителан анықтайтын тест, 250 мың дана медициналық қолғап, 15 мың қорғаныш халаты және 6 мың дана қорғаныш жапқышы (накидка) бар.
Бұл медициналық жабдықтар Маңғыстау облысындағы барлық қала мен аудандардағы медициналық ұйымдарға үлестіріліп беріледі.
Атап айтқанда, Ақтауға 10 жасанды өкпе вентиляциясы (ИВЛ) құрылғысы, 26 мың бетперде, 90 мың қолғап, 4 мың қорғаныш халаты, 2 мың қорғаныш жапқышы, Жаңаөзенге 5 жасанды өкпе вентиляциясы (ИВЛ) құрылғысы, 21 мың бетперде, 60 мың қолғап, 3 мың қорғаныш халаты, 1 мың қорғаныш жапқышы, Бейнеуге 2 жасанды өкпе вентиляциясы (ИВЛ) құрылғысы, 9400 бетперде, 20 мың қолғап, 1600 қорғаныш халаты, 600 қорғаныш жапқышы, Түпқараған ауданына 2 жасанды өкпе вентиляциясы (ИВЛ) құрылғысы, 5400 бетперде, 20 мың қолғап, 1600 қорғаныш халаты, 600 мың қорғаныш жапқышы, Мұнайлы ауданына 2 жасанды өкпе вентиляциясы (ИВЛ) құрылғысы, 22400 бетперде, 20 мың қолғап, 1600 қорғаныш халаты, 1600 қорғаныш жапқышы, Маңғыстау ауданына 2 жасанды өкпе вентиляциясы (ИВЛ) құрылғысы, 5400 бетперде, 20 мың қолғап, 1600 қорғаныш халаты, 600 қорғаныш жапқышы, Қарақия ауданына
2 жасанды өкпе вентиляциясы (ИВЛ) құрылғысы, 9400 бетперде, 20 мың қолғап, 1600 қорғаныш халаты, 1 мың қорғаныш жапқышы.
Гуманитарлық көмектің дұрыс бөлініп, мақсатты жұмсалуын әр қала мен аудандарда арнайы құрылған комиссия қадағалайды. Комиссия құрамына жергілікті депутаттар, қоғам белсенділері мен мемлекеттік орган өкілдері енеді.
Маңғыстау өңірінің басшысы көмек қолын созған Абу Даби әмірлігінің Тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы Күштері Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян мен Абу Даби билеуші әулетінің өкілі шейх Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаянға алғысын білдірді.