• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Шілде, 2020

Қарағандыда пульмопровизорлық госпиталь ашылды

244 рет
көрсетілді

Кеншілер астанасындағы облыстық клиникалық аурухана жанынан 350 төсектік пульмопровизорлық госпиталь ашылды, – деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Медициналық мекемеде 100 төсек инфекциялық, ал 250 төсек  пульмопровизорлық болады. Сондай-ақ, гомпитальде өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппараттарымен, пациент мониторларымен және перфузорлармен жабдықталған жан сақтау бөлімі бар.

Эпидемиологиялық қауіпсіздік мақсатында барлық үй-жайлар оқшауланып, бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Ғимараттың ішінде компьютерлік томограф орнатылған, ал екінші аппарат мұнда жақын арада жеткізіледі. Госпиталь коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды ғана   емес, сонымен бірге түрлі бронхо-өкпе ауруларынан зардап шегетіндерді де қабылдайтын болады.

Медициналық мекемеде бір ауысымда 20 дәрігер, 30 медбике мен санитар жұмыс істейді. Таяуда медициналық қызметкерлерге көмекке әскери дәрігерлер де келді. Олар жұқпалы аурулар бөліміне жетекшілік ететін болады.

Жаңа пульмопровизорлық госпитальдің басшысы Ләззат Шоланова жұқпалы аурулар бөлімшесі ашылған соң, КВИ-мен ауыратын науқастарды инфекциялық госпитальдарға жіберудің қажеті болмайтынын атап өтті.

"Пациент келіп түскенде, біз қанның оттегімен қанығу деңгейін – сатурациясын тексереміз. Егер ол жақсы болса, компьютерлік томография жасаймыз. Қажет болған жағдайда науқасты пульмопровоизорлық бөлімшеге орналастырамыз. Осы кезеңде біз коронавирус инфекциясын анықтау үшін ПТР-тест аламыз. Егер, ол растаған нәтиже берсе, науқасты жұқпалы аурулар бөліміне ауыстырамыз", – деп түсіндірді ол.

Медициналық мекеменің тыныс-тіршілігімен танысуға арнайы келген облыс әкімі Жеңіс Қасымбек атқарылған жұмыстарға оң баға берді.