АҚШ пен Қытай тағы да араздасып қалды. Бұл жолы екі елдің жауапты тұлғалары Оңтүстік Қытай теңізіне байланысты мәселеде мәмілеге келе алмады.
Құрама штаттардың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Бейжің билігінің Оңтүстік Қытай теңізін игеруге талпынысы заңсыз екенін айтып, Ақ үйдің қандай позиция ұстанатынын ашық көрсетті.
«Мына нәрсені нақтылағым келеді: Бейжіңнің Оңтүстік Қытай теңізіндегі табиғи ресурстарды иеленуге тырысуы мүлдем заңға сай емес. Бұл қадам теңізді игеру мақсатында айбат көрсетуге тең. Әлем Бейжіңнің Оңтүстік Қытай теңізін мұхиттағы империясы жасауына жол бермейді», деді М.Помпео.
Өз кезегінде Қытай тарапы да қарап қалған жоқ. Жунголардың айтуынша, Құрама штаттар деректер мен халықаралық заңды бұрмалап отыр. Қытайдың АҚШ-тағы елшілігі таратқан мәліметке сүйенсек, ресми Вашингтонның бұл әрекеті негізсіз көрінеді.
«АҚШ теңізді бөлісуге тікелей араласатын мемлекет емес. Алайда олар мәселеге араласуын тоқтатпай отыр. Тұрақтылықты желеу етіп, күшін көрсетіп, дауды одан әрі күшейтіп, өңірдегі онсыз да қиын ахуалды әрі қарай шиеленістіре түсті», делінген елшілік таратқан мәлімдемеде.
Құрама штаттар мен Қытайдың теңізге таласуында үлкен мән бар. Әу баста дау Қытай мен Вьетнам арасында Парасель және Спартли аталатын аралдарға байланысты туындаған еді.
Кейінірек Оңтүстік Қытай теңізі аумағында көмірсутегінің мол қоры табылып, бәсеңдей бастаған геосаяси жағдайды қайта шиеленістіріп жіберді. Теңіз түбінде шамамен 11 миллиард баррель мұнай және 190 триллион текше метр газ қоры бар. Сондай-ақ Оңтүстік Қытай теңізі балық қорына да бай. Бұған қоса, осы сулар арқылы жылына орта есеппен 5 триллион доллардың жүгі тасымалданады екен. Яғни қай тұрғыдан алып қарасаңыз да, Оңтүстік Қытай теңізінің геосаяси мәні аса жоғары.
Жунголарға тиіскен Майк Помпео өз сөзінде АҚШ-тың Оңтүстік Азия елдерін қолдайтынын да айтып өтті. «Америка Оңтүстік Азиядағы әріптестері мен серіктестерінің халықаралық құқық аясындағы құқығы мен міндеттерін, табиғи ресурстарды иеленудегі құқығын қорғауға көмектеседі. Біз халықаралық қоғамдастықпен бірге теңіздегі теңсіздікке жол бермеуге, егемендікті құрметтеуге және Оңтүстік Қытай теңізі мен сол аймақты кей елдің қалауына қарай билік жүргізуіне қарсымыз», деді М.Помпео.
Бейжің билігі талай мәрте Оңтүстік Қытай теңізі аумағы толықтай Қытайдың территориясы болып саналады деп мәлімдеді. Оған қоса, Тынық мұхиты елдерінен осы ұстанымды қолдауын талап етеді.
Ал АҚШ теңіздің халықаралық ортақ су жолы мәртебесін қорғау қажет екенін алға тартады. Сондықтан Қытайдың бұл аймақтағы әрекеттерін халықаралық құқыққа қайшы деп есептейді.