Биыл Ұлы Жеңіске 65 жыл толғалы отыр. Осы бір от кешуге елімізден аттанған миллионнан астам жауынгерлердің тең жартысына жуығына топырақ жат жерден, майдан даласынан бұйырды. Соғыс отында болған майдангерлердің барлығын да батыр десек қателеспейміз. Десекте отанымызды жаудан азат етуде ерен ерлік үлгісін көрсеткен отандастарымыздың есімдері кейінгі кездері естен шығуға жақын тұрған сыңайлы. Солардың бірі Қызылорда облысының тумасы Жолмұханмед Бозжанов.
Батыр Баукең, Бауыржан Момышұлының қандыкөйлек жолдасы болған ержүрек жауынгер ерлігі кейінгі буынға үлгі-өнеге. Жолмұханмедтің, оның 1941 жылы Москва үшін айқаста көрсеткен ерліктері, кішіпейілділігі жайында Б.Момышұлы өз еңбектерінде ерекше тоқталады.
Баукең қаруласы Жолмұханмед Бозжановты Жолтай деп еркелеткен екен. Бұл жайында батыр “Қанмен жазылған кітап” атты еңбегінде: “Барлаудан оралған жігіттер бізден 25 шақырым жерде Середа селосында топталып жатқан немістерді айтып келді. Енді не істеу керек? Середаға тікелей шабуыл жасап немістерді соғып тоқтату керек деген шешімге келдік. Батальон сегіз шақырым шепті қорғауға алған болатын. Мен де, өзге жауынгерлер де ұрысқа тұңғыш қатысып отырмыз. Тек Жолмұханмед Бозжанов қана Фин соғысына қатысқан кісі еді. Ақыры Середаға шабуыл жасау міндетін, отряд бастығы Хабиболла Рахимовке, саяси жетекші Жолмұханмед Бозжановқа жүктедім. Сол күні лейтенант Рахимов, саяси жетекші Жолмұханмед Бозжановтың командалық етуімен біздің 1073-полкінің 1-ші атқыштар батальоны барлаушы отряды дұшпан бекінген жерді басып алып, Середа ірі елді мекеніне шабуыл жасап жаудың жүздеген солдаттары мен офицерлерін, 15 автомашинасын жойып жіберді. Шаховаға баратын жолдың көпірін жарды. Дор-Максимовқа апаратын жолды миналады, бір унтер-офицерді тұтқынға алды, қару-жарақтар мен бағалы документтерді қолға түсірді. Бұл полкіміздің тарихында бірінші рет біздің жауынгерлердің өздерінің алдында бас сауғалап қашқан немістерді өз көздерімен көріп, олардың дауыс шығара бақырғанын естіген алғашқы ұрысы еді”, – дейді.
Сондай-ақ, Баукең қаруласы Бозжановқа жазушы Әзілхан Нұршайықовтың “Ақиқат пен аңыз” атты роман-диалогында да ақылды, алғыр, бауырмал әрі батыр деген баға береді. Роман-диалогта Баукең Жолмұханмедтің жан тапсырар алдында: “Шегінбей шабуылға шығып өлдім. Арманым жоқ аға”, деген сөздерін де айтады. Міне, бұл нағыз елін, жерін сүйген хас батырдың сөзі емес пе?
...1942 жылдың басында госпитальдан емделіп шыққан Бауыржан Момышұлы Алматыға демалысқа келгенде, Жолмұханмедтің анасы мен ағасы Нұрмұханбетке көңіл айтуға Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Скворцов және өзге де Үкімет мүшелерімен келген. Сондағы түсірілген кинохроника ара-тұра теледидардан көрсетіліп қалады. Маған жетпісінші жылдары Нұрмұханбеттің үйінде болудың сәті түскен еді. Сонда ол кісі осы деректі кинолентаны көрсеткен. Бауыржанның Жолмұханмедтей батырды дүниеге әкелген анасына айтқан жүрекжарды сөзі, ел басына күн туған шақта, Отан қорғауда хас батырларша ерлікпен қаза тапқаны, өз қолымен жер қойнына қойғаны жайында айтқан сөзінен көп нәрсені аңғаруға болады. Аталған кинохроника Нұрмұханбеттің кенже ұлы Серіктің үйінде сақтаулы.
Кешегі кеңестік тоталитарлық жүйенің зардабы Отанын қорғауда қатерге бас тіккен батырларымызға өз салқынын тигізбей қоймады. Баукең өз қолынан жоғары командованиеге сүйікті, ержүрек политругіне лайықты батыр атағын беруге жазған ұсынысы өтпей, ақыры марқұм Ленин орденімен марапатталған екен. Төрт жылға созылған Ұлы Отан соғысының біз біле бермейтін көлеңкелі жақтарының да аз болмағандығынан, мұндай боздақтар туралы тарихи деректерге сүйеніп, көсілте жаза алмай келеміз. Бұл күндері ұлы Абай айтқандай “қолымды мезгілінен кеш сермедім” дегеннің күйін кешудеміз. Сол бір сұрапыл соғысқа қатысқан ардагерлер саусақпен санарлықтай, ал майдангер әкенің тәрбиесін көріп, соғыс хақында айтқандарын өз аузынан естігендер бүгінде пайғамбар жасынан асқан қариялар. Олардың да қатары сиреп келеді.
Ұлы Отан соғысының тарихы – біздің халқымыздың даңқты тарихы. Аты аңызға айналған қазақтың біртуар батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 100, Ұлы Жеңіске 65 жыл болмақ. Ал қатерді серпіп тастап, айтулы оқиғаға бетбұрыс жасаған Москва үшін шайқасқа алдағы жылы 70 жыл! Осы даталы мерекелер құрметіне орай батыр деп Баукең баға берген Жолмұханмед Бозжановқа лайықты атақ берілсе, халқымыздың ештен кеш жақсы деген мақалын алға тартып, ел қуанышы шексіз болар еді. Сонымен бірге мұндай құрмет Отан үшін жанын пида еткен миллиондаған боздақтар мен Баукең рухына деген тағзым болары айқын.
Рысбай КӘРІМОВ, еңбек ардагері.
Қызылорда облысы, Жалағаш кенті.
Р.ҚОШҚАРБАЕВТЫ ҰЛЫҚТАЙ АЛАМЫЗ БА?
“Егемен Қазақстан” газетінің үстіміздегі жылғы 27 қаңтарындағы санында Ұлы Отан соғысының ардагерлері Қондыбай Жексенбаев пен Әскен Нәбиевтің мақаласы жарияланып, онда Халық қаһарманы, Астана қаласының төл тумасы Рақымжан Қошқарбаевқа елордада әлі күнге дейін ескерткіш орнатылмай, оның атына дені дұрыс көше бұйырмай отырғаны жөнінде орынды ұсыныстар айтылған еді. Қаладағы барша ардагерлер пікірі де осыған саяды. Бәрі де нақты нәтиже күтіп, елеңдеулі күйде.
Содан бері біраз уақыт өтті. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы болса, қыр астында тұр. Дегенмен, Астана қалалық әкімдігі тарапынан соғыс ардагерлері мен жалпы тілек білдіруші азаматтардың пікіріне қатысты ешқандай жауап болмай отырғаны бізді қатты алаңдатады. Газет арқылы тағы да әкімдік назарын аударып, тиісті ескерткіш пен жөндем көше туралы олардың нақты жауаптарын күтеміз.
Бір топ ардагерлер атынан: Ерден АБАЕВ, Жеңіс БЕГІМБАЕВ.
ЕРЛІК ДАҢҚЫ ӨШПЕЙДІ
Ұлы Жеңістің 65 жылдығына бір ай қалды. Барлық қазақстандықтар бұл мерекені лайықты атап өту үшін дайындалуда. Жастар жағы да қалыс қалмай кеше “Ерлік даңқы өшпейді” атты акцияның басталғанын жариялады. Акция 9 сәуір мен 9 мамыр аралығында өтеді.
Аталмыш акция аясында 33 шара өткізіледі, оның 17-сі Астана қаласында, 10-ы Алматыда және 12-сі басқа аймақтарға жоспарланып отыр. Онда спорт жарыстары, дебат турнирлері, флеш-моб акциялары, ардагерлермен кездесулер және мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою шаралары ұйымдастырылмақшы.
Акцияның басты мақсаты – бейбітшілік пен бостандықтың кепілі болған ардагерлерге және ел тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау. Шараны ұйымдастыруда белсенділік танытып, баспасөз мәслихатына қатысқан “Қазақстан Жастар конгрессі” заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Нұрлан Сыдықов, Қазақстанның Ауыл жастары одағының төрағасы Евгений Глотов, “Жасыл Ел” жастар еңбек жасақтары республикалық штабының жетекшісі Ескендір Салиходжаев, Қазақстан студенттері альянсы жетекшісінің орынбасары – Әлібек Мәдибеков және Ұлттық Дельфий комитетінің директоры – Ұлар Мұқажанов сөз сөйлеп, акция туралы баяндады.
“Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын тойлау 2010 жылдың басты оқиғасы болып табылады. Жеңіс күні біздің патриоттығымыз шыңдалып, халқымыздың бейбітшілікті сезінуге мүмкіндік алатын күндердің бірі. Біз батырларымыздың алдында соғыста көрсеткен ерліктері және біздерге бейбіт өмір сыйлағандығы үшін бас иеміз”, дейді. “ҚЖК” заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Нұрлан Сыдықов.
Назым ӘШІМХАН.