• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
17 Қазан, 2013

Қазақстан және әлемдік көрмелер

470 рет
көрсетілді

2012 жылы үш ай бойы, яғни 12 мамыр мен 12 тамыз аралығында Оңтүстік Кореяның Есу қаласында ЭКСПО-2012 Бүкіләлемдік мамандандырылған көрменің жалауы желбіреді. «Жанды мұхит және жағажай» тақырыбымен өткен бұл халықаралық көрменің Есу қаласында қоныс тебуі де кездейсоқ емес сияқты. Себебі, қаланың атауы «Е» – әдемі, «су» – су деген ұғымды білдіреді.

«ЭКСПО-2012»: «Жанды мұхит және жағажай»

Оңтүстік Кореяда өткен бұл Бүкіл­әлемдік көрменің шымылдығы 12 мамыр күні «О» әрпі түріндегі жарық – су – отшашу қондырғысының іске қосы­луымен ашылды. Бұл қондырғы әлемдегі ең қымбат отшашу қондырғысы болып есептелінді. Оның құны, яғни «Big-O» қондырғысы 100 миллион еуроға бағаланған. Осыған байланыс­ты Есу қаласындағы ЭКСПО-2012 көрме­сінің ашылу салтанаты Олимпия ойындарының немесе футболдан әлем чемпионатының ашылуынан бірде кем болған жоқ.

2012 жылы үш ай бойы, яғни 12 мамыр мен 12 тамыз аралығында Оңтүстік Кореяның Есу қаласында ЭКСПО-2012 Бүкіләлемдік мамандандырылған көрменің жалауы желбіреді. «Жанды мұхит және жағажай» тақырыбымен өткен бұл халықаралық көрменің Есу қаласында қоныс тебуі де кездейсоқ емес сияқты. Себебі, қаланың атауы «Е» – әдемі, «су» – су деген ұғымды білдіреді.

«ЭКСПО-2012»: «Жанды мұхит және жағажай»

Оңтүстік Кореяда өткен бұл Бүкіл­әлемдік көрменің шымылдығы 12 мамыр күні «О» әрпі түріндегі жарық – су – отшашу қондырғысының іске қосы­луымен ашылды. Бұл қондырғы әлемдегі ең қымбат отшашу қондырғысы болып есептелінді. Оның құны, яғни «Big-O» қондырғысы 100 миллион еуроға бағаланған. Осыған байланыс­ты Есу қаласындағы ЭКСПО-2012 көрме­сінің ашылу салтанаты Олимпия ойындарының немесе футболдан әлем чемпионатының ашылуынан бірде кем болған жоқ.

ЭКСПО-2012-нің тақырыбы – «Жан­ды мұхит және жағажай» деп аталды. Осыған байланысты көрменің де бас­ты мақсаты әлемдік мұхиттар проб­лемасына арналды. Көрмені ұйым­дастырушылар жаһандық жылыну үрдістеріне, мұхиттар суының көте­рі­луі­не және мұхит суларының ластану жағдайларына адамзаттың назарын барынша аударуға тырысты. Көрме жалауы желбіреген 93 күн бойы адамзат үшін ерекше көкейкесті мәселелер болып табылатын осы тақырыптарға барынша басымдық берілді.

 

 

 

 

ЭКСПО-2012 мамандандырылған көрмесіне дүниежүзінің 100-ден астам елдері мен халықаралық ұйымдары қатысты. Жалпы, 3 ай ішінде бұл көрмені 8 миллионнан астам адам тамашалады. Есу қаласындағы Бүкіләлемдік көрмені ұйымдастыру барысында корейлер төрт­күл дүниенің төрт бұрышынан кел­ген туристерді таңғалдырудың бар­лық мүмкіншіліктерін жасап бақты. Бұл ретте көрме шежіресінде ерекше есте қалатын нысан – 6400 тонна су сиятын ғажайып аквариум болды. Бұл аквариумға әлемнің 5 мұхитындағы балық түрлерінің барлығы бірдей жіберілген. Павильонның өзі жаһандық климаттың өзгеруіне байланысты экологиялық таза ауамен толтырылған. Бұл ауа павильонда орнатылған бірнеше фильтрлер арқылы тазартылып тұрады. Бұл шаңырақ формасындағы Азия құрлығындағы бірінші, жалпы әлемдегі екінші аквариум болып танылды. Мұнда келушілер аквариумның астыңғы қабаты арқылы өтетін сансыз туннельдер арқылы жүріп, мұхит тұңғиығының тіршілігін тамашалады. Сонымен бірге, мұнда мұхит жағалауының жәндіктері, мәселен, оңтүстікафрикалық пингвиндер, оңтүстікамерикалық теңіз мысықтары, жоғалып бара жатқан ақ кит (белуга) және басқа да мұхитта мекендейтін жануарларды көруге болады.

Есу қаласындағы көрме қалашығында бой көтерген тағы бір ерекше нысандар­­дың бірі – 67 метр биіктіктегі қос мұна­ра. Шын мәнінде бұл мұнаралар әлем­дегі ең үлкен орган аспабы болып табылады. Бұл музыка үйін корейлер «Аспан асты мұнарасы» деп атайды. Аспан асты мұнарасының ішкі жағында теңіз суын тазартатын қондырғы бар. Бұл қондырғы тәулігіне 10 тонна теңіз суын тұщы суға айналдырады. Есу қаласында жалауы желбіреген ЭКСПО-2012 көрме қалашығында Оңтүстік Кореяның бірқатар ірі компаниялары да өз павильондарын тұрғызды. Мәселен, «Samsung» компаниясы өз павильонында 4G технологиясының өзінің ең озық технологияларын паш етті.

ЭКСПО-2012 көрме қалашығына келушілерді ерекше әсерге бөлеген көрменің қос талисманы – Ени және Суни. Бұл екі талисман да мұхит тіршілігінің тұңғиығынан хабар береді. Енидің қара-көк түсі мұхит түбінің тұңғиығын білдірсе, Сунидің қызыл-сары түсі мұхит әлемінің сансыз табиғи ресурстарынан хабар береді. Көрме қалашығындағы ойын-сауық орталығы «Big-O» доңғалағы болды. Баламалы энергия қуатымен жұмыс істейтін бұл доңғалақ әлемнің барлық жерлерінен келген инженерлер мен дизайнерлердің ортақ ізденісінің жемісі. «Big-O» ойын-сауық орталығында биіктігі 43 метр су экраны (биіктіктегі 400 тесіктен құйылған су тасқыны экран полотносының рөлін атқарады) жұмыс істейді. Су экранына осы доңғалақтан 120 метр қашықтықта салынған екінші бір керемет ғимараттың сәулесі шағылысып тұрады. Бұл ғимаратқа теңіз жағынан қарағанда ол аралға ұқсайды, ал оған қарама-қарсы жақтан келіп қарағанда, ол теңіз жануары кашалотқа, ал қырынан қарағанда ақ акулаға ұқсайды. «Big-O» доңғалағының сахнасында түнде теңіз-шоулары өткізіліп, күндіз көркемөнерпаздардың концерттері қойылды. Бұл сахналардың жан-жағындағы 50 метрлік биіктіктегі субұрқақтар және жалыны 18 метр биіктікке көтерілетін отшашулар орнатылған. Бұл көріністер көрме қалашығын тамашалаушы туристерді ерекше әсерге бөледі.

Оңтүстік Кореяда өткен ЭКСПО-2012 мамандандырылған көрмесінде Қазақстан төртінші рет өзінің павильонын ашты. Қазақстан павильонының жалпы аумағы 774 шаршы метр алаңда қоныс тепті. Павильондағы экспозициялардың жалпы экспозициясы су тақырыбы шеңберіндегі еліміздің салт-дәстүрі, мәдениеті және ғылымы жетістіктерін насихаттады. «ЭКСПО-2012» көрмесінің жалауы желбіреген 93 күннің ішінде Қазақстан павильонын 400 мыңнан астам турист тамашалады.

ЭКСПО мұрасы – Эйфель мұнарасы

Өркениет өріне ұмтылған адамзаттың ақыл-ойы әлемге барлық ұлттар жетістігін паш ететін ұлы көрмені берді. Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі өзінің 160 жылдан астам тарихында өркениет шежіресіне алтын әріптермен жазылған сәулет өнерінің жауһарларын қалдырды. ЭКСПО мұралары – Лондондағы Хрусталь сарайы; Париждегі Эйфель мұнарасы; Париждегі Александр ІІІ көпірі; Лион вокзалы; Венадағы Ротонда – әлемдегі ең үлкен күмбез астындағы павильон; Мельбурндегі патшалық көрме павильоны нақ осындай мәңгілік өнер ескерткіштері болып табылады. Астанада өтетін ЭКСПО-2017 Бүкіләлемдік мамандандырылған көрме қалашығында да әлем ғажайыптарының санатына қосылатын ЭКСПО мұрасы – көрме символы нысанының бой көтеретініне сенеміз. Енді санаулы күндерден кейін бірнеше ай бойы жалғасып жатқан, ЭКСПО-2017 көрме қалашығының эскиз-жобасы мен символын айқындайтын Бүкіләлемдік көрме жеңімпазы анықталып, сол болашақ нысанның келбетін тамашалайтын кез де келеді.

ЭКСПО мұрасы болып табылатын Эйфель мұнарасын білмейтін жер бетінде жан жоқ. Еуропа десек, Париж, Париж десек, Эйфель мұнарасы көз алдымызға келеді. Іргетасы қалан­­­ған­нан бергі 124 жыл ішінде бұл мұнараның талай томдық шежі­ресі де қалыптасты. Сол шежірені парақтайтын болсақ, 1884 жылы Франция билігі 1889 жылы Ұлы француз революция­сына 100 жыл толу құрметіне Бүкіләлемдік көрме өткізіп, оған келуші әлем жұртшылығын керемет архитектуралық ғимарат арқылы таңғалдыруды ойлайды. Сөйтіп, қайталанбас ЭКСПО ғимаратына байқау жариялайды. 1886 жылы өткен бұл байқауға дүниежүзі сәулетшілерінің 107 архи­тек­­туралық және инженерлік жобасы қатысады. Сол бәсекеде Гюстаф Эйфель бастаған топ жеңіске жетіп, мұнараны салу туралы шешім қабылданады.

1887 жылдың қаңтарында мемлекет және Париж муниципалитеті Гюстаф Эйфельмен шарт жасасып, болашақ мұнараны оған 25 жыл мерзімге жалға береді. Мұнараны салу үшін мемлекет тарапынан 1,5 миллион алтын франк көлеміндегі субсидия бөлінеді. Бұл мұнараны салуға қажетті қаржының 25 пайызы ғана еді. Қалған қаржыны Эйфельдің өзі табуға тиісті болды. Сөйтіп, 300 жұмысшы екі жыл, екі ай және 5 күннің ішінде 120 жылдан астам уақыттан бері барша адамзатты таңдандырып келе жатқан ғажайып мұнараны тұрғызған болатын. 1889 жылдың 31 наурызында, яғни құрылыстың іргетасын көтеру үшін ор қазыла бастағаннан кейінгі 26 ай уақыт өткенде Эйфель денсаулығы тәуір бірнеше шенеунікті мұнараның басына шығатын 1710 баспалдақтан тұратын сатымен көтерілуге шақырды.

Мұнара құрылысы басталған алғашқы күннен-ақ оның қарсыластарының қатары да көбейе бастады. Әсіресе, Францияның шығармашылық зиялы қауым өкілдері бұл темір құрылымның Париж көркіне көлеңке түсіретінін айтып, мұнара құрылысын дереу тоқтатуды талап етті. Осындай тегеурінді қарсылық салдарынан қала билігі бұл мұнараны 20 жылдан кейін бұзып тастау жөнінде жоспар жасады. Алайда, оны бұл тығырықтан сол кезде өмірге келген радио жаңалығы құтқарды.

Париждіктер «Темір ханым» деп ат қойып үлгерген Эйфель мұнарасының атағы бірден көтерілді. Бүкіләлемдік көрме жалауы желбіреген алты айдың ішінде «Темір ханымды» қызықтауға 2 миллионнан астам адам келді. Эйфель мұнарасының кескіні бейнеленген миллиондаған суреттер мен кәдесыйлар әлемді шарлап кетті. Содан бергі өткен 124 жыл мерзім ішінде Эйфель мұнарасының даңқын әлі күнге кір шалып көрген емес. Соңғы мәліметтер бойынша осы мерзім ішінде Эйфель мұнарасын 200 миллионнан астам туристер тамашалаған көрінеді. Франция күні бүгінге дейін «Темір ханымды» тамашалайтын турис арқылы қыруар пайда тауып келеді.

Эйфель мұнарасының биіктігі 324 метр немесе 81 қабаттан тұратын ғимараттың биіктігіне тең. 40 жыл бойы бұл мұнара әлемдегі ең биік архитектуралық нысан болып келді. 1930 жылы Нью-Йорк қаласында салынған Крайслер Билдинг биіктігі жағынан оны басып озды. Эйфель мұнарасын шамамен 4 платформаға бөлуге болады. Алғашқысы төменгі (жерасты) платформасы, 1-ші платформа (57 метр), 2-ші платформа (115 метр) және 3-ші платформа (276 метр). Бұл платформалардың әрқайсысының өзіндік қайталанбас ерекшеліктері бар. Мәселен, төменгі, жерасты қабатында мұнараны тамашалауға арналған билеттер сататын кассалар және көптеген ескерткіш-сыйлықтар сататын дүкендер орналасқан. Ал бірінші платформада бірқатар ресторандар, екінші платформада галереялар, үшінші платформада астрономиялық және метеорологиялық обсерваториялар және физикалық кабинеттер орналасқан. Мұнараға орнатылған маяктың жарығы 10 километр қашықтықтан көрінеді.

Эйфель мұнарасына қатысты жылнамалық шежіреден небір ерекше оқиғалар туралы мәлімет алуға болады. 1889 жылы Эйфель мұнарасы ашылған күні онда алғаш рет 10 мың газ шамы жағылған. 1898 жылы Эжен Дюкрете Эйфель мұнарасы мен одан 4 шақырым қашықтықтағы Пантеон арасында алғаш рет телеграф байланысын орнатқан. 1912 жылы австриялық тігінші Франц Райхельт үстіне плащ-парашют киіп мұнараның 60 метрлік биіктігінен секіреді. Парашют ашылмай, тігінші қаза табады. 1925 жылы Виктор Люстиг деген алаяқ «Темір ханымды» металлом ретінде сатып жіберген. 1940 жылы француздар неміс басқыншылары мұнараға шықпас үшін лифтіні сындырып тастаған. Сөйтіп, Адольф Гитлер Эйфель мұнарасына шығу жөніндегі арманын орындай алмай кетіпті. Өкпелі Гитлер 1944 жылы тамызда Париждің әскери губернаторы, генерал Дитрих фон Колтицке Эйфель мұнарасын жарып жіберуге бұйрық береді. Алайда, фон Колтиц бұл бұйрықты орындаудан бас тартып, сәулет өнерінің ғажайыбын сақтап қалады. 1957 жылдан бері мұнара телевизиялық хабарлар тарататын мұнара ретінде де қолданылып келеді.

Бетті әзірлеген Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар