Moderna американдық биотехнологиялық компаниясы коронавирус вакцинасын клиникалық сынаудың бірінші кезеңін аяқтады. Оның нәтижесінде вакцинаны сынауға қатысушыларда антиденелер пайда болды, деп жазады Egemen.kz New England Journal of Medicine американдық медициналық журналына сілтеме жасап.
Медицина ғылымдарының докторы Питер Хитонның мәліметінше, сынаққа 18-ден 55 жасқа дейінгі 45 дені сау адам қатысқан. Оларды 15 адамнан үш топқа бөлді. Әрбір топқа mRNA-1273 вакцинасын 28 күн аралығымен 2 рет 25, 10 және 250 микрограмм дозада беріп отырған. Алғашқы вакциналаудан кейін зерттеуге қатысушы үш топ мүшелерінде алған вакцинаның дозасына пропорционалды антиденелер пайда болыпты. Екінші вакцинациядан кейін антидене саны еселенді. Ең көп антидене ең аз дозалы вакцинаны қабылдағандарда анықталды.
Сондай-ақ сынақтан өткен адамдардың жартысында вакцинациялаудан кейінгі кері әсерлері анықталды. Шаршау, қалтырау, бас ауруы, бұлшықеттегі ауырсыну және вакцина енгізілген жерде де ауырсыну байқалған. Мұндай кері әсер екінші вакцина алғаннан кейін байқалыпты.
Осыған байланысты, ғалымдар алдағы сынақтарға кедергі келтіретін факторлар анықталмағанын және вакцинаны әзірлеу жалғастырылуы керектігін айтады.
Естеріңізге сала кетейік, АҚШ билігі вакцина әзірлеу үшін компанияларға 486 млн доллар бөлді. Америка Құрама Штаттарында вакцина әзірлеумен Johnson & Johnson, Merck, Pfizer және AstraZeneca фармацевтикалық компаниясы айналысады.