Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Қытай елшілігі Қазақстандағы өкпе қабынуына қатысты таратқан теріс ақпаратына түзету енгізгенін мәлімдеді. Бұл туралы inbusiness.kz хабарлайды, деп жазады Egemen.kz
"Біз Қытай елшілігі таратқан ақпарат шыға сала елші мырза мен жаңадан тағайындалған Денсаулық сақтау министрі арасындағы телефон сұхбатын ұйымдастырдық. Барлық мәселе бойынша тиісті ақпарат, түсініктеме Қытай тарапына жеткізілді. Нәтижесінде елшілік өзі таратқан ақпаратқа тиісті өзгеріс енгізді", деді Ержан Ашықбаев.
Естеріңізге салайық, бұдан бұрын Қытайдың бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстанда коронавирустан да қауіпті пневмония тарағаны туралы мәлімет таратты.
Осының ізінше еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі бұған қатысты түсініктеме берді. "Қытайдың кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстанда коронавирусқа қарағанда, өлім-жітімге анағұрлым көбірек алып келетін белгісіз пневмония анықталғаны туралы ақпарат тарап жатыр.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі аталған ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдейді", деп хабарлаған болатын Денсаулық министрлігінің баспасөз қызметі.