Алты адамнан тұратын жұмыс тобының құрамында клиницист-дәрігерлер, санитарлық-гигиеналық және қоғамдық денсаулық сақтау салалары бойынша тәжірибелі мамандар бар. Оларбүгін Қоғамдық коммуникация орталығындабрифинг өткізді.
"Топтың жұмысы күні кеше Ақтауда басталды. Бізбен бірге келген невролог-дәрігер облыстық ауруханада балалар мен ересектерді қабылдап жатыр. Сондай-ақ акушер-гинекологымыз қалалық №1 және №2 ауруханаларда қала тұрғындарына дәрігерлік көмек көрсетуде. Топтың қалған мүшелері жергілікті денсаулық сақтау мекемелеріне барып, халық арасында вирус инфекциясының таралмауы мақсатында үгіт-насихат шараларын жүргізіп жатыр. Бір апта осында боламыз. Бір байқағанымыз - азаматтар қоғамдық орындарда бетперде тағуға құлықсыз. Бұл өз кезегінде қоғамға қауіпті. Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, қазақстандықтардың 70-75 проценті сыртқа шыққан кезде бетперде тағып жүрмейді" - деді медицина ғылымдарының кандидаты, гигиенист-эпидемиолог Ақмарал Баспақова.
Ақтөбелік дәрігерлер маңғыстаулықтардың қоғамдық орындарда бетперде тақпай, қауіпсіздік шараларына бей-жай қарайтындарын байқағанын жеткізді.
"Өз басым №1 қалалық ауруханада болып, пациенттерді қабылдадым. Сол кезде дәрігерденкеңес алуға келген жүкті әйелдердің өздерібетпердесіз келіп тұрғанын көрдім. Адам болғасын, ойлануы керек қой. Мен емханаға келіп тұрмын. Бұл жерге келушілердің ішінде түрлі ауруға шалдыққандар бар. Өзін және сәбиін қорғау үшінжеке қорғаныш құралын жанынан тастамай алып жүруі қажет. Осындай насихатты емдік шаралармен қатар жүргізіп отырдым. Жүрген жеріңізде осының бәрін айтып жүріңіздер деп шығарып салып жатырмыз" - дейді профессор, акушер-гинеколог Бибігүл Қарымсақова.
Мамандар тұрғындарды өз бетімен дәрі-дәрмек сатып алып, үйде ем қабылдамауға шақырды. Әсіресе, антибиотиктерді орынсыз қолдану - адам ағзасының түрлі вируспен күресетін табиғи иммунитетін әлсірететінін жеткізді.
"Ағзамызда қалыпты жағдай бар. Симбиоз деп те айтамыз. Ол дегеніміз - пайдалы микроорганизмдер мен патогендердің арасында тепе-теңдік болып тұруы керек. Осы реттеантибиотиктері бей-берекет қолданса, ағзадағы кейбір микробтарды жойып жібереді. Яғни, қалыпты жағдай, симбиоз бұзылады. Екіншіден, ағза өзінің сезімталдығын жоғалтады. Сәл бірдеңе болса, көпшілігіміз бірден антибиотиктерге жүгіреміз. Олай болмауы керек. Мұндай ауыр препараттарды тек дәрігер тағайындайды. Болмаса кейін ауруды емдеу қиынға соғады" - дейді Б.Қарымсақова.
Сондай-ақ, онлайн-брифингке қатысқан медицина саласының магистрі Жансая Қайратқызы "Covid-19" вирусын жұқтыру қаупін төмендету үшін қоғамдық орындарда бетперде тағып жүруге, қолды жиі жуу, әлеуметтік арақашықтықты сақтауға, қажеттілік болмаған жағдайда қоғамдық орындарға бармауға, және адамдармен қол алысып амандаспауға кеңес берді.