Коронавирус індеті жер жаһанды құрсаулап, ахуалды күннен күнге қиындатып барады. Бірқатар мемлекетте вирустың таралуы қайтадан қарқын алып, көпшілігі қайтадан карантиндік шектеу шараларын енгізуге мәжбүр болуда. Пандемияның қыспағында тұрған еліміз де індетке қарсы күресті күшейту, қалыптасқан ахуалды жеңілдету, салдарларды жою барысында жаһандағы жағдайды жіті бақылап отыр. Осы орайда бүгін біз індеттен іргесін ажырата алмай отырған бірқатар елдердегі ахуалға әлемдік ақпарат агенттіктерінің деректеріне сүйеніп қысқаша шолу жасадық.
Жұқтырғандар саны азаяр емес
Reuters агенттігінің хабарлауынша, қазіргі таңда коронавирус жұқтырғандар саны дүйсенбіде 13 миллионнан асты. Айта кетерлігі, кейінгі бес күнде бұл көрсеткіш бір миллионға артқан. Жалпы, коронавирус пандемиясы басталғалы алты жарым ай ішінде жарты миллионнан астам адам қайтыс болды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус шектеу және алдын алу шараларына жеткілікті мән берілмесе, жақын арада қалыпты жағдайға оралмайтынымызды мәлімдеді.
Бүгінде індет Латын Америкасында қарқынды таралып жатыр. Оған қоса, АҚШ-та да жағдай әлі күрделі. Әлемде анықталған науқастар және қаза тапқандардың жартысынан астамы Америка Құрама Штаттарының үлесіне тиесілі. Бүгінге дейін осы елде коронавирусты жұқтырған 3,3 миллионнан астам адам анықталған.
Калифорния штатында барлық мейрамхана, көңіл көтеру орындары, хайуанаттар бағы мен мұражайлар жабылды. Бұдан бөлек, штатта құлшылық үйлері, жаттығу залдары, шаштараз, ойын-сауық орталықтарының қызметі де тоқтатылды.
Мұндай қадамға баруға штаттағы науқастар санының көбеюі себеп болып отыр. Қазіргі таңда мұнда күніне 8 мыңнан астам адамның вирус жұқтырғаны анықталады. The New York Times басылымының хабарлауынша, пандемия басталғалы бері 5,4 миллион америкалық медициналық сақтандыруынан айырылған.
Ұлыбританиядағы жағдай да мәз емес. Сарапшылардың пайымдауынша, алдағы қыста коронавирус инфекциясының екінші толқыны басталады. Сол кезде қайтыс болғандар күрт артуы мүмкін.
Британиялық медицина ғылымдары академиясының баяндамасына сай, пандемия мен алдағы тұмау індетіне байланысты елдің денсаулық сақтау жүйесінде туындаған қиындықтармен қатар коронавирустың екінші толқыны «Тұманды Альбион» азаматтары үшін айтарлықтай қауіп төндірмек. Осыған байланысты денсаулық сақтау жүйесінің шамадан тыс жүктеме қаупін азайту үшін және қыста демікпе, инфаркт, өкпенің созылмалы обструктивтік ауруы мен инсульт сияқты басқа да инфекциялардың таралу қаупі артатындықтан жедел дайындықты қазірден бастау қажеттігі туындап тұр.
Баяндамада Ұлыбританиядағы коронавирустың екінші толқыны қалай дамитынына қатысты белгісіздіктің жоғары дәрежесі бар екені көрсетілген. Онда ауру жұқтырған адамдардың орташа санын көрсететін R репродукция индексі 2020 жылдың қыркүйегінен бастап 1,7-ге дейін өседі. 2021 жылдың қаңтар-ақпанында Ұлыбританияда ауруханаға түсу мен өлім оқиғалары өте көп болады деп болжанып отыр.
Сондай-ақ биылғы қыркүйек айынан бастап 2021 жылдың маусымына дейінгі кезеңде коронавирустан туындаған атопиялық пневмониямен байланысты COVID-19 вирусынан қайтыс болу жағдайларының саны 119 900 адамға жетуі мүмкін. Айта кетейік, Ұлыбританияда індетке шалдыққандардың жалпы саны 290 мың адамнан асты. COVID-19 вирусынан 44,8 мың адам көз жұмған.
Аустралияда қауіпті дертке шалдыққандар саны 10 мыңнан асты. Осыған байланысты Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында шектеу шаралары күшейтіліп, мейрамханалар мен дәмханалар жабылды. Он адамнан артық жиналуға, қоғамдық іс-шаралар өткізуге тыйым салынды.
Дегенмен «жасыл құрлықтағы» жағдай салыстырмалы түрде қалыпты деуге толық негіз бар. Бүгінде бұл елде тіркелген науқастар саны айтарлықтай көп емес. Осыған қарамастан ел билігі ерте қамданып жатыр.
Ресейге де коронавирус індеті оңайға соқпай тұр. Роспотребнадзордың дерегіне сүйенсек, қазірге дейін солтүстіктегі көршімізде 733 699 вирус жұқтыру оқиғасы тіркелді. Соңғы бір тәулікте 6 537 адамнан вирус анықталған. Жалпы инфекциядан 11 439 науқас қайтыс болып, 504 021 адам жазылып шықты. Сырқатқа шалдыққандар саны Мәскеу мен Санкт-Петербургте күн сайын өсіп жатыр. Ресейде вирус жұқтырғандар саны бойынша ел астанасы көш бастап тұр. Мұнда 230 029 адам инфекция жұқтырған.
Осыған байланысты, қоғамдық орында әлеуметтік қашықтық сақтау, бетперде тағу міндеттелген. Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің бас инфекционисі, профессор Владимир Чуланов коронавирустың екінші толқынынан қорғану үшін шектеу шараларын сақтауға шақырып отыр. Атап айтқанда, маска тағу, қолды жиі жуу, әлеуметтік қашықтық сақтау және науқастанған адамдардың оқшаулануы қажет. Сондай-ақ адам көп жиналатын орындардың жұмысына тыйым салынбақ.
В.Чулановтың пайымдауынша, алдын алу шараларының арқасында Ресейде коронавирус індетінің таралу қарқыны бәсеңдеді. Соған қарамастан, елдегі жағдай кез келген уақытта өзгеруі мүмкін. «Мұны бір шайқастағы кішігірім жеңіс деп айтуға болады, бірақ «соғыс» әлі аяқталған жоқ. Біз күнде жаңа вирус жұқтыру оқиғаларын тіркеп жатырмыз. Кей аймақтарда індет өршіп тұр, яғни инфекцияның таралу қаупі сақталады. Оң өзгерісті сақтап қалу үшін қарапайым сақтық ережелерін орындау қажет. Оның негізгісі – қоғамдық орында маска тағу», дейді ол.
Келесі кезеңге қамдануда
Еуропада кейінгі бірнеше аптада жағдай тұрақталып қалған еді. Бірақ қазіргі таңда қарт құрлық пандемияның екінші толқынына әзірленіп жатыр. Жағдайдың қалпына келіп жатқанына қарамастан, жекелеген елдерде аурудың өршуі байқалады.
Мәселен, Сербияда жұқтырғандар саны күрт артты. Ауруханалар аузы-мұрнына шығып толған. Көпшілік бұған ел билігін кінәлайды. Мамырда үкімет шектеу шараларын жеңілдетіп, маусымда сайлау өткізген. Ал билік өкілдері карантин талаптарын сақтамаған халықтың өзін кінәлайды. Вирусты одан әрі таратпау мақсатында Белградта 10-13 шілде аралығында коменданттық сағат режімі енгізілді. Сербияның 19 қаласы мен ауданында төтенше жағдай жарияланды.
Испанияның Галиция өңірінде қайтадан локдаун енгізілді. Аталған ауданда вирус жұқтырғандар саны күрт артқан. Осыған байланысты, қоғамдық орындарда бетперде тағу міндеттеліп, көпшіліктің жиналуына тыйым салынды. Жергілікті биліктің пайымдауынша, індеттің өршуіне мейрамхана мен барлардың ашылуы себеп болған.
Ал коронавирус инфекциясына байланысты Италияда енгізілген төтенше жағдай режімі биылғы 31 қазанға дейін ұзартылуы мүмкін. Індетке қатысты ахуалға орай Италия үкіметі төтенше жағдайды созу мәселесін қарастырып жатыр.
Бұл ұсыныс осы аптада өтетін министрлер кабинетінің отырысында енгізіледі. Италияда өткен жексенбі күні коронавирусты жұқтыру бойынша жаңадан 234 жағдай тіркелді. Дүйсенбі күні көрсеткіш сәл төмендеп, 169 адамның науқастанғаны анықталды. Бүгінге дейін елде вирустан 34 967 адам қайтыс болды. Жалпы COVID-19 науқасына 243 230 адам шалдыққан.
Бразилияда да жағдай өте қауіпті. Денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәліметке сүйенсек, күн сайын вирус жұқтырғандар саны 40 мыңнан түсер емес. Сондай-ақ күн сайын мыңнан аса науқас көз жұмады. Тіпті ел президенті Жаир Болсонару да Covid-19 жұқтырды. Бразилия басшысы талай мәрте коронавирусты қарапайым тұмаудан айырмашылығы жоқ деп есептеп келген еді.
Жалпы, ел аумағында 1,9 миллион адам індетке шалдыққан. Соның 74 мыңы ақтық сапарға аттанды. Өлім коэффициенті 4 пайызды құрап отыр. Бүгінде Сан-Паулу және Рио-де-Жанейро штаттарында қаза тапқандар саны өте көп. Бразилия коронавирус жұқтыру және өлім саны бойынша әлемде АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұр.
Гонконг аурудың төмендеуіне қарамастан, үшінші толқынға жол бермеу мақсатында әлеуметтік қашықтық шараларын күшейтуді көздеп отыр. Соған сәйкес, сейсенбіден бастап арақашықтық сақтауды міндеттеді. Ел билігінің айтуынша, коронавирустың кең көлемде тарауының ықтималдылығы жоғары. Осыған байланысты, қоғамдық көлікте, қоғамдық орында бетперде тағылуы тиіс. Алда-жалда бетперде тақпаған адам қоғамдық көлікке мінсе, оған 645 доллар көлемінде айыппұл салынады. Сондай-ақ мейрамханалар мен дәмханалар жұмысы тоқтатылып, тамақ жеткізу қызметі ғана қалды. Пандемия басталғалы бері Гонконг карантиндік шектеуді мұншалықты күшейтпеген еді.
Бұдан бөлек, Гонконг қаласында бір айға жуық уақыт бұрын ашылған Диснейленд қайта жабылды.Саябақ коронавирустың Азия елдерінде кең таралуына байланысты қаңтар айының соңында жабылған. Бірақ елдегі науқастанғандар саны азайған соң саябақты 18 маусымда ашу жөнінде шешім қабылданған еді. Әйтсе де, сәрсенбі күні Диснейленд қайта жабылды.
«Үкімет және денсаулық сақтау органдарының талаптары, сондай-ақ Гонконгта өткізіліп отырған алдын алу шараларына сәйкес, Гонконгтағы Диснейленд саябағы осы жылдың 15 шілдесінен бастап уақытша жабылады», делінген Disney мәлімдемесінде.
Филиппин де қайтадан локдаун енгізбек. Соған байланысты, Манила қаласында 250 мың адам қайтадан үйге оқшауланады. Қазіргі таңда бұл елде науқастар саны 57 мыңнан асқан. 1600 адам қауіпті дерттің салдарынан өмірімен қоштасты. Айта кетерлігі, Филиппин – оңтүстік-шығыс Азияда вирус ең көп тіркелген екінші мемлекет.
Моңғолияда бубон обасы өршіді
Сауд Арабиясында коронавирусты жұқтырғандар саны 235 мыңнан асты. Денсаулық сақтау министрлігінің келтірген мәліметтеріне сүйенсек, соңғы тәулікте 20 науқас көз жұмып, 2243 адам індеттің құрбаны болған. Осылайша, Сауд Арабиясы Парсы шығанағы елдері арасында вирус жұқтырғандар саны бойынша көш бастап тұр. Бұған дейін Сауд Арабиясы шетелден қажылыққа келетіндерге тыйым салған. Билік бұл қадамды вирусты бақылауда ұстаумен түсіндірген.
Дегенмен таяуда Сауд Арабиясы Қажылық және умра министрлігі биыл қажылық жасауды көздегендерге тіркеу ашылғанын хабарлады. Негізінен қажылық парызын өтегісі келгендердің саны шектелмек. Оның үстіне, Сауд Арабиясының азаматтарына басымдық беріледі.
Бұқаралық ақпарат құралдарында тараған мәліметке сүйенсек, Сауд Арабиясы азаматтары арасында қажылыққа коронавируспен ауырып қойған тәжірибелі дәрігерлер мен қауіпсіздік қызметкерлері ғана бара алады. Әзірге қажылықтың қалай жасалатыны, карантиндік шектеу мен әлеуметтік қашықтық қалай сақталатыны туралы мәлімет нақты емес.
Моңғолия да карантиндік шараларды 31 шілдеге дейін созды. Бұған себеп, елдегі вирус жұқтырғандардың саны көбеюі. Бүгінге дейін осы елде 227 адам ғана науқастанған-ды. Осыған қарамастан, ел билігі алаңдаулы.
Моңғолия коронавирусқа төтеп бергенімен, ел аумағында оба тарап жатыр. Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, Ұлан-Батырда жүргізілген зертханалық талдау Моңғолияның оңтүстік-батысындағы Говь-Алтай аймағында 15 жастағы жасөспірім бубон обасынан қайтыс болғанын растаған.
«Дүйсенбі күні кешке ПТР-тест нәтижесі 15 жастағы бозбаланың өліміне бубон обасы себеп болғанын көрсетті», деді Моңғолия Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Д.Нарангерель.
Жасөспірім өткен жексенбіде ауруханаға келе жатқан жолда көз жұмды. Марқұм үш күн бұрын достарымен бірге суыр етінен жасалған тағам жеген. Екі досы мен байланыста болған 15 адам оқшауланып, ауруханаларда ем алып жатыр. Өлім тіркелуіне байланысты Моңғолияның Говь-Алтай провинциясында карантин енгізіліп, көлік қозғалысы тоқтатылды. Бұған дейін Ховда аймағында (Батыс Моңғолия) бубон обасын жұқтырған екі адам анықталған-ды.
Иранда осы аптада екінші рет коронавирустан көз жұмғандардың тәуліктік көрсеткіші бойынша рекорд орнады. Қазіргі таңда бұл елде вирус құрбандарының саны 200-ден асты. Эпидемиялық ахуал бірқатар діни шара өткізуден кейін нашарлап кеткен.
Оған қоса, кісі көп жиылатын орындардың қайта ашылуы да жағдайды ушықтыра түсті. Иран астанасы Тегеранда да карантин жеті күнге ұзартылды. Университеттер, мектептер, кітапханалар, сұлулық салондары, мешіттер, кинотеатрлар, театрлар мен мұражайлар жабылды. Барлық мәдени-көңіл көтеру және діни шаралар уақытша тоқтатылды.
Эпидемиялық ахуалдың нашарлауына байланысты билік халықты қоғамдық орында маска тағып жүруге міндеттеді. Соңғы мәлімет бойынша, Иранда 250 мыңнан аса адамның вирус жұқтырғаны анықталды.
13 шілдеде Армения үкіметінің кезектен тыс отырысы өтіп, төтенше жағдай режімін 12 тамызға дейін ұзарту туралы шешім қабылданды. Мұндай қадам елдегі коронавирус инфекциясының таралу ұзақтығына, сондай-ақ оған қарсы тұрудың тиімді тетіктерін қамтамасыз ету қажеттілігіне негізделген. Армения денсаулық сақтау министрлігінің ауруды бақылау және алдын алу жөніндегі ұлттық орталығының мәліметінше, елде 32 151 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. 19 865 пациент сауығып шықса, 11 530 науқас ем қабылдауда. Қауіпті індеттен 573 адам көз жұмған.
Үндістанның Бангалор қаласында бір апталық, Марокконың Танжер қаласында карантин енгізілді. Оңтүстік Африка Республикасында коменданттық сағат орнаған. Колумбия астанасы Боготаның кейбір аудандарында екі апталық карантин енгізілген. Израильде де шектеу шаралары әлі тоқтатылған жоқ.
Коронавирус ашаршылыққа әкелуі мүмкін
Бір қызығы, көрші Түрікменстанда ресми түрде коронавирус індеті анықталған жоқ. Алайда көптеген бұқаралық ақпарат құралдары ел билігі шындықты жасырып отыр деп есептейді. Бұған негіз де бар. Мәселен, таяуда Түрікменстан денсаулық сақтау және медициналық өнеркәсіп министрлігі халықты маска тағуға шақырып, хабарлама жасады. Сондай-ақ көпшілік орында 1 метр қашықтық ұстануды, жеке және қоғамдық гигиена ережелерін сақтау қажетін ескертті.
«Соңғы күндері Ашхабад қаласы мен уәлаяттарда атмосфералық ауаның жай-күйіне жүргізілген талдауға сәйкес Түрікменстан аумағына оңтүстік-шығыстан, солтүстік-шығыстан және солтүстіктен келген ауа ағынына байланысты ауадағы шаңның жоғары мөлшері тіркелді. Бұл адам денсаулығына, ең алдымен тыныс алу жүйесіне зиян. Жаз мезгілінде ауа райының адам ағзасына жағымсыз әсерін болдырмау үшін отбасылық дәрігермен үнемі кеңесіп, алдын алу шараларын күшейту қажет. Мұндай күндері ауадағы шаңның көбеюіне байланысты табиғи-экзогенді ықпалды төмендету мақсатында жеке қорғаныс құралдарын – медициналық маска тағуға кеңес береміз», делінген министрлік таратқан хабарламада.
БҰҰ-ның хабарлауынша, 2019 жылы әлемде шамамен 690 миллион адам аштықтан зардап шеккен. Биыл бұл көрсеткіш арта түсуі ықтимал. Себебі коронавирус пандемиясы әлем экономикасын қиын жағдайға қалдырып отыр.
Өткен дүйсенбіде ЮНИСЕФ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДСҰ), БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы бірлесіп баяндама жасап, биылғы жылға болжам жасады.
Аталған құжатқа сүйенсек, 2018 жылға қарағанда ішерге ас таппай жүргендер саны 10 миллион адамға көбейген. Өкінішке қарай, 2015 жылдан бері 60 миллион адам қайыршылық деңгейге түскен.
Баяндамада 2019 жылы ішерге ас, киерге киім таппағандар саны шамамен 2 миллиард адамға жақындағаны айтылған. Мамандардың пайымдауынша, коронавирус індеті жағдайды одан сайын ушықтырды. Пандемия салдарынан жаһандық дағдарыс өндірістерге ғана емес, шартараптағы тамақ өнімдерінің таралуы мен тұтынылуына да әсер етті.
«COVID-19 пандемиясының денсаулыққа, әлеуметтік және экономикалық салаларға әсері азық-түлік қауіпсіздігі деңгейінің одан әрі төмендеуіне және ең осал топтардың тамақтану жағдайының нашарлауына әкелуі мүмкін», делінген баяндамада.
Алда-жалда осы үрдіс жалғаса берсе, онда 2030 жылға қарай әлемде аш-жалаңаштар саны 840 миллион болуы мүмкін. Бұл жағдайда, әсіресе, балалар қатты зардап шегеді. Баяндама авторларының мәліметтері бойынша, азық-түліктің жетіспеуіне байланысты 2019 жылы әлемдегі 5 жасқа дейінгі әрбір бесінші баланың дамуында ақау кезіккен.