Әзербайжан мен Армения шекарасында, яғни Товуз аймағында тағы атыс болды. Оқиғаның бұлай өршуіне Баку билігі де, ресми Ереван да бір-бірін кінәлап отыр. Әзербайжан қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Армения қарулы күштері елді мекендерге оқ жаудырған.
«Армения қарулы күштерінің бөлімшелері 16 шілде күні таңертең Товуз аймағындағы позицияларымызға шабуылдауға тағы бір мәрте талпынды. Сондай-ақ Агдам, Дондар Гушчу және Вахидли ауылдарына ірі калибрлі қарулар мен минометтерден оқ жаудырды. Тұрғындар арасында зардап шеккендер жоқ. Қазіргі таңда жағдай әскерлеріміздің бақылауында. Халыққа қосымша ақпарат беріледі», деді Әзербайжан қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі, полковник Вагиф Даргяхлы.
Өз кезегінде Армения тарапы қақтығыстың қайта өршуіне көршілерін кінәлайды. Армения қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Шушан Степанян әлеуметтік желіде шекара маңындағы Айгепар ауылының атыстан кейінгі көрінісінің суреттері мен видеоларын жариялады.
Естеріңізде болса, 12 шілдеде Армения мен Әзербайжан шекарасында қақтығыс туындап, атыс екі күнге созылған-ды. Екі ел де жанжалды бастады деп бір-бірін айыптады.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев оқиғаға байланысты мәлімдеме жасап, оған Арменияның бүкіл саяси және әскери басшылығы толық жауапты екеніне назар аударды.
Ал Армения премьер-министрі Никол Пашинян Әзербайжанды «арандату жасады» деп айыптап, мұндай әрекетке жауап қайтарылатынын жеткізді.
Қазірге дейін оқиға салдарынан бірнеше сарбаз қаза тапты. Әзербайжан қорғаныс министрлігі шамамен 11 әскери бақиға аттанып, бесеуі жараланғанын мәлімдеді. Армения қорғаныс министрлігі келтірген деректерге сүйенсек, бұл елдің үш сарбазы мен екі полиция офицері жараланған.
Осы оқиғаға байланысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігі де мәлімдеме жасап, тараптарды мәмілеге келуге шақырды. «Достас Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасын даулы мәселелерді шешуде ұстамдылық танытуға және күш құралдарын пайдаланудан бас тартуға шақырамыз. COVID-19 пандемиясы мен әлемдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауы аясында қақтығыстың одан әрі өршуі күтпеген теріс салдарға әкелуі мүмкін» делінген Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.