Бірқатар танымал тұлғалардың Twitter-дегі аккаунтарына хакерлер шабуыл жасап, спам ақпарат таратқан. Олардың қатарында «Тесла» компаниясының басшысы Илон Маск, миллиардерлер Джеф Безос пен Билл Гейтс бар.
Хакерлер олардың аккаунттарын бұзғаннан кейін төмендегідей хабарлама қалдырған: «Көрсетілген шотқа жіберілген бүкіл биткоин екі есе болып қайтады. Егер 1000 доллар аударсаңыз, 2000 доллар етіп қайтарамын. Мұны 30 минут ішінде ғана орындаймын».
Айта кетерлігі, шабуылға ұшыраған аккаунттың бәрінде жарияланған мәтін бірдей.
Ал Twitter компаниясының өзі оқиғадан хабардар екенін, оны жоюмен айналысып жатқанын мәлімдеді. «Twitter-дегі баршамыз үшін қиын күн. Бәріміз болған оқиғаға налып отырмыз», деді компанияның басшысы Джек Дорси.
Сондай-ақ хакерлердің шабуылына ұшырағандар қатарында АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама, АҚШ Демократиялық партиясының жетекшісі Джо Байден, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху және тағы басқа белгілі тұлғалар бар. Бұдан бөлек, Apple және Uber секілді алпауыт компаниялардың аккаунттары да шабуылға ұшыраған.
Туиттерде мұндай жағдай алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. Былтыр хакерлер Джек Дорсидің аккаунтын бұзып, расизмге толы жазбалар қалдырған еді.