Алдыңғы ақпараттарда айтқанымыздай, 18 шілдеден бастап Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Қарабөгет ауылынан 50 шақырым қашықтықта "Мойынқұм орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі" КММ аумағында құмды жердегі құрғақ шөп пен сексеуілдің жануын сөндіру жалғасуда. Бұл туралы ІІМ ТЖ комитеті хабарлайды, деп жазады Egemen.kz
Өртті ауыздықтауға ТЖД, "Мойынқұм, Байзақ, Меркі, Қосқұдық, Қордай және Жуалы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемелері" КММ, Мойынқұм ауданының ерікті өрт сөндіру құрылымдарынан 233 адам және 50 бірлік техника, "Қазавиаорманкүзеті" РМК МИ-2 тікұшағы жұмылдырылды.
21 шілдеде түндегі жағдай бойынша өрттің алдын ала ауданы 34 мың га құрады. Елді мекендерге қауіп жоқ. Барлық күштер мен құралдар қарауылдау жұмыстарын жүргізуде. Өрт орнында екпіні секундына 10 метре дейін жететін жел тұр, ауа температурасы +36 градус. Ағымдағы жылдың 21 шілдесінде 33 табиғи өрт оқиғасы тіркелді.
Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды және Түркістан облыстарындағы 13 табиғи өрт ТЖК бақылауында, онда өрттерді жою бойынша шаралар қабылдануда.
Бұдан басқа, өткен тәулікте Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы табиғи өрттер жойылды. Аталған өңірлерде от шарпыған аумақтың жалпы ауданы 403 га құрады. Өртті жоюға ТЖД, ерікті өрт сөндіру құрамаларының, орман шаруашылықтарының күштері мен құралдары жұмылдырылды.