• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Шілде, 2020

Жамбыл облысы дәрі сатып алу үшін 1,2 миллиард теңгеге өтінім берген

167 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда Жамбыл облысының медициналық ұйымдарында коронавирус инфекциясымен және пневмония індетімен ауырған науқастарды емдеуге арналған дәрі-дәрмектердің үш апталық қоры қалыптасты, - деп жазады Egemen.kz

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов жұқпалы және провизорлық ауруханаларда дәрі-дәрмектер мен медициналық құралдардың жеткілікті екенін айтып отыр. Оның ішінде 50,2 мың таблетка және 67,8 мың флакон антибиотиктер, 9,8 мың дана шприц, дене қызуын түсіретін 2 мың шиша, вирусқа қарсы 15 мың таблетка бар. «СК-Фармация» мекемесі арқылы жалпы құны 1,2 миллиард теңгеге дәрі-дәрмек сатып алуға қосымша өтінімдер берілген. Бүгінде сол қаражаттың есебінен 471 миллион теңгеге дәрілер сатып алынып, облысқа жеткізілді.

Сонымен қатар, Өзбекстан мемлекетінен дәрі-дәрмек сатып алуға жергілікті бюджеттен 544 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі таңда Өзбекстаннан 24 миллион теңге көлеміндегі дәрі-дәрмектердің алғашқы партиясы келіп, ауруханаларға таратылды. Бұл ретте Марат Жұманқұлов дәрі-дәрмектерге деген сұраныс әлі азаймай отырғанын, сондықтан да өтінімдерді тіркеу және жаңа заттарды түсіру, жеткізу жұмыстары шапшаңдықты талап етуде екенін жеткізді. Сондай-ақ, өңірдің бас дәрігері медициналық мекемелердің қажеттіліктеріне сәйкес дәрі-дәрмектердің уақытылы келуі мен дұрыс таратылуына қатаң бақылау жасалатынын айтты.

Тағы бір айта кетерлігі, жергілікті кәсіпкерлер де коронавируспен күресте шет қалмай, өз үлестерін қосуда. Атап айтсақ, кәсіпкерлер аз қамтамасыз етілген отбасыларға дәрі-дәрмек алуға 48 миллион теңге бөліпті. Жалпы, облыс кәсіпкерлері 338 миллион теңге жинаған. Сонымен қатар, бүгінде Жамбыл облысына Катар, Қытай, Өзбекстан, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері сынды бірқатар мемлекеттерден 45 мың жеке қорғаныс құралдар жиынтығы, 1 мың экспресс-тест, 220 литр антисептик, 11,2 мың пакет, вирусқа қарсы препараттар, 235 пакет антибиотиктер, 8 мың пакет және басқа да қажетті дәрілер келіп жетті.

 

Жамбыл облысы