• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Экология 23 Шілде, 2020

Көбейтұздағы келеңсіз көрініс экологиялық сананы тәрбиелеу қажеттігін көрсетті

507 рет
көрсетілді

Биыл жаһанды жайлаған індет туризм секторына да өз «түзетуін» енгізді. Жаз маусымында жағажай іздеп, қиырға кетіп қалатын қазақстандықтар осы бір карантиндік шектеу шараларынан кейін амалсыз алысқа ұзай алмай отырғаны ақиқат. Десе де ірі шаһарлардың шетіндегі табиғаттың әсем мүйістері жетерлік.

Қазіргі қалыптасқан ахуал қазақ жерін­дегі осы іспетті орындардың танымал­дылығын арттыра бастады. Соның бірі – Ақмола облысының Ерейментау ауданында орналасқан Көбейтұз көлі. Оқшауланып отырған отан­дастарымыз бір сәт көлігіне бала-шаға­сын тиеп алып тартып кететін таби­ғаттың тыныш орындарын қарас­тыр­ғанда, әлем-жәлем әлеуметтік желі­ге жүктелген қыз­ғылтым көлі бар Көбей­тұздың көркем көрінісі көлбең ете қал­ғаны сол еді, бұйы­ғы жатқан бірегей көл­дің басы әп-сәтте жәр­меңкеге айналып жүре берді. Әтте­ген-айы, әлгі бір әдемі жерге барған отандас­тары­мыздың ос­падар әрекеті болып тұр.

Кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге назар аударып, туиттердегі парақшасына жанашыр сөз жазды.

«Азаматтардың табиғи демалыс орындарындағы жаппай мәдениетсіздігі тоқтамай тұр. Отандастарымыздың ерекше қызғылт түсті «Көбейтұз» көліне келтірілген орасан зор зиянға қатысты алаңдаушылығы орынды. Бұл жағымсыз әрекеттер өскелең ұр­паққа жүргізілетін экологиялық ағар­ту жұмыстарының түйткілдерін ашып берді. Білім, Экология, Ақ­парат министрліктері бұл мәселені ж­ұмыс­­тарының басым бағыты ретінде қарас­тыруы керек» деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.

Расында, көпшіліктің қа­ладағы қапас үйде қамалып отырмай, қашықтағы көлге барып тынығуы құптарлық болғанымен, соңында үйме-жүйме қоқыс қал­дырып, кең дала төсін кезіп, жосықсыз ластауы қоршаған ор­таға бейжай қарамайтын барша қауымды алаңдата бастаған болатын. Тіпті жағалауда, су бетінде ұшқан целлофан па­кеттерді былай қойғанда, көлдің ортасына көлігімен қойып кеткен бейбастақ әрекетті қалай кешірерсіз...

Сондай-ақ минералды тұз­ды қапқа салып, қалаға әке­ліп сау­далап жүргендер де бар­шылық.

Президенттің пәрменді пайы­мы «келінім, саған айтамын, қы­зым, сен тыңда» деген халықтық парасатпен ұштасып тұр. Өйткені «өзімнің мініме құлағым керең, өзгенің мінін қырымнан көрем» дегендей, өз мінімізді өзіміз кө­ре бермейміз. Сондықтан да болар, қазір көрікті Көкшенің қой­науындағы көлдердің жағасы да, анау Алакөлдің шығысы мен батысындағы қос жағалауы да, одан өзге қазаққа Құдай сыйлаған қаншама ғажап табиғат аясы қоқысқа толы. Әлбетте, суалмай­тын суат, тартылмайтын бұ­лақ, қурамайтын құрақ жоқ. Сон­дықтан қоршаған ортаға қа­тысты қалыптасқан көзқарасты тү­­бірімен өзгерту қажет. Бұл ретте қазақтың байырғы экологиялық санасынан алатын тәлім мол. Жайлаған қонысын сарыжұрт қылмай, көшіп-қонған елдің малы да, жаны да аяулы табиғаттың берген сыйын бағалай білетін-ді. Бүгінде урбанизацияланған халықтың санасындағы көне кодты оятудың бір жолы осы бабалар қағидасын болмысымызға сіңіру болса керек.

Ал дүйсенбіден бастап карантин уақытына байланыс­ты кіре берісіне шлагбаум қойыл­ған Көбейтұз көлі енді ерекше қорғалатын табиғи аймаққа ай­налмақ. Бұл туралы кеше Ор­талық коммуникациялар қыз­метінде өткен брифингте елі­міздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағ­зұм Мырзағалиев мәлімдеді. Бұ­ған дейін министрлік Көбейтұз көлін қорғау бойынша алғашқы шара­ларды қабылдаған екен. Министрлік мамандарының айтуынша, көлден алынған сынама кәдімгі қарапайым ас тұзымен бірдей екенін көрсеткен. Сондай-ақ қоғамдық бақылау кеңесі құрылып, еріктілер мен құқық қорғау органдарының арасынан көлді тексеретін топ құрылады. Қазір Экология министрлігі жағ­дайды талдап, қосымша шаралар әзірлеуде.

Министрдің айтуынша,­ көл­дер мен басқа да табиғи нысан­дарда болудың белгіленген тәрті­бін, санитарлық нормалар мен экологиялық заңна­ма­ны бұзушылар жазалана­ды, айып­пұлдар артады, заңбұзу­шылық үшін жауапкер­шілік күшейтіледі. Бүгінде Әкімшілік кодекстің 505-бабына сәйкес («Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру, сон­дай-ақ инфрақұрылым нысандарын қирату, қаланың және елді мекендердің жасыл көшет­терді бұзу және бүлдіру» баптарына сәйкес) Көбейтұз көлін­дегі стихиялық қоқыс үшін бірнеше адам жауапқа тартылды.

– Сондай-ақ экологиялық бекет­тер құру жоспарлануда. Бірақ осы бірегей көлге құмар­татындар саны артуда, – деді Мағзұм Мырзағалиев. – Демек, жалпы алғанда, ең алдымен, азаматтарға мұндай жерлер­де жүріп-тұру ережелерін түсін­діру және экомәдениетті көтеру, тұзды өзімен бірге алып кетуге болмайтынын, оның еш­қандай емдік қасиеті жоқ еке­нін, ал көл туристердің осындай әрекеттерінен жойылып кетуі мүмкін екенін түсіндіру қа­жет. Сондай-ақ  біз қоғам белсен­ділерін, экологтерді, экобел­сен­ділерді осы жұмысқа жұмыл­дырмақпыз».

Ведомство басшысы атап өт­кендей, бұл елдегі басқа да таби­ғи нысандардағы жағдай­ларға, оның ішінде Ақтаудағы итба­лықтарды ұрып-соғу, Бура­бай­дағы тау болып үйілген қоқыстар, Алматы маңындағы Первомайский то­ғанындағы Қызыл кітапқа енген лотос өсімді­гін жұлып алып, Инстаграм­да қуана жариялаған жағ­дай, қоқыс тастау, жерошақта от жағу, сонымен қатар бірегей Көбей­тұз көлінен тұз алып кетіп сату дерек­тері министрлік өкіл­дерінің алаңдау­шылығын ту­ғы­зуда.

«Айыппұлдардан басқа, ха­лық­қа үнемі түсіндіру жұ­мыс­­тарын жүргізіп отыру керек. Ересектер өздері балаларға табиғатты аялауды үйретіп, үлгі болуы керек. Тағы да барлық қазақстандықтарды қоршаған ортаға қамқорлық жасауға ша­қы­рамын. Біз елдегі кез келген табиғи нысанның жанына инс­пектор қоя алмаймыз. Жал­пы, халықтың экологиялық мәде­ниетін жақсарту керек. Әрине, бұл бір күндік жұмыс емес. Бі­рақ біздің министрлік мұндай түсіндірулерді қоғамда белсенді түрде насихаттайды. Бұқаралық ақпарат құралдарына осы іске қосқан елеулі үлесі үшін алғыс айтамыз. Болашақта да насихат жұмыстары жағынан сіздердің бізді қолдайтындарыңызға сене­міз. Бұл жұмыстарға жергілікті әкімдіктер де белсене қатысады деген ойдамыз. Бұған бүкіл қоғамның бірлескен күш-жігері қажет. Жоғарыда айтқанымдай, бәрі бала кезден бойға сіңірілуі керек. Сол себепті де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мектептерде экологиялық мәдениет пә­нін енгізуді ұсынды», деп түйін­деді М.Мырзағалиев.

Қазақстанда экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін айып­пұл көлемі артады. Тиісті шаралар жаңа Экологиялық кодекс жобасында қарастырылған. Ұлттық парктер мен демалыс­ аймақ­тарындағы рейдтерге Эко­­­ло­гия және Ішкі істер ми­нистр­­­ліктерінің өкілдері, соны­­м­ен қатар экологтер, қоғам белсенділері, еріктілер және құқық қорғау органдары қатысады.

«Қазір министрлік ұлттық парк­тер мен демалыс аймақтарына қоғамдық рейдтер жүргізуде. Бұл жергілікті жерлердегі қор­шаған ортаны қорғау бойынша жағдайды бақылауға және қажетті шараларды жедел қабыл­дауға септігін тигізеді. Ең бас­тысы, заң бұзушыларға жаза қол­дануға мүмкіндік береді. Алайда жағдайды өзгерту үшін халықтың экологиялық мә­дениетін көтеру қажет», деді министр.

 

P.S. Күншығыс елінде балдырғандарды балабақшадан бастап қоқыс тастамауға тәрбиелейтін тамаша көрініс бар. Яғни әр балақайдың сөмкесінің қос қапталында кішкене қалақ пен сыпыртқы жүреді. Олар бүкіл қоқысты тазалап тастамас. Бірақ бала кезінен санасына қоқыс қалдырмауды сіңіреді. Бізге де осы іспетті бір тәрбие құралдары керек-ақ...