• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Шілде, 2020

Тараздағы бірқатар нысан иелеріне айыппұл салынды

214 рет
көрсетілді

Бүгінде өңірдегі карантин талаптарының қаншалықты сақталып отырғанын анықтау мақсатында Тараз қалалық әкімдігінің, полиция және Жамбыл облысы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің өкілдерінен құралған мониторингтік топ облыс орталығында кезекті рейд жұмысын жүргізген, - деп хабарлайды Egemen.kz

Нәтижесінде Тараз қаласында түнгі уақытта сауда жасаған және санитарлық талаптарды сақтамаған бірқатар нысандар анықталған. Қазіргі кезде оларға тиісті шара қолданылуда.

Тараз қалалық әкімдігінің мәліметінше, карантин талаптарын елемей, түн мезгіліне дейін сауда жасайтын азық-түлік дүкендері әлі бар болып шықты. Олардың кейбіріне бірнеше рет ескерту де жасалған. Мәселен, мобильдік топ Тараз қаласындағы Әйтиев, Абай, Сүлейменов, Ниетқалиев көшелерінде бақылау жүргізген. Бірақ аталған аумақта карантин талабын бұзған нысан анықталмаған.

Алайда, қаладағы Тәуке хан даңғылындағы бірнеше сауда нүктесі түн ауған уақытқа дейін жұмыстарын жалғастыра берген. Айталық, "Алатау" сауда-саттық кешені мен "Нұр" шағын маркеті карантин талаптарын сақтамаған болып шықты. Тіпті, аталған шағын маркет қызметкерінің тексеруші топты көрген сәтте іште тұрған келушілерді сыртқа шығармастан дүкен есігін іштен кілттеп алғаны анықталған.

Сондай-ақ, карантин талаптарына пысқырмаған дәмхана мен жылдам ас дайындайтын нүктелер де белгілі болды. Желтоқсан көшесінде орналасқан "Маки Маки" суши дайындау орны талапты сақтамаған. Мұндағы жұмысшылардың санитарлық талаптарды сақтамағаны өз алдына, олардың ас әзірлегені және түнгі уақытта жұмыс істегені анықталды. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, аталған заң бұзушылықтарды ескере отырып, нысанға қатысты тиісті шара қабылданған.

Жалпы, рейд жұмыстарының қорытындысы бойынша бірқатар нысан иелеріне ескерту жасалып, карантин талаптарын қайталап бұзғандарға айыппұл салынуда. Сонымен қатар, қалада орналасқан бассейндерге де тексеру жұмыстары жүргізілген болатын. Алайда, Тараз қаласындағы шомылу орындарның ешқайсысының жұмыс істемей тұрғаны анықталған.

 

Жамбыл облысы