• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Елорда 27 Шілде, 2020

Елордада КВИ бойынша жедел жәрдем шақыру саны 5 есе азайды

217 рет
көрсетілді

Төсек-орын қажеттілігі 90%-дан 45%-ға төмендеген. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтыны сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.

Карантин шаралары мен амбулаториялық емдеуді күшейту нәтижесінде ауруханалар мен дәрігерлердің жүктемесі азайған. Елордада 27 шілдеге дейін КВИ жұқтырған 10 070 науқас тіркелді. Оның ішінде 6766 адам немесе 67%-ы сауығып, ауруханадан шығарылды, 966 адам қала ауруханаларында ем алуда. 5 шілдеден бастап инфекциялық және провизорлық стационарларда емделіп жатқандар саны 48% (3357-ден 1758 адамға дейін) азайған.

Сәйкесінше төсек-орын қажеттілігі 90%-дан 45%-ға дейін төмендеп, бос төсек-орын саны 369-дан 2000-ға дейін артқан. «Пневмониямен түскен стационарлық емдегі науқастар саны 44% (1333-тен 746-ға дейін) азайды. Жедел жәрдем станциясына жүгінетіндер 53% (тәулігіне 3410-нан 1608-ге дейін), шақырулар 56% (тәулігіне 2368-ден 1039-ға дейін), КВИ бойынша шақырулар саны тәулігіне бес есе – 350-ден 73-ке дейін азайды.

Бірақ індет ешқайда кеткен жоқ. Сондықтан карантин шараларын қатаң сақтау қажет: маска тағып, әлеуметтік қашықтық сақтаған жөн», – деді Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а. Әлия Рүстемова бүгінгі брифингте. Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус инфекциясын анықтау үшін ПТР-тестілеуді тоғыз зертхана жүргізеді.

Оның ішінде жеті мемлекеттік, екі жеке зертхана. Олардың жалпы қуаттылығы 5,5 мың зерттеуге дейін. Пандемия кезінде 284 мың ПТР тест алынды. Соңғы үш апта ішінде зертханаларда тәулігіне орташа 2500 тест жасалады. Бұл маусым айына қарағанда 30%-ға төмен (саны 3500). Қаланың барлық емханаларында провизорлық бөлімшелер ұйымдастырылған.

Онда ЖРВИ және пневмония белгілері бар науқастардан жағынды алынады. Сондай-ақ мобильді бригадалар да құрылды, олар үйде симптомсыз вирус тасымалдаушылардан, сондай-ақ COVID-19 науқастарымен жақын қарым-қатынаста болған адамдардан материал алады.

"Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында ПТР тест тапсыру проблемалары жоқ. Қазіргі уақытта қала әкімдігі қосымша зертханалық құрал-жабдықтарды сатып алу есебінен елорда тұрғындары үшін тестілік зерттеу санын арттыру бойынша жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар коронавирус инфекциясының белгілері мен эпидемиологиялық анамнез болмаған жағдайда ПТР тест тапсырудың қажеті жоқ", деп атап өтті Ә.Рүстемова.