Азық-түлікке есірткі жасырған Тараздық тұрғын түрмедегі досына беріп жібермек болған жерінде қолға түсті. Бұл туралы Polisia.kz-ке сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.
Қала тұрғыны тыйым салынған затты шәйдің ішіне жасырған. Осыдан екі күн бұрын ЖД-158/7 мекемесінің жедел-режим тобы азық-түлік пен қажетті заттарды жазасын өтеуші досына тапсырамын деп, бірақ өзі есірткі бермек болған А. есімді ер адамды ұстады.
Бұл факт тінтіп-тексеру барысында анықталды. Жамбыл облысы Байзақ ауданы Сарыкемер ауылының тұрғыны өзге азық-түліктермен қатар қалтаға салмағы 1,5 келі түйіршіктелген шай алып келген.
Ашып қарау барысында құрамынан белгісіз қою жасыл түстес өзіне тән иісі бар түйіршіктер табылды. Оқиға орнына Тараз қалалық Полиция басқармасы полиция бөлімінің тергеу-жедел тобы шақырылды. Сот химиялық талдамасына сәйкес тәркіленген зат сегіз грамм "қарасора" есірткі тектес өсімдігі екендігі анықталған. Қазіргі таңда күдікті уақытша тергеу изоляторына тоғытылды.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 2-тармағы бойынша қылмыс негізінде сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Досына көмектесу үшін заңды айналып өтпек болған ер адам бұған дейін ҚР Қылмыстық кодексінің 259-бап 3-тармағы “Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оған басшылық жасау сол сияқты оған қатысу” бойынша істі болған. 12 жыл бас бостандығынан айырылып, аталған ЖД-158/7 мекемесінде жазасын өтеп 2018 жылы ғана босатылған.