• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Футбол 28 Шілде, 2020

Ешбір қарсыластан қаймықпаймыз – дейді Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Михал БИЛЕК

350 рет
көрсетілді

Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Михал Билек федерацияның ресми сайтына сұхбат беріп, ел чемпионаты мен ұлттық құраманың ойындары туралы көзқарасын ортаға салды.

– Өкінішке қарай, пандемия өмірі­міз­дегі барлық салаға араласып, біз оның ықпалында қалуға мәжбүрміз. Оның ішінде футбол да зардап шекті. Мау­сымдық жарыстарға кері әсерін тигізді. Суперкубок пен ұлттық бірін­ші­ліктің үш турының ойындары жарыстың аз ғана бөлігі. Барлық команда оқу-жаттығу жиынының орнын толтырып, қайтадан бой үйретуі керек.

Жарысқа қатысушылар үшін бас­ты мәселенің бірі – жарыстың қашан қайта жалғасатынының белгісіз болуы. Командалардың барлығы дайын­дықтарын жүргізіп жатыр. Турнир бол­маған соң футболдан мән кетеді. Сол себепті осы кезең физикалық және пси­холо­гиялық тұрғыдан ауыр. Алайда ойын­шылар мен бапкерлер үміт жібін үзген емес.

Пандемияға қатысты елдегі жағдай тұрақталып, карантин аяқталып, індет жұқтырғандар жазылып шығады деп үміттенеміз. Әр азаматтың денсаулығы жақсарғаннан кейін оң өзгерістер болады. Жеңіл ойланбай, санитарлық-эпидемиялық ережелер мен хаттамаларды қатаң сақтау қажет екенін қолдаймын. Дәрігерлердің кеңестеріне мұқият құлақ асқан жөн.

Пандемия салдары халықаралық күнтізбеге де әсер етті. Мәселен, УЕФА Еуропа чемпионатын шегерді. Еу­ро­кубок пен құрлықтық іріктеу турнир­лерінің мерзімдері жылжыды. Бас бап­кердің айтуынша, Қазақстан құра­масының жоспарланған екі жолдастық ойынының өтпей қалуы құраманың кейінгі оқу-жаттығу процесіне кері әсер етеді.

– Жоспар бойынша күз айларында УЕФА Ұлттар лигасының іріктеу ойындарына қатысамыз. Сонымен қатар УЕФА-ның бекітілген кестесі бойынша Черногория құрамасымен жолдастық ойын өткіземіз. Жарыс күнтізбесі өте тығыз. Қазақстандық командалар үшін басты мәселелердің бірі – ұзақ жол, уақыт айырмашылығы және жергілікті кли­матқа бой үйрету. Дегенмен қиын­дық­тарды артқа тастай аламыз. Жаз мез­гіліне жоспарланған екі бірдей жол­дас­тық кездесудің өтпей қалғаны ұлт­тық құрамаға кері әсерін тигізді. Өйт­кені осы матчтар арқылы ұлттық құра­маға үміткер ойыншылардың қазіргі жағ­дай­ларын бағалау мүмкін болатын еді.

Десе де Михал Билек Ұлттық құра­маның жаттықтырушылар штабы Ұлттар лигасындағы қарсыластардың әлеуетін толық зерттеп үлгергенін айтады.

– Қарсыластарымыздың қарымын толық зерттеп болдық деп те отыра беруге болмайды. Күн сайын жаңа ақпараттарды іздеу жұмыстарын әрі қарай жалғастырамыз. Черногория құрамасы туралы да ақпараттар бар. Ең бастысы, Қазақстан чемпионатын қайта жалғастыру арқылы жағдайды жақсартуға тырысамыз. Халықаралық кездесулер алдында ойын тәжірибесінің маңызы зор. Жарыс жалғасып, ойыншылар бабына енгеннен кейін алға қойылған міндеттер туралы сөз қозғауға болады. Қазіргі уақытта болжам жасап, қорытынды шығару қисынға келмейді, – деп қорытындылады сұхбатын Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Михал Билек.