• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Шілде, 2020

Таразда үйі өртеніп кеткен отбасы баспаналы болды

302 рет
көрсетілді

Биылғы жылғы маусым айының алғашқы күнінде Тараз қаласының Мичурин көшесінде орналасқан үйден өрт шығып, тілсіз жаудың салдарынан бір отбасы далада қалған болатын, -  деп хабарлайды Egemen.kz.

Кәмелет жасына толмаған үш баласымен баспанасыз қалған Мария Кириакидидің жағдайы әлеуметтік желілер арқылы тарап, көпшіліктің пікірін тудырған болатын. Жуырда аталған отбасына Жамбыл облысы әкімдігінің араласуымен жаңа баспана берілді.

Аталған оқиғаға қатысты шұғыл әрекет еткен облыстық әкімдік әуелі Кириакидилер отбасына жатақхана ұсынған. Алайда, үш баласымен далада қалған ана бұл ұсыныстан бас тартқан. Нәтижесінде облыстық және қалалық әкімдіктің атсалысуымен жанашыр кәсіпкер бұл отбасына жаңа баспана алып берді. Қазіргі кезде Мария Кириакиди балаларымен бірге шаһар орталығына жақын маңда орналасқан жаңа қонысқа көшіп барды. Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев Кириакидилер отбасына арнайы келіп, оларды жаңа қонысымен құттықтады. Сондай-ақ, ол бұл мәселе облыс басшылығының жеке бақылауында болғанын айта келіп, облыстық әкімдік атынан тұрмысқа қажетті дүниелерді сыйлық ретінде табыстады. Бүгінде құны 9,2 миллион теңге болатын төрт бөлмелі үйдің ауласында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Ал, Мария Кириакиди өрт кезінде барлық құжаттарының жанып кеткенін, қазір оларды қалпына келтіру үстінде екенін жеткізді. Сонымен қатар, ол жергілікті әкімдік пен кәсіпкер азаматтарға алғысын білдірді. "Құжат дайын бола салысымен, өрт шыққан үйдің телімін бізге баспана алып берген кәсіпкердің атына жаздырып, мына жаңа үйімді өзіме рәсімдеймін. Облыстық әкімдік осы мәселенің оңтайлы шешіліп, біздің далада қалмауымызға көп ықпал етті. Сондай-ақ, еріктілердің де ерекше ықыласпен көмек қолынсозғанын айтқым келеді", дейді ол. Бұдан бөлек, Мария Кириакидиге Тараз қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы 277 мың теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы төленді.

 

Жамбыл облысы