Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мұнай-газ кеңесінің отырысын өткізді, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Кездесуде мұнай-газ саласын одан әрі дамытудың, оны жаңғырту мен әртараптандырудың өзекті мәселелері қаралды.
Нұрсұлтан Назарбаев еншілес компаниялар арасында функциялардың қайталануын жойып, корпоративтік басқарудың халықаралық стандарттарына сәйкестендіру мақсатында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың ұйымдастырушылық құрылымын жетілдіру қажеттігін атап өтті.
Мемлекет басшысы мұнай өнімдерінің ішкі нарығын ретке келтіруге және мұнай өңдеу саласын дамытудың нақты перспективасын анықтаудың маңыздылығына назар аударды.
Сондай-ақ, кездесу барысында Солтүстік Каспий жобасын одан әрі іске асыру жайы және «Теңізшевройл» ЖШС қызметімен бірге мұнай-газ секторының өзге де өзекті мәселелері қаралды.
Отырыс қорытындысында Мемлекет басшысы қаралған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді.