• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Шілде, 2020

Қазақстанда тұрғын үй құрылысы қалай дамуда?

1050 рет
көрсетілді

Кез келген мемлекетте тұрғын үй мәселесі негізгі мәселелердің бірі болып саналады, себебі, азаматтарының әлеуметтік игілігі олардың тұрғын үймен қамтылуына тікелей байланысты. Қазақстан тұрғын үй саласын дамытудың бірыңғай моделін әзірлеуде, оның негізгі қағидаты әсіресе, әлеуметтік әлжуаз топтағы тұрғындар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру болмақ. Осы мақсатта елімізде тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыруға ықпал ететін жаңа тұрғын үй бағдарламалары енгізілуде. Бұл туралы Премьер-Министрдің Баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.

"Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасылық табыстың түрлі деңгейіне сай келетін бірыңғай тұрғын үй саясатын әзірлеуді тапсырды. Үш жыл ішінде кезекте тұрған аз қамтылған көп балалы отбасыларға тұрғын үй беру мәселесін шешу қажет, ал тұрғын үй сатып алу үшін табысы жоқ азаматтарға әлеуметтік жалға беру жағдайында тұруға мүмкіндік беру қажет.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, ағымдағы жылдың 1 шілдесіне қаржыландырудың барлық көздері бойынша Қазақстанда тұрғын үй құрылысына 769,8 млрд теңге инвестиция салынды, бұл 2019 жылдың ұқсас кезеңінен 26,3%-ға артық. Жалпы көлемі 6 113,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңіне 107,3% құрайды. Республика бойынша барлығы 52 282 бірлік тұрғын үй пайдалануға берілді, оның ішінде 18 996-сы – жеке тұрғын үй. 

Тұрғын үй кезегі жыл сайын 50 мың адамға ұлғаюда, ал әлеуметтік тұрғын үй жыл сайын 20 мың отбасына пайдалануға беріледі. Осыған байланысты, "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша азаматтарды олардың мүмкіндіктері мен мәртебесіне қарай тұрғын үймен қамтамасыз етудің градациялық жүйесін енгізу көзделіп отыр. Мысалы, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй табысы жоқ немесе отбасы мүшесіне шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар (29,7 мың теңге) кезекте тұрғандарға берілетін болады.

"Бақытты отбасы" бағдарламасы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2 еселік шамасынан (59,4 мың теңге) аспайтын табысы бар кезекте тұрғандарға қолжетімді болады.

ЖАО-ның кредиттік тұрғын үйі отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еседен 3,1 еселік шамасына дейін (92 мың теңге) болатын кезекте тұрғандарға сатылатын болады.

Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен асатын табысы бар азаматтар "ҚИК" ИҰ" АҚ-нан "7-20-25", "Баспана Хит", "Орда", "ҚТҚЖБ" АҚ-нан "Өз үйім" бағдарламаларының құралдарын пайдалана алады.

Бұл тәсілдер мемлекеттік қолдаудың атаулылығын қамтамасыз етеді және тұрғын үй құрылысын жоспарлаудың тиімділігін арттырады.

"Халықтың табысы айқындаушы фактор болады. Отбасының бір мүшесіне шаққандағы табысы бір ЕТКД (ең төменгі күнкөріс деңгейі) аз отбасылар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй ұсынылатын болады. Табысы 2 ЕТКД дейінгі тұрғын үйі жоқ отбасылар "Бақытты отбасы" бағдарламасының қатысушылары бола алады (көп балалы және толық емес отбасылар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар). "5-20-25" бағдарламасы бойынша және "5-10-20" пилоттық жобасы шеңберінде отбасының бір мүшесіне табысы 3,1 ЕТКД дейін кезекте тұрғандар әкімдіктерден кредиттік тұрғын үй алуға үміткер бола алады. Табысы 3,1 ең төмен күнкөріс деңгейіндегі азаматтар үшін "7-20-25" бағдарламасы қолжетімді", — делінген хабарламада.

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша тұрғын үй саясатын одан әрі дамытуды Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің базасында құрылатын толыққанды "Отбасы банк" даму және қолдау институты арқылы іске асыру жоспарлануда, онда әрбір жұмыс істейтін азамат үшін тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі үшін еңбекақы қорынан міндетті тұрғын үй аударымдары енгізілетін болады.